ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен, оның ішінде Армения мен Қырғызстаннан әкелініп қойған көліктер үшін жеке мемлекеттік нөмір қолданылатын болады деп мәлімдеді, – деп хабарлайды zakon.kz тілшісі.
Брифингте Қожаев мұндай машиналардың иелеріне не істеу керектігі туралы әрекеттер алгоритмін айтты. Оның айтуынша, тіркеу үшін арнайы ХҚО-ға бірқатар құжаттар ұсыну қажет. Бұл жеке куәлік, бұрынғы мемлекеттік немесе транзиттік нөмірі, тіркеу туралы куәлік, меншік құқығын растайтын құжаттар, сондай-ақ алғашқы тіркеу үшін төлем және мемлекеттік нөмір үшін төленген ақшаның түбіртегі.
– Қойылатын талаптар қарапайым, азаматтарға бұл машиналарды заңдастыруға мүмкіндік берілді. Сондай-ақ утизизациялық төлем мен кедендік баж салығын төлеуге бір жыл мерзім беріледі. Ол автокөліктерге арнайы сериялы нөмірлер беріліп, тіркеу куәлігіне осы көлікті тіркеу шарттары туралы тиісті белгі қойылады, – деді ол.
Сонымен қатар ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары жаңа нөмірдің үлгісін көрсетті.
– Ішкі істер министрлігі үлгі ретінде сары фондағы нөмір шығарды. Бұл нөмір осы автокөліктерге беріледі. Сонымен қатар, тіркеу туралы куәлікте жарамдылық мерзімі 2021 жылдың 1 наурызына дейін деп көрсетіледі, – деп түсіндірді вице-министр.