«Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек саяси партиялардың сайлау алдындағы телевизиялық пікірсайысы кезінде бірінші болып сөз алып, партияның сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Пікірсайыс "Хабар" телеарнасында тікелей эфирде өтті.
Оған «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясының төрағасы Әли Бектаев, Қазақстан Халық партиясының төрағасы Айқын Қоңыров, «AQ JOL» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев, «ADAL» партиясының саяси кеңес мүшесі Эльдар Жұмағазиев қатысты. Дебат үш раундқа бөлініп өткізілді. Алғашқы раундта партия басшылары Қазақстанның экономикалық даму жоспарымен бөлісті. Ол үшін спикерлерге бір жарым минуттан уақыт берілді. Сондай-ақ осы раундта партия басшылары бір-біріне сұрақ қойып, жауап алды. Әр партия басшысына 2 сұрақ қою мүмкіндігі берілді. Партия басшылары бір-біріне жер, экономикалық бағдар, әлеуметтік, аргоөнеркәсіптік, азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері төңірегінде өткір сұрақтарды қойды.
Бауыржан Байбектің айтуынша, "Nur Otan" партиясы алдағы 5 жылға әрбір өңір, қала және аудан бойынша өзінің 216 сайлауалды бағдарламасының жобаларын жариялады. Онда халықтың әл-ауқатын көтеру, білім беру сапасын арттыру, денсаулық сақтау саласындағы қызметтерді жетілдіру, жаңа жұмыс орындарын құру секілді әлеуметтік-экономикалық мәселелер қозғалған. Партия әрдайым халық жағдайын жасайды.
"Басқа партияларға қарағанда "Nur Otan" партиясы нақты істер партиясы. Құр уәде беріп, жауапкершіліктен қашпайды. Әр қала, әр аудан, әр облысқа арналған нақты даму бағдарламасын ұсынады. 5 жыл ішінде партияға келіп түскен 1 миллион 200 мың арыз-шағымда көрсетілген проблемалардың 92% шешілді. Басқа партиялар құрамын жаңарту туралы айтып отырғанда, біз 80% жаңардық. Жастар, әйелдер билікке келді. "Nur Otan" партиясы пандемия кезінде де халықпен "Біз біргеміз" акциясы аясында бірге болды. Қиын кезеңде халыққа қолдау білдірді. "Nur Otan" партиясына дауыс беріңіздер", - деді Бауыржан Байбек.