Түркістан облысындағы мектептерде ІІІ тоқсан дәстүрлі форматта жалғасады
Түркістан облысындағы мектептерде ІІІ тоқсан дәстүрлі форматта жалғасады
5,198
оқылды
Түркістан облысында бастауыш және мектеп бітіруші сыныптар ІІІ-тоқсаннан бастап дәстүрлі форматта оқиды, деп хабарлайды «Хабар 24». Демек, 9 бен 11-сынып және 1-ден 5 дейінгі бастауыш сынып оқушылары санитарлық талаптарды сақтай отырып, мектепке барып білім алады. Қалған сыныптардың барлығы үйде отырып, қашықтықтан оқытуды жалғастырады. Өңірдегі 9 бен 11-сынып оқитын 66 мыңнан астам оқушы негізгі пәндердің 70-ын штаттық режимде оқиды. Сондай-ақ мектеп әкімшілігінің шешімімен сабақтан тыс уақытта, үлгерімі төмен оқушылар үшін 5 адамнан аспайтын топтарда дайындық сабақтары өткізіледі. "ІІІ-тоқсанда жоғарыда айтылғандарға қосымша оқу процесін штаттық режимде санитарлық эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып, ұйымдастыруға рұқсат берілді. Қазіргі таңда мектептер әр ауданның санитарлық бақылау басқармаларының рұқсаттамасын алуда. ҚР Үкіметінің резервінен 57 мың 199 компьютер сатып алынып, бүгінгі күні тапсырма 100% орындалды", – деді облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаев.