Қазақстанда соңғы жылдары қазақ тілінде мәлімет тарататын ақпарат құралының саны өсіп келеді. Бұл – ең алдымен қазақтілді аудиторияның көбейгенінің белгісі. Алайда мемлекеттік тілдегі БАҚ-тың аудиториясын дұрыс өлшеп, медиа нарықтағы орнын белгілеу әлі де дұрыс жолға қойылмай отыр. Бұл туралы таяуда өткен «Медиа құрылтай – 2019» алаңында айтылды.
Отандық медиа-менеджерлердің пікірінше, қазақ тіліндегі аудитория көлемінің өсуі бұрыннан қалыптасып қалған өлшемдер мен қағидаттарды қайта қарауды талап етеді. Онсыз мемлекеттік тілде шығатын БАҚ-тардағы, әсіресе радио мен телеарналардағы контент мәселесі мен рейтингті анықтау қиынға соғады.
Ашығын айту керек, қазақтілді аудиторияның артқанына елдегі демографиялық көрсеткіштің өзгеруі де тікілей әсерт етуде. Бүгінгі күні Қазақстанда 18 миллион халық бар десек, оның 70 пайызы – мемлекет құраушы ұлт, қазақтар. Ел тұрғындарының 80 пайызға жуығы қазақтілді екені де осыдан екі жыл бұрын (2017 жыл) ресми, бейресми деректерде айтыла бастағанын білеміз. Одан бері де бұл көрсеткіш еселене түскені анық. Себебі статистика комитетінің дерегінше, биылғы қаңтар-қыркүйек аралығында 34,2 мың адам елден көшіп кеткен. Жалпы, Статистика комитетінің «Қазақстанның демографиялық дамуы» атты анықтамалығында 2014 жылдан 2018 жылға дейін 173 486 адам сыртқа кеткені жазылғаны біраз жайды аңғартса керек. Әсіресе, солтүстік аймақтардағы халықтың ТМД елдеріне, оның ішінде Ресейге көшуі – ол аймақтарда тұрғын санының күрт айзайып кеткенінен-ақ көрініп отыр. Дегенмен Үкімет ерікті қоныс аударушылар туралы арнайы бағдарлама қабылдап, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарына келесі жылы бюджеттен қаражат қарастырып қойды. Яғни, «2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» жобаға сәйкес, аталған бес облысқа өз еріктерімен қоныс аударамын деуші азаматтарға жалпы көлемі 1,6 миллиард теңге бөлінді. Бұл аз ақша емес. Қаражат бар, бағдарлама дайын. Енді өз отанына оралушылардан босап қалған жерді толтырып, орнығу мәселесі қалды.
Иә, елде тыныштық, мемлекетте мызғымас тұтастық тұрғанда ұзамай көші-қон мәселесі де шешіліп, демографиялық ахуалдың орны толар. Ең бастысы, күннен-күнге өсіп келе жатқан қазақтілді аудиторияның сұранысын өтеп, мемлекеттік тілдегі ақпараттың қолжетімді болуын қамтамасыз ету.
Алайда ақпарат дегеніміз – ақша. Бұл тұрғыда ақпарат құралдарын қаржыландыру мен қолдау ісінде аудиторияның өзгеріп, қазақтілді көрермен мен тыңдарманның һәм оқырманның сұранысы мен талабы ескерілмей қалып жатыр. «Медиа құрылтай – 2019» алаңында бас қосқан медиа-менеджерлер нарықтағы негізгі мәселелерді атады. Сарапшылардың пікірінше, қазіргі уақытта мемлекеттік тілдегі БАҚ үздіксіз «өсу динамикасын» көрсетіп отыр. Ашық дереккөздердің мәліметіне сүйенсек, интернеттегі жазылушылар мен қолданушылардың саны, сондай-ақ әлеуметтік желілердегі қазақ тіліндегі парақшалардағы пікірлер орыс тіліндегіге қарағанда бірнеше есе көбейген. Медиа құрылтайға қатысушы «Алаш Медиа Груп» медиахолдингінің бас директоры Батыр Қазыбаевтың айтуынша, жарнамалық агенттіктер мен жарнама берушілер қазақстандық аудитория туралы әлі де теріс түсінікте. «Бізде рейтингті өлшейтін бір ғана компания бар. Олардың келтірген деректері көптеген сұрақ тудыруда, сондықтан біз интернеттегі тенденцияларға сәйкес өз аудиториямыздың қалауын анықтауымыз керек», – дейді Батыр Қазыбаев.
