Атырау облысында 47 адамның сушиден улануы: Дәмхана жұмысы тоқтатылды
Атырау облысында 47 адамның сушиден улануы: Дәмхана жұмысы тоқтатылды
326
оқылды
Атырау облысында сушиден уланғандардан сальмонеллез қоздырғышы анықталды, дәмхана жұмысы тоқтатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 2020 жылғы 28 желтоқсан мен биылғы 3 қаңтар аралығында Жылыой аудандық орталық ауруханасының жұқпалы аурулар бөліміне «Тағамдық токсикоинфекция» диагнозымен 47 науқас түскен. Науқастардың «Три самурая» дәмханасынан тапсырыспен суши алып жегені анықталған.
«Жылыой аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары «Три самурая» дәмханасын тексеру кезінде бірқатар бұзушылықты анықтады. Балық, балық өнімдерін, кремдер мен соустарды, нан-бөлкелерді қабылдау, сақтау, қадағалау мен қауіпсіздігін куәландыратын ілеспе құжаттама болмаған. Бөлшектеу тақтайшалары мен пышақтар өңделетiн өнiмдерге сәйкес таңбаланбаған. Тамақ өнімдерін сақтау кезінде температуралық ылғалдылықты қадағалап отыру үшін тоңазытқыш үй-жайлары, тамақ қоймасы арнайы термометр, психрометр құрылғыларымен қамтылмаған. Тамақ өнімдерін сақтау кезінде мұздатқыштарда шикі балық өнімдері мен куырылған балық өнімдері, нан-бөлке, фри, икра бірге сақталған. Балық және балық өнімдері, пицца ашытқысы сақталатын тоңазытқыш жабдықтарының температуралары өлшенбеген, температуралық режимге қадағалау жүргізілмеген, тоңазытқыш жабдықтары жеткіліксіз. Сондай-ақ күнделікті жұмыс ауысымының басталуы алдында жұмыскерлердің денесінің ашық бетін іріңді аурулардың, шағын жарақаттардың болуына тексеру жүргізілмеген. Санитариялық журнал жүргізілмеген. Персоналдарға арналған қол жуғыш орнатылмаған» – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Бактериологиялық зерттеу қорытындысымен науқастардан сальмонеллез қоздырғышы анықталды. Сондай-ақ суши тағамының құрамына қосылатын краб таяқшасы мен соустан алынған сынамаларда сәйкессіздіктер кездескен. Қазір «Три самурая» дәмханасы жабылған. «Оқиға бойынша «Санитарлық ережелер мен гигиена нормаларын бұзу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды», – деп толықтырды департамент.