Елбасы: «Тәжірибем мол, тағы бір қала сала аламын!»
Елбасы: «Тәжірибем мол, тағы бір қала сала аламын!»
246
оқылды

Бұл туралы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Хабар» арнасында көрсетілген «Штрихи к портрету» деректі фильмінің үшінші бөлімінде айтты. Ондағы сұхбатта Елбасы өзінің жеке басына қатысты естеліктерін бөлісті, өз толғаныстарын шынайы тебіреніспен әңгімеледі.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның жаңғыруының рәмізі болған елордамыздың қалай салынғанын еске түсіре келе, елімізде «тағы бір заманауи шаһар бой көтеріп келе жатқанына» назар аудартты. – Бұл – Түркістан. Мен оған жақында ғана барып қайттым. 2018 жылы Түркістан менің Жарлығыммен облыс орталығына айналды. Сонда барлық ірі бизнесмендер мен инвесторларды жинап алып, қалада қандай нысандар тұрғызылуы тиістігін атап көрсеттім. Ол нысандардың кейбірі салынып та болды. Көрсеңіз көзіңіз тояды. Менің Астананы салу тәжірибем бар. Мен ештеңеден де қорықпаймын, кез келген қаланы сала аламын! Түркістан – климаты жайлы, өзі көркем қала болады. Егер елордада жаурап қалсаңыз, Түркістанға барып, шуаққа бөленіп қайтыңыз. Онда кең көшелер, сәулетті ғимараттар, музейлер, театр, Оқушылар сарайы, Конгресс-холл, еңселі стадион салынуда. Яғни, қазақ халқы тығыз тұратын оңтүстігімізде тағы бір ірі, жаңа қала бой көтеріп келеді. Мен бір жыл өткенде қайта бардым, танымастай өзгеріп кетіпті. Қатты сүйсіндім! – деді Елбасы. Ол тағы бірер жылдан кейін Түркістан тіптен түрленіп сала беретініне сенім білдірді. Себебі, құрылысы жоспарланған 160-тай нысанның әзірге шамамен 60-ы ғана іске қосылған. Бұдан бөлек, барлық хандарымыздың музейі, бір шақырымға созылатын Керуен сарайы және басқа да ірі нысанның бәрі қолданысқа берілгенде, ол жерде мүлдем жаңа, ғажайып қала пайда болады. Тұңғыш Президент келесі бір замануи қала ретінде Ақтауды атады. Ол жақта, Каспий маңында әлемдік деңгейдегі курорт өркен жаюда. Нұрсұлтан Назарбаев сөз арасында адамға кез келген жаста жас қалпын қалай сақтауға болатыны жайында ақыл-кеңес бере кетті. – Ең бастысы, шектен тыс, мелдектей тойынбаған жөн. Уақытында, күніне 3 рет тамақтану керек. Еңсере алмайтын басыартық калорияларды жинамаған абзал. Мен қазір осы қағидатқа сәйкес өмір сүремін. Таңертең салат пен ботқа жеймін. Түскі асқа не көкөніс сорпасын, не балық, не ет жеймін. Ал кешкі асқа – балық немесе тауық еті. Менің рационым осы. Мүсінім сонша сымбатты демеспін, бірақ қалпымды сақтап қалдым! – деді ол. Нұрсұлтан Әбішұлы артық салмақтан дене шынықтыру, көп серуендеу, жүгіру арқылы арылуды ұсынады. – 80-нің сеңгіріне шыққан адам жасармайды. Рас, «тек жастар ғана қартаяды» деген тәмсіл бар. Мен бір жерден оқығанмын, ер адамның жасының үш түрі бар көрінеді. Біріншісі – биологиялық жасың, ол туған күніңмен есептеледі. Екіншісі – интеллектуалдық жасың. Жас кезіңде де, қартайғаныңда да интеллектуалды бола аласың. Егер миың қалыпты жұмыс істесе, онда сен кәрі адам емессің. Жалпы, бұл жас – Тәңірдің сыйлаған тартуы, оған жеткен де бар, жетпеген де бар. Бұл шақта дана боласың, кемелдене түсесің. Қызық, құмарлық – бәрі артта қалады, қарбалас пен ішкі кернеу жойылады, бәріне философиялық тұрғыдан қарайсың, ақыл таразысына саласың. Үшіншісі – адамның физикалық денсаулығы. Мен жастарға да, замандастарыма да қайырылғым келеді: адам бұлшық етін кез келген жаста шынықтырып ала алады. Кемелдікте шек жоқ. Тек жалқауланба, өзіңді әрдайым жетілдіруге тырыс. Сонда әрқашан өзіңді жақсы сезінесің. 80 жаста елуге енді ғана келгендей тың боласың! Медициналық тексерістерден өткенімде, оның қорытындылары осыны айғақтайды, – деді Елбасы. Қазақстанның Тұңғыш Президенті қазіргі уақытта немен айналысып жүргеніне тоқтала кетті. Біріншіден, үнемі спортпен шұғылданатынын, бұлшық еттерін ұдайы ширықтырып, қуатын молықтыруға мән беретінін айтты. Екіншіден, ми жұмыс істеуі, ақыл-ой жетілуі үшін тұрақты түрде кітаптар оқып тұрады, шахмат секілді зерделі ойындармен әуестенеді. – Мұның бәрі адамның қолындағы дүние. Тек ерінбей, еңбектену керек. Таңғы астан кейін жаттығу залына беттеймін. Күн құрғатпай, ұдайы жаттығамын! Бұған шамамен 1 сағат бөлемін. Қандай бұлшық ет тобына жүктеме түсіруім керектігін жақсы білемін. Сондай-ақ суда жүзумен айналысамын. Бүгінде сүйікті істеріме уақыт таба алатын болдым. Мысалы, кенепке сурет саламын. Сонымен қатар гитарада ойнауға үйреніп жүрмін. Сыртта серуендеп қайтуды ұнатамын. Оның үстіне коронавируспен ауырғалы бері дәрігерлер далада көбірек жүруге кеңес берген. Түскі астан кейін жұмысқа шығамын, адамдарды қабылдаймын, мемлекеттік маңызды мәселелерді шешеміз. Осылай уақыт өтіп жатыр, – деп түйді Елбасы Н.Назарбаев. Деректі фильмнің толық нұсқасын төменде көре аласыз. https://youtu.be/lBG7KIHgINI