«ZOOM» бағдарламасы арқылы ауылшаруашылығы өкілдерімен кездесу өткізген Алматы облыстық мәслихат депутаттығына үміткер Советбек Нұрсейітов Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасындағы ауылшаруашылығын өрістетуге негізделген басым бағыттарға тоқталып, жүйелі жұмыстарды сөз етті.
Бұдан бөлек, ауылдағы ағайынның тұрмыстық мәселелерін тыңдап, шешу жолдарын қарастыру партия мақсаттарының бірі екендігін, себебі ауыл қазақтың қара шаңырағы, алтын бесігі екендігін атап өтті.
«Ауыл көркейсе ел өркендейді» дегендей, қазір ауылдың өркен жайып, дамуы үшін атқарылып жатқан шаруа жетерлік. Түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы ауылдағы ағайынның көсегесі көгеріп жүр. Сондай-ақ, мал шаруашылығын, өсімдік шаруашылығын ілгерілету де партия назарынан тыс қалмайды. Мәселен, қосымша 5,7 мың гектар суармалы жерді іске қосып, 67 мың гектар суармалы жер қайта қалпына келтірілмек.
Суармалы егіншіліктің де жылдан-жылға өз қиыншылығы туындап келе жатқаны байқалуда. Осы ретте 163,1 мың гектар жерге ылғал үнемдеу технологиясын қолдану көзделсе, тамшылатып суару әдісі арқылы егін егу көлемін 13,8 мың гектарға жеткізу сайлауалды бағдарлама арқылы жүзеге аспақ.
– Nur Otan партиясы елді мекендерді әлеуметтік игіліктермен қамтамасыз етуге, жол және көлік инфрақұрылымын, тұрғын үй-коммуналдық саласын жаңғыртуға, сондай-ақ өңірдегі қолайлы экологиялық жағдайды сақтауға бағытталған «Құтты мекен», «Ауыл – ел бесігі» жобаларын іске асыруға жәрдемдеседі, – деген Советбек Нұрсейітов ауыл мен қала, аудан орталықтарын байланыстыратын жолдардың сапасы да жақсаратынын айтты. – Ауылдағы ағайынның сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілуін, балабақша мен мектептердің жаңалануын сайлауалды бағдарламасында негізгі бағыт етіп отырмыз. Сондықтан алдағы саяси науқанда әрбір қазақстандықты белсенді болуға және нақты істер партиясы – Nur Otan партиясына дауыс беруге шақырамын. Біз қандай қиындық болмасын бірге еңсереміз.
Осы секілді ауқымды істерге назар аударған Советбек Нұрсейітов жұмыссыздық жайына тоқталып, партия осындай түйткілді мәселені шешуді негізгі бағыты етіп алғанын, сайлауалды бағдарламасында көрсетілгендей, алдағы жылы 69,9 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтуды көздеп отырғанын, оның үштен бірі «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы арқылы жүзеге аспақ екендігін атап өтті.
Nur Otan партиясы облыстық филиалының баспасөз қызметі.
Nur Otan партиясы Алматы облысының
сайлау қорының қаражатынан төленді