Ара өнімдерімен емдеу методикасын алғаш рет ғалым Мергенбай Алмабекұлы ойлап тапқан. Сала болашағы мен жетістіктері жайында ғалымның шәкірті Шахмарал Ағыбайұлымен сөйлестік.
– Ара өнімдері арқылы қалай емдейсіздер? Методикаларыңыз жөнінде кеңінен түсіндіріп берсеңіз.
– Омартамен айналысса, тек бал алып сатады немесе балмен ғана емдейді деген түсінік бар. Негізінде, бал ара балдан бөлек, 10 түрлі өнім береді. Сол 10 түрлі өнімді осыдан 33 жыл бұрын жасаған методикамыз бойынша дәріге айналдырамыз. Адамның жасына, салмағына, бойына және мазалаған ауруына байланысты, яғни антропомертиялық өлшеміне сәйкес ағзаға кезең-кезеңімен жібереміз. Кез келген адам 11 түрлі жүйеден құралған. Адам – кешенді түрде жұмыс істеп тұрған биологиялық субъект. Біз осы жүйелерді емдемейміз, кезең-кезеңімен тазартамыз. Адам ағзасына да толық тазару керек. Тұтынып жатқан ас, су, ауа арқылы да ағзада түрлі шлак, токсин жиналады. Ол жылдар бойы тек жинала береді. Әлемдік медицина мамандары, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бір ауыздан келісімге келгенде, барлық диагноздың 82%-ы асқазан-ішек жолынан, әсіресе ас ішектегі мәселеден туындаған деген. Біз асқазан-ішек жолын тазалап болған соң оған ара өнімдері арқылы керекті дәрумен, макро, микроэлементтерді береміз. Дәрі сапалы, халыққа сенімді болу үшін өзіміз омарта ұстаймыз.
– Сонда бұл ғылым елімізде қалай қалыптасты?
– Иә, әрине, ғылыми әрі заңды тұрғыда қалыптаспаған деп сенбейтін адам көп. Апитерапияны ұстазым Мергенбай Алмабекұлы зерттеп, Қазақстанда іргатасын қалаған. Ол кісі мектепті бітірген соң Кеңес кезіндегі Омарташылықты зерттеу институтына оқуға түседі. Бұл институт Ризан қаласында 1953 жылы ашылған, бүгінге дейін ең ірі зерттеу институтының бірі саналады. Институтты тәмамдаған соң ұстазымның қатарластары бал сығып сатуды қолға алса, ұстазым ара өнімдерінен дәрі-дәрмек жасауды ермек етеді. Осыдан 33 жыл бұрын алғашқы дәрілеріміздің рецебін дайындай бастайды. Оның хоббиіне айналғанымен, адам емдеп көрмейді. Кейін ұстазым қатты ауырып қалады, мемлекеттік те, ақылы да емханалардың табалдырығын тоздырады. Дәрігерлер қолдан келгенді істедік, арғы өмірге дайындала беріңіз деп қайтарады. Сол кезде ұстазым өз жасаған дәрілерін ішіп, тәжірибе жүргізуді бастайды. Бір айдан кейін ауруынан еш белгі де қалмайды. Ауырып жүрген кезде оны танымай қалған жақындары қандай шипа тапқанын білгісі кеп сұрай жөнеледі. Кейін Мергенбай аға жақындарын емдеп, тәжірибе жасауды қолға алады, бұл тәсілін 2020 жылға дейін зерттей береді.
2020 жылы Қытайдан келген бір пациентіміз: «Бүгінге дейін дертіме ем таппай, қанша ел-жер араладым. Сендер әлі «сарафан радио» арқылы жұмыс істеп отырсыңдар. Методикаңды растайтын нақты құжатың неге жоқ?» – деп айтады. 2020 жылы Астанада тағамтану проблемалары институтында жұмыс істеп жүрдім. Сонда жетекшім, институт директоры Ерболат Даленов клиникалық зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік берді. Мергенбай аға сол кісінің ғылыми жетекшілігімен жұмыстарын зертханалық тексерістен өткізеді. Клиникалық зерттеуге 1 жастан 86 жасқа дейінгі адамдар қатысты. Ғылыми тұрғыдан методикамыз кез келген жастағы, кез келген жыныстағы адамға кері әсері жоғы дәлелденді. 2021 жылы 6 сәуірде Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Ғылыми кеңестің мақұлдауын алдық.
– Шетелдік тәжірибемен салыстырғанда, методиканың ерекшелігі неде?
