Шымкент қалалық сотының апеляциялық алқасы бір топ адамның қатысуымен болған қылмысты тергеп жатыр. Атап айтқанда, қызды ұрып-соғып, зорлағандардың бірі 28 жастағы ер адамға қатысты сот отырысы басталды. Бұдан бұрын осы іске қатысты төрт адам сотталған болатын.
Оқиға 2018 жылы 19 наурызда түнде болған. Бір топ жас Қайнар Бұлақ ауылында саяжайда туған күн тойлаған.
Туған күн кешінде бойжеткен жігіттермен ұрысып, кетіп қалған. Кейін қызды райынан қайтарып, ертіп келу үшін екі жігіт кеткен. Алайда олар қызды ұрып-соғып, бетонмен басын жарған.
Содан соң қансыраған қызды олар бос тұрған үйге апарып, оны сол жерде зорлаған.
Кейін оған бензин құйып, өртеген. Алайда өрт тұтанып барып, жанбай қойған. Сол кезде қатыгездер оны пышақтап, көміп тастаған. Сол сәтте қыз әлі тірі болатын.
Тергеу барысында белгілі болғандай, жастары үлкен әлгі екеуі сол жерге 17-18 жастағы үш жігітті шақырып алып, қызды оларға да зорлатып, бірге көмдірген.
2018 жылдың соңында Шымкенттің қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ер адамдардың бірін 15 жылға соттады. Ол жазасын қатаң режимде өтеп жатыр. Жастары кіші үш жігіт те бас бостандығынан айырылды.
Басты күдікті тергеу органдарынан жасырынып, ұстатпай жүрді.
2019 жылғы қарашада ол ұсталды.
Ер адам аса қатігездікпен жасалған қылмысы үшін 16 жылға сотталды. Қорғау тарапы үкіммен келіспей, сотқа шағым түсірді.
"Екінші инстанциядағы соттың келесі отырысы 30 желтоқсанда өтеді", - деп хабарлады Шымкент қалалық соты.