Халық жанына сүйеу, рухына тіреу болған
Халық жанына сүйеу, рухына тіреу болған
346
оқылды

Алматыдағы Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында Қа­зақстан Жазушылар одағының құрылуына және «Қазақ әдебиеті» газетінің жарыққа шыға бас­та­ғанына 85 жыл толуына арналған пленум өтті. Айтулы шара қазақтың үш бәйтерегі атан­ған, осы одақ­­тың іргетасын қалауға атсалысқан Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдығына да арналып отыр. Алдымен киелі орданың тарихынан сыр шертетін бейнеролик көр­сетілді.

Одақ 1934 жылы құрылып, тұңғыш төрағасы болып Ілияс Жансүгіров сайланады. Өткен уақыт аралығында одақты Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов, Әбділда Тәжібаев, Ғабит Мүсірепов, Жұбан Молдаға­лиев, Олжас Сүлейменов, тағы басқа да қазақтың біртуар тұлғалары басқарған. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеген талай мық­тыларымыз қиын-қыстау кезеңдерді басы­нан өткізіп, қуғын-сүргін құрбаны бол­ды. Оншақты адамның себепкер болуымен құрыл­ған одақтың бүгінде 800-ден астам мүше­сі бар.

– Қазақ елі қашанда жазушылар қауым­дас­тығын жанына сүйеу, рухына тіреу санай­ды. Ежелден сөз өнерін кие тұтқан, асыл сөзді ардың ісі санаған қазақ өткен ғасыр басында бір ұйымға ұйысқан ақын-жазушылар қауымдастығына да дәл осындай үлкен үміт артқан болатын. 85 жылдық тарихында сөз зергерлері сол үмітті халық қамы мен ел сенімінің темірқазығына айналдыра білді. Қазақстан Жазушылар одағының бір ғасырға жуық тарихын тарата зерттейтін болсақ, одан қазақтың қилы кезеңдерімен тұтасып жатқан, жүздеген томға жүк болатын қызығынан қасіреті басым тауқыметті тағдырлардың шежіресін көреміз. Оның бірсыпырасы жазылып та жүр. Ал қалтарыста жатқаны одан әлдеқайда мол. Жазушылар одағы 1925 жылға дейін Қазақстанның пролетариат жазу­шыларының ассоциациясы деп аталып, ұйымның басында Сәкен Сейфуллин мен Бейімбет Майлин тұрғанын білесіздер. Бұл ұйым кейін 1934 жылы Қазақстан Жазу­шы­лар одағы деп қайта құрылып, тұңғыш төрағалығына Ілияс Жансүгіров сайланды. Дәл сол жылдың 10 қаңтарында «Қазақ әдебиеті» газеті де жарыққа шықты. Оның алғашқы редакторы Ғабит Мүсірепов болғанымен, идеялық жетекшілері Сәкен, Ілияс және Бейімбет болды, – деді еліміздің Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев. Қырымбек Елеуұлы осы күні аталып өтіп жатқан шаралардың бір-бірімен тығыз байланысты екенін айтты. Үш алып тұлғаның қазақ халқы тарихында алар орны ерекше екеніне жеке-жеке тоқталды.

Кеш модераторы, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәу­летов Алматы қаласы қазақ мәдение­тінің, ел Тәуелсіздігінің алтын бесігі екенін, бұл қаланың ұлт руханияты үшін орны қашанда бөлек екенін айтты. Осы ретте Алматы қала­сының әкімі Бақытжан Сағынтаев сөз алып, «Өткен ғасырдың алмағайып жылдарында қазақ сөзі, қазақ рухы өз топырағында қиын дәуірді басынан кешірді. Тіліміз саясаттан, қаржы мен сот жүйесінен ығыстырылып, тұрмыстық деңгейде қолданылатын өгей тілге айнала бастады. Ұлтымыздың сан ғасырлық арман-мұратын бойына жиған қазақ сөзінің тап сондай қилы кезеңде барып пана тапқан киелі ордасы осы Жазушылар одағы болатын. Одақтың ұйытқы болуымен осы жылдары қазақ ақын-жазушылары елімізде болған барлық тарихи оқиғалардың алдыңғы шебінен табылды. Өздеріне замана жүктеген бұл міндеттерді қазақ ақын-жазушылары зор абыроймен атқарып шықты» деді.

Қала басшысының айтуынша, қазір Алматыда Жазушылар одағының 360 мүшесі тұрады. Қала әкімдігі белгілі шығармашылық өкілдерінің кештерін, көрмелерін, мерейтой­ларын ұйымдастырып келеді. Жиналған қауымды қуантқан жағымды жаңалықтар да жоқ емес. «Биыл зиялы қауым өкілдерімен жұмыс істеудің жаңа жүйесін енгіздік. Одақтың тікелей ұсынысы бойынша қаламгерлерге 150 грант тағайындалды. 90 грант өз иелеріне жетсе, қалған 60-ы жыл соңына дейін табыс­та­лады. Алдағы жылдары іріктелген 20-ға жуық ақын-жазушының кітаптарының жарық көруіне қолдау көрсетеміз. Бұл бағыт­тағы жұмыстар өз кезегінде ақын-жазушы, драматург, сыншылардың қаламыз­дың, тұтастай еліміздің тыныс-тіршілігін сурет­тейтін әдеби шығармалар жазуына септі­гін тигізеді деп ойлаймыз» деген Бақыт­жан Әбдірұ­лының сөзіне жиналған қауым риза­шы­лығын білдірді.

