Түркістанның іргесінде жаңа Сауран ауданы құрылады
Түркістанның іргесінде жаңа Сауран ауданы құрылады
679
оқылды
Түркістандықтар жаңа жылды тағы бір тарихи жаңалықпен аяқтап жатыр. Атап айтсақ, күз айында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің Жарлығымен облыс орталығы еткен Түркістанда жаңа халықаралық әуежайдың лентасын қиып, жұртты қуанышқа кенелткен болатын. Енді міне араға көп салмай жергілікті жұрттың көкейіндегісін дөп басқан облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің ұсынысын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қолдап, жаңа аудан құрылғалы жатыр. Тарқатып айтсақ, Түркістан қаласының іргесінде жаңа Сауран ауданы құрылатын болды. Қазақстан картасында жаңа аймақ пайда болады. Кентау қаласы мен оның ауылдық округінің тұрғындары Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің «Сауран» ауданын құру туралы ұсынысын қуанышпен қолдады. Аймақ басшысының Кентау қаласына қарасты 12 ауылдық округі аумағынан жаңа аудан құру жөніндегі ұсынысы ҚР Президенті тарапынан қолдау тапты. Бұл тарихи жаңалықты ел құлағына жеткізу үшін облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Кентау қаласына арнайы келіп, тұрғындармен жүздесті.  width=
«Бүгін біз өздеріңізбен үлкен тарихи оқиғаның куәгері болып отырмыз. Кентау қаласындағы елдімекендердің дамуына қанша көңіл бөлгенімен, ары қарай дамыту бағыттары мені көптен бері толғандырып жүрген мәселелердің бірі болатын. Бұлай дейтін себебім, Кентау қаласы шекарасының кеңеюі, тұрғындар санының екі есеге артуы, 12 ауылдық округтің Кентау қаласында орналасуы қала деңгейін аудандық деңгейге көшкенін көрсетіп отыр. Бұл өз кезегінде тұрғындар үшін көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасының төмендеуі, елдімекендердегі инфрақұрылым жүйелерімен аз қамтылуы, қала орталығының ауылдық елдімекендерден шалғайда орналасуы, сондай-ақ, Кентау қаласы өз тарихында полиметалл рудасын өндіретін өнеркәсіптік қала ретінде дамығандығын ескерсек, Кентаудың аудандық орталыққа айналуы іс жүзінде қала дамуының баяулауына және ауылға жеткіліксіз көңіл бөлінуіне әкелуі мүмкін. Жоғарыда айтылған мәселелерді ой елегінен өткізіп, саралай келе, қазіргі қалыптасқан ахуалды назарға ала отырып, мен жаңа ауданды құру жөнінде Мемлекет басшысына ұсыныс жасадым. Менің ұсынысым Мемлекет басшысы тарапынан қолдау тапты. Осы ұсыныстың негізінде жаңадан құрылатын ауданға «Сауран» атауын беріп, орталығы етіп «Шорнақ» елдімекенін бекітуді орынды деп санаймын», – деді облыс әкімі.
Жаңа құрылатын ауданға «Сауран» аты беріледі. Өйткені ортағасырлық тарихи Сауран қаласы Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан және ежелгі Түркістан ұғымымен байланысты. Шорнақ елді мекені жаңа ауданның әкімшілік орталығы болып қалыптаспақ. Айтулы жаңалықты естіген жергілікті халықтың қуанышында шек жоқ. Маңызды бастаманы зиялы қауым мен ардагерлер бірауыздан қолдады.  width=
«Барлығымыздың көкейімізде жүрген маңызды мәселені көтеріп, оны шешуге ұйытқы болғаныңыз үшін сізге алғысымызды білдіреміз. Біз үшін бұл жүрекжарды жаңалық, оны жоғары жаққа жеткізіпсіз. Жаңа құрылатын ауданның өркендеп, дамуын ел болып қолдап, үлес қосуға дайынбыз», – деді Шорнақ ауылының ардагерлері.
