Жазушылар одағының ең жас мүшелері
Жазушылар одағының ең жас мүшелері
799
оқылды

Аталған азаматтарға одақ куәлігін  Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ақын Ұлықбек Есдәулет тапсырып, әріптестеріміз еліміз бойынша ең жас одақ мүшелері саналатындығын айтты.

Шерхан  Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығында өткен басқосуда ең алдымен Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев сөз алып, өңірдің биылғы жеткен жетістіктеріне тоқталып өтті.   ақын, Жамбыл, Жазушылар одағы – Биыл ауқымды жобалар жүзеге асты. Әлемдік пандемияға қарамастан, аймақ жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр.  Мемлекет басшысы мен  Үкіметтің қолдауының арқасында  көптеген ауылды ауызсумен қамтып, көгілдір отын кіргізіп,  әлеуметтік нысандар мен  жолдарды жөндедік. Жамбылдықтарға әлеуметтік көмекке шамамен 45 миллиард теңге бөлінді. Әрине,  шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Алайда сауалнамалар жүргізу арқылы біз бұл түйткілдердің түйінін кезең-кезеңімен тарқатудамыз, – деді облыс әкімі. Аймақ басшысы  әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді жақсартуға ғана емес, мәдени саланы дамытуға да назар аударды.   ақын, Жамбыл, Жазушылар одағы – Өтіп бара жатқан жыл мерейтойлық шараларға толы болды. Алтын Орданың 750, әл-Фарабидің 1150, Абайдың 175, Бауыржан Момышұлының 110, Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығын бүкіл ел лайықты атап өтті. Алайда әлемдік пандемияға байланысты аталған мерекелерді кең көлемде тойлай алмадық. Десе де  келер жылы да маңызды оқиғалар аз емес. Ең маңыздысы, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, – деді  Бердібек Машбекұлы. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ақын Ұлықбек Есдәулет  Жамбыл жері қай кезде де таланттарға бай өлке  болғанын  баса айтты.

– Әулиеата топырағынан туған талантты ақын-жазушылар көп. Олардың арасында айтулы жазушы және журналист Шерхан Мұртазаны, қазақ әдебиетінің қазіргі заманғы классигі Несіпбек Дәутайұлын, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күләш Ахметованы айрықша атауға болады. Сондай-ақ  Қазақстан Жазушылар одағы қазіргі жас таланттарды танытуға ниетті, - деген Ұлықбек Есдәулет жас ақын, журналистерге  одақ куәлігін табыс етті.

Мұндай құрметке облыстық Aq jol газетінің бөлім меңгерушісі, ақын  Табиғат Абаилдаев, ақын  Данияр Әлімқұл және облыстық ARAI газетінің бөлім меңгерушісі, ақын  Нұржан Қадірәлі бөленді. Айта кетейік, аталған азаматтардың арасындағы  әріптесіміз Нұржан Қадірәлі небәрі 28 жасында Жазушылар одағына өтіп отыр. Жас ақынның «Жүрек өрті» атты жинағы да Жаңа жыл қарсаңында жырсүйер қауымға жол тартты. Міне, осылайша жастайынан талантымен танылған жамбылдық жастар Жазушылар одағына мүше болып, талайды таңқалдыруда. Әріптестеріміздің алдағы уақытта да өнерлері шарықтап, шығармашылық ортада өздерінің айқын орнын таба білсін деп тілейміз! Айтпақшы, бұл күні  жазушы-драматург Елен Әлімжанға, ақындар Қайырбек Асанов пен Шырын Мамасеріковаға 75 жылдық мерейтойларына орай Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының құттықтау хаттары табысталды. Сондай-ақ  «Әдеби өлке» жобасы аясында «Хандықтықтың туын тіккен киелі өлке» кітабының тұсаукесері өтті.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы