Әлем тұрғындарын алаңдатқан пандемия салдарынан бар саланың жұмыс сарыны басқаша қалыпқа көшкен. Жұмыстың дені онлайн негізде жүруде. Сондай жұмысқа көшкен саланың бірі – білім саласы.
Бүгінде Алматы облысы елдегі пандемиялық ахуалға сәйкес қашықтан оқытуды жүйелі жүргізіп келеді. Қажетті жабдықтармен қамту жағы да жоғары деңгейде. Жалпы елімізде білім саласында атқарылып жатқан оңтайлы істер жетерлік. Осы сынды тақырыпты сөз еткен Nur Otan партиясынан Алматы облыстық мәслихат депутаттығына үміткер Бағдәулет Үстенов «ZOOM» бағдарламасы арқылы білім саласының өкілдерімен жүздесті.
– «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген тәмсілді бабамыз тегін айтпаса керек. Nur Otan партиясы білім саласында жүйелі шаруаларды жоспарлап отыр. Мәселен, партияның сайлауалды бағдарламасы алдағы бесжылдықта өңірде балабақша сұранысын 100 пайыз қамтуды көздейді. Үш ауысымдық мектеп дегенді өткеннің еншісінде қалдырып, 80 жаңа мектеп бой көтермек. Әрине, білім беру ұйымдары стандартқа сәйкес заманауи жабдықтармен қамтылып, жан-жақты білімді, елдің керегесін кең етер ұрпақты тәрбиелемек, – деді Бағдәулет Нағыметбекұлы.
Аймақта 867 балабақша, 760 мектеп, 76 колледж бен 2 жоғары оқу орны бар. Партия алдағы уақытта білім саласы нысандарының санын ұлғайтпақ. Себебі, үшауысымдық мектептерді азайту не мүлдем жою негізгі мәселе болып тұр. Осы бағытта Алматы облысында үш ауысымдық мектептерді жою үшін 80 мектеп салынбақ. Бұдан өзге партия өңірде балабақшамен қамтуды 100 пайыз шешпек. 101 білім беру нысанына қайта жаңғырту жүргізіп, пәндік кабинеттерді компьютерлік жабдықпен қамтуды 67,4 пайызға жеткізуді межелеп отыр.
Осы сынды жоспарларды баяндаған үміткер Бағдәулет Үстенов 10 қаңтар күні өтетін сайлауда Nut Otan партиясын қолдауға шақырды.