Жаңа Сауран ауданын құру туралы бастамаға қуанышын жеткізген Кентау қаласына қарасты Бабайқорған ауыл округінің Абай ауылының тұрғыны батагөй ақсақал, 86 жастағы Әбдібек Абылайұлы былай дейді:
«Түркістанды түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы атануына ықпал еткен және қасиетті қаланы Арнайы Жарлығымен облыс орталығы етіп бекіткен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа, Тұңғыш Президентіміздің ісін жалғастырып, Түркістанның дамуына күш салып жатқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа және халықтың көкейіндегісін дөп басқан облыс әкімі Өмірзақ Шөкевке ризашылығымды білдіремін. Мен көптеген жылдар өмірімді Түркістанның өркендеуіне арнап, бүгінде еңбегімнің зейнетін көріп, кенеремнен 80-нен астам ұрпақ өрбітіп, солардың рахатын көріп отырған бақытты адам ретінде айтарым, Сауран ауданын құру ұсынысы өте құптарлық қадам. Шорнақ ауданға лайық мекен. Бұл мекен ауылшаруашылық саласына ыңғайлы және үлкен халықаралық күре жолдың бойында орналасқандықтан келешегі тамаша болады. Оған қарасты елді-мекендердің халқы үшін де тиімді болмақ. Жалпы жаңа ауданның атауын «Сауран» деп дұрыс таңдап отыр. Өйткені іргесінде жатқан ескі Сауран қалашығы нағыз туризмнің көрігін қыздыратын тарихи жер. Оның керемет мүмкіндігі жаңа ауданға көп пайда келтіреді. Шорнақ өткен ғасырдың басқы кезінде, яғни 1939 жылы құрылған Фрунзе ауданының орталығы болған еді. Артынан 1956 жылы Түркістан ауданына қосылған еді. Мен сол Шонақта 16 жасымда механизаторлар дайындайтын ел аузында «МТС» аталып кеткен училишені бітіріп, Абай колхозындағы алғашқы трактор жүргізушісі болғандардың бірі болдым. Ал Кентау қаласы Түркістан қаласымен қатар дамып, өзінің өндірістік әлеуетін одан жалғастырып өркендей беретін қала болары сөзсіз. Сондықтан облыс әкімінің мына бастамасы Мемлекет басшысының Жолдауында атап өткеніндей «Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес келіп тұр», - деді абыз ақсақал.
Жаңа аудан құру және онда аудандық мемлекеттік органдардың, құқық қорғау және басқа құрылымдық органдардың құрылуы, мемлекеттік қызметтердің қол жетімділігін және ауылдық жерлердің дамуын қамтамасыз етеді. Сонымен бірге, Кентау қаласы өнеркәсіпті және индустриалды орталық ретінде дамуға жаңа серпіліс алмақ.  width= «Сауран» ауданы келер жылғы «Наурыз» мерекесі қарсаңында ашылады. Ал, Кентау қаласы өнеркәсіпті және индустриалды орталық ретінде дами отырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық өсуіне үлес қоспақ. Сонымен қатар, Кентау қаласына жасаған сапары барысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жаңадан пайдалануға берілген Кентау қаласындағы емханада болды. Жедел жәрдем көрсету станциясымен ауысымына 500 науқас қабылдайтын қалалық емхана соңғы үлгідегі заманауи техникалармен жабдықталған. Жобаға облыстық бюджеттен 838,8 млн. теңге қаржы қаралған. Бүгінде емханада амбулаторлық-емханалық, алғашқы-медициналық, консультациялық-диагностикалық көмек, коронавирус инфекциясы бойынша сүзгі бөлімі және жедел жәрдем қызмет етуде. Қазіргі таңда мұнда 248 дәрігер және 906 орта медициналық қызметкерлер жұмыс істейді. Емханада 32 мобильді топ құрылған.

Облыс әкімі Кентау қаласындағы сайлау учаскесінде болып, ондағы жұмыс барысымен танысты. Кентау қаласы бойынша 74 сайлау учаскесі, 506 сайлау учаскелік комиссия мүшелері бар. Оның ішінде бір сайлау учаскесі жабық учаске (қалалық орталық аурухана). Бүгінгі таңға 74 сайлау учаскесінде 107199 сайлаушы бар. Барлық сайлау учаскелері «Қолжетімді карта» базасына енгізілген.