Қазақстанда қанша босқын бар?
Қазақстанда  қанша босқын бар?
357
оқылды

Ішкі істер органдарының дерегіне сүйенсек, биылғы желтоқсанға дейін Қазақстанға 5,6 млн адам кірген. Әлемнің 200 елінен келген шетелдіктердің 5,3 миллионнан астамы елден шығып үлгерген. Бүгінгі таңда елімізде 523 босқын өмір сүріп жатыр, олардың 509-ы –Ауғанстаннан келгендер. Бұл туралы «Қазақстандағы көші-қон: проблемалар, тенденциялар, перспективалар» атты дөңгелек үстелде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты.

Адам саудасының алдын алу және адам саудасының құрбан­дарына арнаулы әлеуметтік қыз­мет көрсету, сонымен қатар ішкі, сыртқы, этникалық және заңсыз көші-қон мәселелерін талқы­лаған жиынға Халықа­ралық кө­ші-қон ұйымының Орталық Азия бойынша үйлестірушісі, аталған ұйымның Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Түркі­менстан және Өзбекстандағы миссиясының басшысы Зейнал Гаджиев, мем­ле­кеттік органдар мен ҮЕҰ өкілдері қатысты.

Біржан Нұрымбетов Қазақ­станның көші-қон саясаты миг­ранттар құқын сақтау мен қорғау, кемсітушіліктің кез келген түріне жол бермеу, мигранттардың да, ел азаматтарының да құқығы мен заңды мүддесін қамтамасыз ету, ұлттық заңдар мен халықа­ралық міндеттемелерді сақтауға негізделетінін атап өтті.

Оның айтуынша, биыл 13 мың­ға жуық этникалық қазақ та­рихи Отанына оралды. Олар­дың 46 пайызы – Өзбекстаннан, 34 пайызы – Қытайдан, 7 пайы­зы – Моңғолиядан, ал келесі 7 пайызы Түркіменстаннан қо­ныс аударды.

Бүгінгі таңда еліміздегі 2 210 жұмыс берушіде 22 мыңға жуық шетел азаматы шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы бойынша еңбек етіп жүр. Ал жыл басынан бері еліміздегі 76,2 мың шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тар­тылып, оның 9 мыңы респуб­ли­кадан тыс жерлерге шығарылған. Заңсыз көші-қонды ұйымдас­тыру фактілері бойынша 43 және елден шығарып жіберу туралы шешімдерді орындамағаны үшін 110 қылмыстық іс қозғалған. Бұл деректер халықаралық көші-қон мәселесінде әлі де шешімін күткен мәселенің бар екенін көрсетеді.

«Қазақстан – транзиттік ел, кейінгі кезде көшіп-қону­шы­лардың шығу елі болғандықтан, бақылаусыз жаһандық көші-қон мәселесі алаңдатып отыр. Рет­телмейтін көші-қонның көлемі мен құрамын бағалау оңай емес, сондықтан халықаралық және өңірлік деңгейде деректерді жинау жүйесі мен бірыңғай тә­сілдерді қалыптастыру бүгінгі күннің басты мәселесі», – деді министр өз сөзінде. Ол Қазақстан бұл ретте өз тарапынан тиісті қадамдар жасап жатқанын атап өтті. Мәселен, Көші-қон жөнін­дегі халықаралық ұйыммен және БҰҰ Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комис­сарының бас­қармасымен бір­лесіп 2011 жылы «Алматы про­цесі» атты өңірлік диалогты бастады. Былтыр желтоқсанда Марракеште өткен «Босқын­дар мәртебесі туралы» кон­венция бойынша міндет­темелер аясында Қазақстан қауіпсіз тәртіптегі және тұрақты көші-қон жөніндегі жаһандық ке­лісімге қосылды. Сонымен қа­тар «Көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша ҚР-ның кейбір заңнамалық акті­леріне өзгерістер мен толықты­рулар енгізу туралы» заң жобасын Парламент Мәжілісіне кіргізді. Бұл құжатта еңбек иммиг­рант­тарын тарту механизімін же­тіл­діру, әкімшілік жауапкершілікке тартылған мигранттардың мәсе­лесін шешу, ұлттық заңнамаға халықаралық реадмиссия стан­дарттарын енгізу шаралары қарастырылған.


Айдана БЕГІМ