Жазушылар одағының басшысы Ұлық­бек Есдәулетов баяндама жасап, ол қазақ әдебиетінің түп-тамырына, бүгінге дейін жеткен жетістіктеріне тоқталып өтті. ХХ ғасырдағы ел басына түскен нәубетті, зобалаң жылдар қазақ ақын-жазушыларының да қа­тарын сиретіп кеткеніне қынжылды. Жа­зық­сыз жазалау мен қуғын-сүргін Екін­ші дүниежүзілік соғыстан кейін де тау­сыл­ма­ға­нын айтты. Әйтсе де, талай зобалаңды басы­нан өткізген қазақ әдебиетінің тарихында жар­қын күндері де, өрлеу жылдары да бол­ғанын жасырмады. «Осы пленумға қаты­сып отырған Алаштың аса көрнекті ақыны Темірхан Медетбектің айтуынша, ол Маңғыстауда жүргенінде редакция жұмысымен жергілікті түрмеге кіреді. Сонда бір бұрышта үйіліп жатқан кітаптарды көреді. Қараса, ол Олжас Сүлейменовтің «Аз и Я»-сы екен. «Түрмеге адам қамағанды талай көрсек те, кітап қамағанды бірінші рет көрдім» дейді ақын. Желтоқсан оқиғасынан кейін Бейбіт Қойшыбаев, Мейірхан Ақдәулетов, Аманғазы Кәріпжанов, тағы да басқа ақын-жазушылар жұмыстан қуылып, тергеліп, республикада репрессия ушығып тұрған кезде Жазушылар одағына кездесуге Колбин келді. Партияның қылышынан қан тамып тұрған кез. Сонда қаймықпастан қаһарлана қарсы сөйлеп, үрейдің бетін қайтарған ақынымыз Жұбан Молдағалиев, сосын Сафуан Шаймерденов ағалар болды. Олар осы тайсалмас қылықтарымен нағыз жазушының азаматтық позициясы қандай болуы керектігі жөнінде кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетіп кетті» деген Ұлықбек Есдәулет қазақ ақын-жазушыларының ерлігі мен өрлігіне шолу жасады. Ол Мұхтар Шахановтың Арал қоз­ға­лысын, Олжас Сүлейменовтің Жазу­шы­лар одағында Халықаралық ядролық Невада-Семей қозғалысын қалай құрғанына куә болғанына тоқталды. Мұның бәрі Жазушылар одағының, қазақ әдебиетінің тарихы екенін айтып өтті.

Туысқан түркі халықтарының ортақ ТҮРКСОЙ ұйымы бас хатшысы Дүйсен Қасейі­новтің сәлемін аталған ұйым орынба­сары Асқар Тұрғанбай жеткізді.

«Биыл керемет мерейтойлар жылы бо­лып отыр. Үш арысымыз Сәкен, Ілияс, Бейімбеттің мерейтойлары еліміз бойынша керемет жоғары деңгейде өтті. ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйым ретінде алыптардың ме­рейтойларын тек Қазақстанда емес, түр­кі халықтарының ортасында – Түркия, Әзір­байжан, Қырғызстанда өткізуге ат­са­лыс­ты. Германияға арнайы тапсырыс беріп, «Үш арыс» атты үлкен кітап шығар­дық. Ол атақты арыстарымыздың шығар­ма­ларына жазылған суреттердің альбомы, кар­тиналардың жинағы ретінде шықты», – деді ол.

Халықаралық жиынға Түркия, Тәжікстан Татарстан, Башқұртстан, Ресей, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстаннан келген мәртебелі қонақтар ТҮРКСОЙ ұйымының ұйытқы болуы­­мен жарыққа шыққан Алаш арыстарына ар­налған «Үш арыс» кітабының тұсауын кес­ті. Алыс-жақыннан келген қонақтар аты­нан Еуразия Жазушылар одағының төра­ғасы Якуб Өмероғлы сөз сөйлеп, Орхон жа­зу­­ларына түркі халықтарының ішінде қа­­зақ тілі ең жақын тілдің бірі екенін атап өтті. Біз­дің терең тарихымыздан келген тілі­міз­­дің да­риясын қазақ ақын-жазушылары бола­шақ­қа алып барады деген сенімін білдірді. Әлем мойындаған ақын Олжас Сүлейменов, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов, академик Мұрат Жұрынов, Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Нұрғиса Дәуе­шов жиналған қауымды айтулы мереке­лерм­ен құт­тықтады.

Бұл күні әдебиеттің бүгінгі алыптары Олжас Сүлейменов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Мұхтар Шаханов, Қабдеш Жұмаділов, Әкім Тарази, Марфуға Айтқожина, Мұхтар Мағауин, Әнес Сарай, Сопы Сматаев, Бексұлтан Нұржекеұлы, Дулат Исабековтерге «Қазақстанның Құрметті жазушысы» атағы берілді. Бірқатар ақын-жазушылар «Алматы қаласының еңбек сіңірген қайраткері» атал­са, Жастар жылына орай бірнеше жас әде­биетшілер Жазушылар одағына мүшелікке қабыл­данды. Мерекелік шара ары қарай концерттік бағдарламаға ұласты.