Жастар – елдің тірегі, үкілі үміті
Жастар – елдің тірегі, үкілі үміті
557
оқылды

Жастар жылы аяқталды, бірақ жас ұрпақты қолдау жаңа қарқынмен жалғасады: Мемлекет басшысы «Жас­тар саясаты туралы» жаңа ке­шенді бағдарлама әзірлеуді жүктеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордада Жастар жылының жабылу және Волонтер жылының бас­талу салтанатына қа­тысты.

Іс-шара Тәуелсіздік күні қарсаңында өткендіктен, Қ.Тоқаев азаттықтың мән-маңы­зына ерекше тоқтала кетті.

– Біз үшін бұдан асқан қас­терлі әрі маңызды мереке жоқ! Тәуелсіздігімізді нығайтып, елі­мізді одан ары өркендету – қазіргі ұрпақтың қасиетті борышы. Біз сіздерге зор үміт артамыз. Мемлекетіміздің келешегі – өздеріңіз! Мен барша жастарды мақтан тұтамын, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Ол Жастар жылын Елбасы бастамасымен өткізгенін еске салды.

– Жастардың жан-жақты дамуына жағдай жасау – Пре­зидент ретіндегі басты бір мін­детім. Сондықтан осы мәселе әрдайым менің назарымда бо­лады. Ұрпағын аялай білген халық іргелі жұртқа айналады. Біз халқымызды әлемге танытқан ең асыл қасиеттерді сіздердің бойларыңыздан көргіміз келеді, – деді Мемлекет басшысы.

Жастар жылында өскелең ұрпақты қолдау үшін көптеген жұмыс атқарылғаны айтылды. Нақтылай түссек, тұрғын үй, жұмыспен қамту, сапалы әрі қолжетімді білім беру шаралары қолға алынды. Үш мегаполисте жұмысшы жастарға жалдау құны өте арзан 9 мың пәтер беру шешімі қабылданды. 2019 жылы 5 мың азамат мемлекеттен грант алып, жас кәсіпкер атанды. Алдағы үш жыл ішінде олардың саны 30 мыңға дейін көбейеді. Бұдан бөлек, 10 мың жас бизнесмен шағын несие арқасында өз өн­дірісін кеңейтті.

«Дипломмен – ауылға» бағ­дарламасына жаңа серпін берілді. Ауылды өркендетуге үлес қосуға ынталы жастар 6 мыңнан астам жәрдемақы, баспана алу үшін 4 мыңға жуық несие иеленді. Құрылыс отрядтары жанданып, 2 мыңдай студент жұмыспен қамтылды.

«Президенттік жастар кадр резерві» жасақталуда. Оған енгендер бола­шақта жоғары лауазымға ұсы­нылады. Өйткені өз ісін жетік бі­летін майталман мамандардың жаңа буынын қалыптастыру міндеті тұр.

Биыл университет спар­та­киадалары қозғалысы қайта жаңғыртылды. Бұған қоса жас жазушылардың Әдебиет ака­демиясы ашылмақ.

Ел Президенті жастарға қолдау көрсету үшін Үкімет ал­дына жаңа міндеттер қойды.

– Ең алдымен, бізге «Жастар саясаты туралы» жаңа кешенді бағдарлама керек деп санаймын. Онда заманауи жаһандық үрдістер мен жастардың сұраныстары жан-жақты ескерілуі тиіс. Жас­тар саясаты жөніндегі жалпы тұ­жырымдама 20 жыл бұрын әзір­ленген. Қазіргі уақытта осы салада түрлі бағыттағы бағдар­лама өте көп. «Жасыл ел», «Ди­пломмен – ауылға», «Жас­тар прак­тикасы», «Серпін» және бас­қасы. Олар елге керек екенін дә­лелдеді. Алайда жас азамат­тар оларды бір-бірінен айыра ал­майды, ұсынатын мүмкіндіктері мен іске асыру тетіктерін түсінбей жаңылады. Ендеше, жастар саясатына кешенді көзқарас болуға тиіс, – деді Қ.Тоқаев.

Оның байламынша, жас­тардың барлық санатына ар­налған жаңа бағдарлама сапалы білім беру, жұмысқа тұрғызу, қолжетімді баспанамен қамту бағытындағы өзекті мәселелерді шешуге тиіс. Жастардың кәсіби біліктілігін арттыруға жағдай жасалуы қажет. Құжатта сондай-ақ жас буынға арналған тиімді әрі ашық әлеуметтік мүмкіндіктер көрсетілуі керек. Барлық елді мекендегі спорт және мәдениет нысандары жастарға қолжетімді болуы шарт.

Қазақстан Президенті жастар ұйымдары бірінші кезекте жас адамның мәселесімен айналысуы тиіс екенін нықтады. Оның ай­туынша, бұл бірлестіктер жасам­паздық танытпағасын, жас қа­зақстандықтар жауапсыз әрі деструктивті ағын-қозғалыстар ықпалына түседі.

Қ.Тоқаев жастар қозғалыс­тарының барлық шарасы көз­бояушылық үшін өткізілмей, нақты нәтижеге бағдарлануы тиіс деді. Жас азаматтардың кө­кейкесті проблемасын іс жүзінде шешетін қоғамдық бастамалар мен жобалар қажет.

Мемлекет басшысы ажы­расудың көбейгеніне алаңдау­шы­лық білдірді.

– Өкінішке қарай, ажырасу фактілері осы саладағы түйткілді мәселенің біріне айналды. Бұған баса мән берілмей отыр. Хал­қымызда «Отан отбасы­нан бас­талады» деген қа­натты сөз бар. Әрбір отбасын сақ­тау – Отанымыздың берік болуы­ның кепілі. Жас шаңырақ ба­қыт бесігіне айналуы тиіс. Олардың әрқайсысына тұтастық пен татулықтың дәстүрін ор­нық­тыруымыз керек. Зиялы қауым өкілдері мен ұстаздар жастар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, отбасы құндылықтарын дәріптеуі қажет. Мұның мемлекет үшін маңызы өте зор. Жастарды тәрбиелеу ісінде ата-аналарға да зор жауапкершілік жүктеледі, – деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 1 қаңтарынан ба­калавриат, магистратура және докторантура студенттері сти­пендиясын 25%-ға көтеру туралы шешімін жария етті. Оның игілігін 130 мыңдай адам көреді. Бұдан бөлек, келер жыл басында колледжде оқушы 100 мың адамның шәкіртақысы да 25%-ға өсіріледі.

Қазақстан Президенті осы күні Австралия елшісі Грейм Михан, Кипр елшісі Андреас Зинонос, Конго елшісі Давид Мадука және Мьянма елшісі Ко Ко Шейннен сенім грамоталарын қабылдады.