Қатты тұрмыстық қалдықтардың көп жиналуына байланысты билік биылғы 1 қаңтардан бастап пластмасса, макулатура, картон және қағаз қалдықтары мен шыны қалдықтарын полигонға көмуге тыйым салды.
Осы мақсатта Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жанындағы қоғамдық кеңес өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері (ӨКМ) операторы қызметінің стратегиялық даму бағытын бекітті.
– Құжаттың басты мақсаты – қалдықтарды кешенді басқару жүйесін дамыту, қалдықтардың қоршаған ортаға тигізетін әсерін азайту, сондай-ақ қалдықтардан қайталама шикізат алу және оны энергия көзі ретінде пайдалану болып табылады. Жекелеген өңірлерде тұрмыстық қатты қалдықтарды бөлек тастау жүйесін енгізу, сұрыптау желісін қосу, қалдықтан энергия өндіретін зауыт құрылысына инвесторлар тарту да қарастырылған. Нәтижесінде, қоқыс полигондарынан парниктік газдардың шығуын азайтып, елімізде көмілетін ҚТҚ көлемін 90 процентке дейін қысқартуға мүмкіндік береді, – деді ӨКМ операторының басшысы Медет Құмарғалиев баспасөз мәслихатында.
Көмілетін қалдық көлемін қысқарту, қайта өңдеуді ұлғайту және тұтынушы ыдысына депозиттік жүйе енгізу оператор стратегиясында ұсынылып отыр. Яғни, бос ыдысты қайта тапсырған тұтынушы ынталандырылады. Сол арқылы тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу үлесі артады.
– Нұр-Сұлтан қаласында мектептер арасында жарыс ұйымдастырдық. №66 мектеп жеңіске жеткен бұл сайыста біз оқушыларды тазалыққа баулуды басты бағыт етіп алдық. Нәтижесі жаман болмады. Әр бала өз үйіндегі тұрмыстық қалдықты әкеліп өткізді. Қағаз бен пластикті бөлек жинаудан түскен қаржыға ауруханада ем алып жатқан балаларға ойыншықтар мен тәттілер алдық, – дейді М.Құмарғалиев.
Сонымен бірге ескі көліктерді тапсыру бағдарламасын ынталандыру, электр қуаттау бекетінің инфрақұрылымын дамыту, ӨКМ тарапынан өнім қалдықтарын жинауға және қайта өңдеуге жұмсалатын өтемақыны беруге, экологиялық таза көліктерді шығару өндірісін ынталандыруға қолдау көрсетілетіні белгіленген.
– Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері енгізілмей тұрғанда қайта өндеу деңгейі 2,7 процент болса, ӨКМ енгізілгеннен кейін оның көлемі 13,2 процентті құрады. Оператордың үш жарым жылда атқарған нәтижелі қызметінің бірі – көлік құралдарын қайта өңдеу саласын жаңадан құруы. 2017 жылы Қарағанды облысында Орталық Азияда теңдесі жоқ жоғары технологиялы зауыт салынды. Осы арқылы істен шыққан көлік құралдарын 90 пайызға дейін кәдеге жаратуға жол ашылды. Құнын төлеу және жеңілдік сертификаты арқылы 121 477 көлік қабылданып, оның 102 мыңы зауытта қайта өңделді, – дейді ол.
Айта кетсек, ескі көліктерді жоюға қабылдау бағдарламасы бойынша аймақтардан жиналған автокөліктер Қарағанды облысындағы зауытқа жеткізіледі. Істен шыққан көлік құралдары сол жерде қайта өңделеді.
Жалпы, жыл сайын елімізде 4,3 миллион тонна тұрмыстық қалдық шығады. Соның 600 мың тоннаға жуығы – тұтыну ыдыстары. Оның тек 12,5 проценттен астамы ғана қайта өңдеуден өтеді екен.
2017-2019 жылдары оператордың қолдауымен 120 364 тонна қаптама қалдығы, 15 060 тонна полимер, 279 тонна металл ыдыс, 28 406 тонна шыны, 76 619 тонна қағаз және картон қаптама қалдығы қайта өнделген.
Еліміздің он аймағында және Нұр-Сұлтан қаласында қалдықты бөліп тастауға арналған 12 196 контейнер қойылған. Қазақстанның сегіз өңірінде 147 қабылдау пункті ашылып, 28 арнайы техника сатып алынған болатын. 11 аймаққа сынапты шамдар мен батареяларға арналған 2 321 контейнер қойылған. Нәтижесінде, 2000 жаңа жұмыс орны ашылғанын атап өткен жөн.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