– Адамның жасы, салмағы, бойы, мазалаған диагнозына байланысты арнайы дәрі дайындаймыз. Ағзаға ауыр болмас үшін кезең-кезеңімен беріп, іштегі шлакты тазалаймыз. Бір жағынан, ағзаны тазаласақ, екінші жағынан, қалпына келтіру қатар жүреді. Адам ағзасы толық тазаланып болған кезде инфарк, инсульттан да арылып шығады. Бір құрдасым Оңтүстік Кореяға барып, ем таппай келді, тіпті Мәскеуге, Иранға, Қытайға барған. Ол созылмалы буын ауруының бірі – Бехтерев ауруымен 17 жыл ауырып, дәрігерлер енді емделмейді деген екен. Бізге келгенде, сәл болмағанда жаны шығып кете жаздайын деді. Бірде ол сол аурумен ауырған адаммен Астанадағы «Ханшатырдың» алдында кездесіп қалады. Бехтеревпен ауырғандар бір-бірін жүріс-тұрысынан-ақ тани қояды, себебі қимыл-қозғалысы роботтікіндей қатып қалған, бұлшық еті түгелдей құрысып, мойнын да бұра алмай, бүкіл денесімен бұрылып қарайды. Сөйтіп, әлгі бұрын ауырған кісі: «Сен Бехтеревпен ауырасың ба?» – деп сұраған екен. Ол кезінде, 24 жыл ауырып, бізге келіп емделіп шыққан адам. Құдайдың құдіреті, құрдасым сол кісіден біздің нөмірді алып, хабарласып емге келді. 5 курстың 4 курсын алған соң, жағдайы оңалып кетті. Жалпы, адамдар енді жақсарып қалғанда, емді толық жалғастырмай, келмей қоятыны қызық.

Тағы бір шенеунік ағамыз Германиядағы институттарға дейін барып, жарты жыл емделеді. Одан Оңтүстік Кореядан Астанаға келіп, алтын инемен емдейтін профессордан 3 жыл ем алған. Уақыт өткен сайын денсаулығы құлдырай бастаған. Сол кезде жетекшіміз: «жақында ғана клиникалық зерттеуден өткен методикамыз бар, соған кел», – деп шақырады. Біз 3 жарым жылғы кері әсердің бәрін 3 айда жүйелі емнің нәтижесінде реттеп бердік. Емнен кейін ауруханаға барып толығымен тексерілгенде, бас дәрігер еш ақау таппаған. Ем алған ағамыз ризалығын білдіріп, «әлемді қанша араласам да, мұндай ем көрмеппін» деп таңғалды.
– Бұл методика арқылы ауыр кеселдерді, мысалы рак ауруын да емдеуге бола ма?
– Сүйек рагымен ауырған науқасты өз көзіммен көрдім. Ауырған адамның өзі де дәрігер болып шықты. Елуден асқан тіс дәрігері екен, ол да шетелге барып ем таппаған. Бізге келіп айығып кетті. Өкпе рагы деген бар, бұл – рактың ең ауыр түрі. 1994 жылғы геолог жігіт бірде кезекті геологиялық зерттеуге барады, әріптесі көлікпен бір жерге барып келем деп кетіп қалады, сөйтсе, жолда көлігі бұзылып, жас бала айдалада бір тәулік қалып қояды. Оған қатты суық тигені сонша пневмонияға айналып, кейін өкпе рагына ұласып кетеді. Оңтүстік Корея дәрігерлері уақытша ғана тоқтата аламыз, емделмейді дегенді кесіп айтқан. Жігіт қатты қиналғанда, мешітке барып, дем салдырып алуды дұрыс көреді. Қызығы, мешіттің имамы да бұрын суық тиіп ауырғанда, бізге келіп емделіпті. Құдай оңдап, жігіт те бір ай емнің нәтижесінде жазылып шықты.
– Ара уында осыншама қасиет бар ма? Бізге әлі фантастика секілді көрінеді.
– Кез келген емнің негізі болады, біздің негіз Құранның 16-сүресінен алынған. Сүренің аты – «Бал ара» сүресі. Бал араның өзі 16 хромосомадан тұрады. 69-аятта «Бал араларының қарындарынан түрлі түсті сұйықтық шығады, сол сұйықтықтан адамға шипа бар» деп айтылады. Айтпақшы, қарындарынан деп көпше түрде берілген. Араның анатомиясына қарасаңыз, екі қарыны болады. Бірінші қарыны ас қорытуға қатысса, ал екінші қарынға жиналып, секрециядан өткен өнім емдік мақсатта қолданылады. Араның уын у деп айтуға тілім бармайды. Негізінен, араның табиғатта 21 түрі бар, соның ішінде бал арасы ғана адам денсаулығына пайдалы. Қалған аралар шақса, адамға зиян тигізеді, тіпті өліп кетуі мүмкін. Жабайы қызыл аралар адам түгіл, малды шағып өлтіріп тастайды. Бал араның уы болса, тұнып тұрған дәрумен. 1953 жылы іргетасы қаланған Омарташылық ғылыми институты бал ара уының құрамындағы пайдалы элементтерді әлі зерттеп тауыса алмай жатыр. Олар бүгінге дейін ара уынан Менделеев кестесіндегі 50-ге жуық элемент барын анықтаған, қалғанын ғаламшарымызда теңдесі жоқ деп мойындаған.