Отандық медиа-менеджер айтып отырған Қазақстандағы жалғыз компания – TNS Central Asia (Kantar TNS). Яғни, республикадағы жарнама нарығы осы мекеменің өлшемімен реттеледі. Әйтсе де, бүгінгі күні медиа саласының мамандары аталған компанияның деректері толық емес және Қазақстан медиа нарығының толық картинасын көрсетпейді деп уәж келтіруде.
Еске сала кетейік, бұған дейін «Қазақстан» РТРК АҚ-ның сол уақыттағы басқарма төрағасы Ерлан Қарин де медиа саласында жарнама нарығын өлшеуде қазақ аудиториясы толық ескерілмейтінін мәлімдеген. Нәтижесінде, мемлекет пен бизнес қазақстандық аудиторияның сұранысы туралы бұрмаланған теріс ұғымды алады.
«Отандық телеарналарда өлшеу әдістемесі бойынша көптеген сұрақ бар. TNS Central Asia компаниясының өлшеміндегі 2 800 респондент қаншалықты дәл картина бере алады? Қазір қазақтілді азаматтар саны басым. Ал рейтингті зерттейтін мекеменің өлшемінде неге тек мемлекеттік тілдегі телеарнаның рейтингісі төмен. Біздің көрермен көп өзгерді. Сондықтан объективті цифрларды алуға ұмтылу үшін тәсілдерді өзгерту қажет деп санаймыз», – деген Ерлан Қарин.
Еске салайық, Қазақстандағы телеарна аудиториясын өлшеу TNS Central Asia қызметкерлері белгілі бір адамдар тобына таратқан «халықтық өлшеуіштер» көмегімен жүзеге асырылады. Ал TNS теледидарлық камераларының мәліметтерін еліміздегі жарнама берушілер мен телеарналар жұмысында пайдаланады. Телеарна бағдарламасының рейтингі неғұрлым жоғары болса, жарнаманың құны соғұрлым қымбат болады. Осылайша, дәл қазір қазақтілді аудиторияның өсуі тақырыбы пікірталастарға негіз болып, медиа нарықта жарнама бөлісушілердің арасында белгілі бір қызыл сызыққа айналуда. Бұл пікірді «Медиа құрылтай – 2019» алаңында сөйлеген Atameken Business Media Holding-тің басқарма төрағасы Қанат Сахарянов айтты. «Қазақтілді медиа ақпараттарды тұтыну 180 градусқа өзгерді. Бірақ телеарналар мен жарнама берушілер мұны байқамайтын сияқты. Біз өлшеу тақтасы өзгергенін қалаймыз, ол біздің көзқарастарымызды көрсетеді. TNS Central Asia деректері бір-біріне үйлеспейді. Atameken бизнес телеарнасы TNS Central Asia түзген рейтингте 25-орында, бірақ қазан айындағы YouTube-те қаралған көрсетілім бойынша, Еуразия бірінші арнасы мен 31-ші арнадан кейін үшінші орындамыз. Аудиторияның бізді қарап отырғанын сеземіз», – деді Қанат Сахариянов.
Рас, отандық медиа мамандар дабыл қағып отырғандай, Central Asia мәліметтері бойынша, алғашқы 20 рейтингісіндегі негізгі үлесті, негізінен ресейлік телехикаялар мен орыс тіліндегі бағдарламалар алады. Алайда статистикаға сәйкес, қазір ел халқының шамамен 70 пайыздан астамы – қазақтар, демек бұл – негізгі аудитория. Әлеуметтік зерттеулер көрсетіп отырғандай, қазақстандық аудиторияның көпшілігі – балалар, жастар және орта жастағы адамдар. Қоғамдық орта мен әлеуметтік желілерден де қазақша сөйлейтіндердің саны артып келе жатқанын байқап отырмыз. Атап айтқанда, 10 жыл ішінде мектептерде қазақ тілінде оқитындардың үлесі 65 пайызға дейін, колледждерде 59 пайызға дейін, университеттерде 64 пайызға дейін өсті. Яғни, медиа нарықтағы контенттің әлеуетті тұтынушысы өзгерді. Егер рейтинг түзуші компаниялар мен жарнама беруші агенттіктер өз медиа бизнестегі үлесінен айырылғысы келмесе қазақ аудиториясының өсімін ескеруі қажет деп білеміз.