«Егер жумасаңдар, жұмыстан қуыласыңдар». Кардиологиялық орталықтың қоймасындағы шу неден шықты?

«Егер жумасаңдар, жұмыстан қуыласыңдар». Кардиологиялық орталықтың қоймасындағы шу неден шықты?

24.kz-тің хабарлауынша, Павлодардың кардиологиялық орталығын республикалық комиссия тексеріп жатыр.

Себебі  емдеу мекемесінде бір реттік пайдаланатын медициналық құрал-саймандар қоймасы табылған. Комиссия мүшелері науқастардың жүрегіне операция жасау кезінде зарарсыздандырылған бұйымдар қолданылғанын алға тартады. Талап бойынша олар жойылуы тиіс. Тексеру нәтижесін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес басқармасы да зерттеп жатыр. 

Телеарнаның мәліметінше, 11 қарашада анықталған жасырын қойма жайлы мекеме басшылығы нақты жауап айта алмаған. Кардиорталықтың аға медбикесі бұл  медициналық құрал-саймандардың  операция жасауға бірнеше  мәрте  қолданылатынын айтқан. Қоймадан  жалпы құны 106 миллион теңгенің түрлі медициналық заттары табылған.

Эпидемиолог Томирис Тұяқбаева: «Кардиорталықтың қызметкерлері мұның қандай нысан екенін білмейді. Үш  жыл бойы есігі ашылмаған. Бірақ біз медициналық мақсаттағы аспаптардың зарарсыздандырылғанын анықтадық. Соңғы күн ретінде 2019 жылдың қазан айы  қойылыпты», – дейді.

Кардиологиялық орталықты тексеруге сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметіне жолданған бұрынғы қызметкердің хаты себепкер болып отыр. Ол өз сөзін айғақтайтын видеоны қоса жолдапты. Видеода бұрын қолданылған катетер, инелер мен операцияға қажетті бұйымдардың жуылып жатқанын көруге болады. Бұрынғы қызметкердің айтуынша, басшылықтың тапсырмасын орындауға әу бастан қарсы болған.

Облыстық кардиологиялық орталықтың бұрынғы қызметкері: «Басшылық мәжбүрлеп отырды. Егер жумасаңдар, жұмыстан қуыласыңдар деп қысқа қайыратын. Әрине, бізге жұмыс қымбат. Сондықтан көнуге тура келді. Қазір орталықтағылар оны білген жоқ деген әңгімелер айтылып жатыр. Мен жұмыс істеген бөлімшеде  ғана емес, басқа да бөлімшелерде осындай шаруалар атқарылды. Бірақ бейнетаспаға мен ғана түсірдім», – дейді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ардақ Күзековтің айтуынша, бір реттік медициналық құрал-саймандарды қайтадан қолдану 2018 жылдың мамыр айынан 2019 жылдың қаңтар айына дейін жалғасқан. Осы кезеңде орталықта гепатиттің В, С  және А түріне шалдыққан 128 науқас емделген екен.

Ал өңірге арнайы келген денсаулық сақтау вице-министрі  Ләззат Ақтаева заңсыздықтарды шұғыл түрде жоюды тапсырған.