Түркістандық прокурорлар БАҚ өкілдерімен кездесті
Түркістандық прокурорлар БАҚ өкілдерімен кездесті
288
оқылды

ҚР Прокуратура органдарының құрылған күніне орай Түркістан облыстық прокуратурасында мерекелік жиын өтті. Мерекелік шара басталмас бұрын облыс прокуроры Н.Әбдіров БАҚ өкілдерімен кездесті. Басқосудан кейін жиын мерекелік іс-шарамен жалғасын тапты.

Мерекелік іс-шараны облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров БАҚ өкілдерімен кездесуден бастап, прокуратура органдарының құрылу тарихымен және бүгінгі прокуратураның тыныс-тіршілігімен таныстырды.

Кездесу іс-шарасында Н.Әбдіров жыл көлемінде прокуратура органдарымен тығыз байланыста болып, прокуратура қызметін жарқын жағынан таныта білген БАҚ өкілдеріне марапат табыстады.

Салтанатты шараға прокуратура қызметкерлері мен ардагерлері, облыс әкімдігінің және өңірдегі заң және құқық қорғау органдарының жетекшілері, БАҚ өкілдері қатысты.

Бүгінгі прокуратураның алдында тұрған басты мақсат – Елімізде заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту, Заңдардың қатаң сақталуы мен құқық бұзу әрекеттеріне тосқауыл қою, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қамтамасыз ету болып табылады.

Журналистермен кездесу барысында облыс прокуроры Н. Әбдіров осыдан 97 жыл бұрын, 1922 жылдың 13 шілдесінде Қазақ Автономиялық Республикасы Орталық Атқару Комитетінің 2-шақырылған сессиясының қаулысымен құрылып, прокурорлық бақылау жөніндегі Ережесі бекітілгенін айта келе, қадағалаушы органның бүгінгі атқарып жатқан жұмыстарына да тоқталып өтті.

«1924 жылдың шілдесінде Облыстық прокуратура орталығы Шымкент қаласына орналасып, құрамында 6 уездік: Шымкент, Әулиеата, Қазалы, Ақмешіт, Түркістан, Ташқазақ прокуратуралары кіретін Сырдария губерниялық прокуратурасы болып құрылған. Губернияның алғашқы прокуроры болып Дос Ұстабаев тағайындалып, іс жүзінде уездік прокурорлар оның көмекшілері болып қызмет атқарған. Содан соң, Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасы болып 1932 жылдың 20 ақпанында құрылды.

Бүгінгі күні Елбасының 2018 жылдың 19 маусымдағы Жарлығына сәйкес Оңтүстік Қазақстан облысынан Шымкент қаласы бөлектеніп, облыс атауы Түркістан облысына өзгеріп, орталығы «Кіші Мекке» атанған Түркістан қаласы болып бекітілді. Орын алған тарихи сәттерге сәйкес Түркістан облысының прокуратурасы да жаңадан қалыптасты», - деді облыс прокуроры.

Кездесу барысында БАҚ өкілдері тарапынан прокуратура басшылығына сұрақтар қойылды.

«Өңірдегі қылмыстылықтың жағдайын ескере құқық қорғау органдарының жұмыстарын үйлестіру мақсатында кеңес отырыстары өткізілуде.

Өзекті мәселелерді зерделеу мен оны шешу жолдарын қарауға арналған ардагерлер мен прокуратура жанындағы Консультативтік кеңесі құрылды.

Түркістан облысы прокуратурасымен өңірдегі тұрғындардың наразылығын тудыруы мүмкін проблемалық мәселелерді шешуге бағытталған бірқатар оңды жұмыстар атқарылды.

Алдымен біз ұзақ уақыт шешімін таппаған проблемаларды айқындадық, оларды стратегиялық және ағымдағы бағыттарға бөлу арқылы 192 (стратегиялық – 78, ағымдағы – 114) өзекті мәселені айқындадық», – деді облыс прокуроры.

Облыс прокурорының мәліметінше, 450 мыңға жуық азаматтардың құқықтары қорғалды, оның ішінде 74 мыңы кәмелет жасқа толмағандар және 8 мыңы кәсіпкерлер екен.

«Прокурорлардың қадағалауымен 2 мыңнан аса жұмысшыға 45 миллион теңгеге жуық жалақы төленген. Мемлекетке құны 2 миллиард теңгеден асатын пайдаланылмый жатқан жер учаскелері қайтарылды. Оған қоса, мемлекет пайдасына 800 миллион теңгеден аса қаражат өндірілген, 40 миллионға жуық әкімшілік айыппұлдар өндірілген.

Заңды бұзған 2 мыңға жуық лауазымды қызметкерлер жауапкершілікке тартылып, оның 5-уі қылмыстық жазаға тартылды.

Қадағалаудың нәтижесінде қылмыс деңгейі 24,2 айызға төмендеді. Қарақшылық – 23,1%,тонау – 33,5%, ұрлық – 32,3%, ал алаяқтық – 13,9 пайызға азайды.

Соттар 102 азаматқа қатысты үкімді қайта қарап, нәтижесімен 55 азаматқа қатысты сот үкімдері заңға сәйкестендірілді» , - деді Нұрғалым Мәжитұлы.

Нұрғалым Мәжитұлының айтуынша, өңірдің қылмыстылықтың жағдайын ескере отырып, құқық қорғау органдарының жұмыстарын үйлестіру мақсатында тұрақты түрде кеңес отырыстары өткізілуде. Одан бөлек, өзекті мәселелерді зерделеу мен оны шешу жолдарын қарауға арналған ардагерлер мен прокуратура жанынан консультативтік кеңес құрылған.

Обл прокурор Нургалым Надиров (3).jpg