Жақында Екібастұздан паркинсон ауруына шалдыққан бір жігіт хабарласты. Қытайға барып емделу үшін қор жинап жатқанда, біз барма деп едік, айтқан тілді алмай, сол жаққа барып, екі-үш апта жатады, одан пайда болмай, тағы да қор ұйымдастырып жатырмын деп хабарласты. Бізге келіп, екі айда жазылып кетті.
– Бал арасы шақса да, аллергиясы бар адамдар оны көтере алмай, анафилактикалық шок алатын жағдай көп. Бұл жағдайда не істейсіздер?
– Балдың өзіне анафилактикашық шок ұстайтын ата орталығымызға келген. Яғни, араның уы емес, астан аллергиясы бар, құрма да жей алмайды, жесе, ауызынан көбік ағады да, құлайды. Ол мигрень ауруы мазалағандықтан келген. Шымкенттің ыстығында қалың тақия кисе де, басы бір жылымайды. Аллергиям бар деп ескертіп айтты, біз үндемей жұмысымызды істей бердік. Бір ай өтеді, мигрень кетеді, ақсақалмен қоштасарда кішкентай шелек бал мен құрма сыйға тарттық. «Қазір дәм татыңыз, еш аллергия жоғына көз жеткізесіз» дедік. Атаны көндіруге жарты сағаттай уақытымыз кетті, іштей кәлимәсін айтып, көзін жұмып, ауызына бір қасық балды салып жіберді. Қазір құлаймын деп күтіп отырды, еш әсер жоқ, көзін ақырындап ашады. Құрманы да байқап көреді, еш белгі болмады. 75 жастағы ақсақал сол жерде отырып қуаныштан жылап жіберді. Кей адамдарда анафилактикалық шок алғанда, көзінің ішіне дейін қызарып кетеді. Оның бәрі адамның ас қорыту жүйесінде, бауырында орналасқан зиянкестерге жақпай жатуынан болады. Жақпаған дүние ағзаға барғанда, интоксикация болып, ол қанға бірден өтіп, анафилактикалық шок, не ісіну болады. Адамға емес, зиянды микрофлораға жақпай жатыр. Біз осының бәрін тазартқанда, адам өз көзімен ішінен шыққан қоқысты көріп таңғалады. Ағзаны тазартқан кезде, зиянды заттар үлкен дәрет, кіші дәреттен шығады, тер иісінен де біліне бастайды, адам күрделі жағдайда құсып жіберуі де мүмкін. Қанмен де шығаруға болады, кей жағдайда хиджама жасаймыз, бірақ оған да ағзаны дайындау қажет.

– Ара уымен емдеу үшін де дайындық керек болғаны ғой... Негізінен, бір адамға қанша араны шақтыруға болады?
– Алдымен байқап, сынап көреміз, қарсы реакция жоғына көз жеткіземіз. Бір айлық курс алған емделушіміз 3 арадан бастап 253 араға дейін шақтырды. Ол грек-рим күресінің шебері, Сидней Олимпиадасының қатысушысы, Қазақстанның 10 дүркін чемпионы Рақымжан Әсембеков еді. Бізге келгенде, спорттан үзіліс алып қалған. Лондоннан келген қазақ бауырымыз одан бұрын 213 ара шақтырып, рекорд орнатып кеткен, өзі – хоккейші. Рақымжан онда рекордты жаңартайын, 250-ге жеткізейін деді, 250-ден кейін тағы 3-ті салдырып алды. Ара уының еш зияны жоқ, ешқандай артық реакция болмады, қан қысымы да тұрақты. Керісінше, спортқа қайта оралып, ісін жаңа қарқынмен бастады.
Ең кішкентай пациентіміз – 1 жасар Айша қызымыз. Диагнозы – бірінші деңгейдегі есту қабілетінің төмендігі. Құжаты порталға жіберіліп, отаға дайындалып жатқан. Отада баланың құлақ пердесін тесіп, оған кішкентай аппарат орналастырады. Ең қиыны, бала өскен сайын, құлақ қуысы да өседі, сондықтан жыл сайын ота жасап, апаратты да ауыстырып отыру қажет. Негізінен, адамның жасы неғұрлым кіші болған сайын тазарту процесі де тез жүреді. 4 процедурадан кейін қыздың құлағы естіп кетті.
Ара өнімінің бәрі – биология. Ғалымдар Мысыр пирамидаларын зерттегенде, бір құмыра бал тауып алады. Қанша ғасыр тұрған балды зерттесе, тұтынуға жарамды болып шыққан. Балдың ішінде арпа дәндері де бар екен, дәнді жуып, топыраққа салғанда, одан өнім өсіп шыққан. Бұл – қурамайтын ғасырлық өнімдер.
– Әңгімеңізге көп рақмет!
Сұхбаттасқан
Айсұлу СЪЕЗХАН