Жаңажылдық мереке қарсаңында қала іші шыршаға толады. Әсемделген шыршамен бірге, сырғанақ қойылып, мұз айдындары ашылады.
Осы жолы да әдеттегідей елордадағы ең үлкен қар қалашығы тұрғызылды. Мерекелік демалыста дүйім жұртты сол жерлерден көресіз. Қала тұрғындары мен қонақтарының ойын-қызығын көріп қайтуға болады. Сондықтан осы демалыс күндерін қай жерге барып, көңіл көтеріп қайтуға болатынын көрсетпекпіз.
Есіл өзенінің маңындағы орталық саябақта мұз қалашығы, карусель және мұз айдыны бар. Ол жердің қызығы, квадроцикл мен шана. Сонымен қатар шаңғы тебуге де 4 шақырымдық жол төселді. Оған отбасымен демалып қайтуға болады. Осыған орай, тамақтану пункттері де жұмыс істеп тұр.
Екіншіден, Keruen сауда орталығының маңында «Қарлы» саябақ бар. Оның ішінде балаларға арналған сырғанаққа дейін жасалған. Арасында «Аяз атаның үйіне» кіріп, жылынып алуға болады. Аниматорлардың қатысуымен бүлдіршіндерге арналған түрлі ойындарға дейін ұйымдастырылады. Балаларының көңілін тапқысы келетін ата-аналарға осы жерден қолайлысы жоқ.
Ал Мәңгілік ел В1 мекенжайы бойынша, EXPO жақта үлкен мұз айдыны ашылды. Онда бәрі ертегі әлеміндегі қыс айы әсемделген. Осындай мұз айдынның бірі – Ақбұлақ өзенінің жағалауында бар. Түрлі архитектуралық пішінмен әсемделген сырғанақта кофе ішіп, жылынып алуға болады. Бауыржан Момышұлы 5 даңғылындағы Оқушылар сарайы алдынан түрлі кескіндегі жаңажылдық мүсіндер жинақталған. Ал әкімшілік алдынан (Бейбітшлік 11) шырша ғана емес, мұз қалашығын да, сырғанақты да табуға болады.