Қазақстанның профилактикалық медицина академиясының президенті, медицина профессоры Алмаз Шарман еліміздегі эпидемиологиялық жағдай 2021 жылы қандай болатынын айтты.
Оның айтуынша, Қазақстанда эпидемиологиялық жағдай 2021 жылы қаңтар-ақпанда ушығуы мүмкін.
"Қаңтар-ақпан айларында елімізде коронавирусқа байланысты жағдай ушығуы мүмкін. Күн суық болғандықтан, адамдар кеңселерде көп жиналады. Бұл жерлер дұрыс желдетілмегендіктен, көп адам осындай ортада коронавирусты жұқтырады", - деп есептейді ол.
Сонымен қатар профессор 2021 жылдың ортасы мен соңында коронавирус пандемиясы бәсеңсіп, адамдар қалыпты өмірге орала бастайтынын айтты. Бұл коронавирусқа қарсы сынақтан өткен вакциналардың шығуымен байланысты.
"Індетті жеңіп шығатын күн алыс емес. Сондықтан қыс айларында барынша маска киіп, адам көп жиналатын жерге бармай, коронавирустан сақтанайық. Өзіңізді, туған-туыстарыңызды індеттен қорғаңыз", - деп кеңес береді отандастарына Алмас Шарман.
Бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адан Гебрейесус 2021 жылы қандай сын-қатерлер күтіп тұрғанын айтқан болатын.