Атырау облысында 29 адам сушиден уланған, оның 21-і ауруханада жатыр
Атырау облысында 29 адам сушиден уланған, оның 21-і ауруханада жатыр
221
оқылды
Атырау облысында 29 адам сушиден уланған, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін, 28 желтоқсанда Жылыой аудандық орталық ауруханасында тамақтан улану диагнозымен түскен 21 тұрғын ем алып жатыр.
«Жылыой аудандық орталық ауруханасының қабылдау бөліміне 27-28 желтоқсанда тағам токсикоинфекциясы диагнозымен 29 науқас келіп қаралды. Оның ішінде 4 науқас стационарға жатудан бас тартты. Үйіне амбулаторлы ем алуға 4 науқас жіберілді. Қазір 21 науқас стационарға жатқызылды. Уланған науқастардың бәрі 24 желтоқсанда «Три самурая» дәмханасынан алған сушиді жеген. Ауруханада жатқан науқастар жұқпалы аурулар бөліміне ауыстырылып, тиісті ем-дом шараларын қабылдауда. Науқастардың бәрінде іш өту, жоғары температура, жүрек айнуы, құсу және жалпы әлсіздік улану белгілері байқалды. ауруханаға жатқызылған адамдардың жағдайы «орташа ауыр» деп бағаланады», - дейді Жылыой аудандық орталық ауруханасының директоры Нұрбек Үкібаев.
Қазір осы фактіге қатысты құқық қорғау органдары мен санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары тексеру жүргізіп жатыр. Бұған дейін Атырау облысында сушиден уланған 16 адам ауруханаға түскен болатын.