Қалыптасқан дәстүр бойынша ұлтымыздың қастерлі мерекесі қарсаңында Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздігімізді тұғырлы, мемлекеттілікті мығым, экономика дамуын екпінді етуге өз үлесін қосқан бір топ азаматқа өз қолымен мемлекеттік награда тапсырды.
Президент қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, егемендік – еліміздің баға жетпес байлығы екенін баса айтты.
– Мерейлі мемлекет болғанымызға 28 жыл толды. Бұл – тарихи белесіміздің бастауы, ұлы мейрам! Біздің буын Елбасының сарабдал саясаты арқасында халқымыздың асқақ арманын ақиқатқа айналдырды. Байрақты бабаларымыз бізге ұлан-байтақ жерді мұра етіп қалдырды. Олардың аманатына адал болу – баршамыздың киелі парызымыз. Азаттық үшін алысып, ел үшін жан пида еткен батырдың ерлігі ешқашан ұмытылмайды, – деді Қ.Тоқаев.
Еліміздің алтын дәуірі, дербес дамуы Егемендік алған күннен басталды. Көптеген жетістіктерге қол жеткіздік. Әлем бойынша 9-орындағы жеріміздің шекарасын толық шегендедік. Бүкіл әлем Тәуелсіз Қазақстанды сенімді серіктес ретінде таныды.
Алатаудың баурайынан елордамыз Арқа төсіне көшіп, Есіл жағасына ел қонды. Халық саны 2 миллионға көбейіп, Тәуелсіздік алдындағы демографиялық дағдарыс еңсерілді.
– Халықтың тұрмыс сапасын жақсарту басты міндетіміз болды. Қиындыққа толы алғашқы жылдарда экономикада түбегейлі реформаларды қолға алдық. Соның арқасында 28 жыл ішінде ЖІӨ 16 есеге өсіп, 180 миллиард долларға жетті. Осы көрсеткіш бойынша Қазақстан Орталық Азияда көш бастап келеді. Еліміз халықаралық экономикада өзінің лайықты орнын алды. Осының бәрі халқымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Бұл еліміздің абыройын және кемелдігін айқын көрсетеді, – деді Мемлекет басшысы.
Ол әлем қоғамдастығы соңғы елу жылдағы ең күрделі сенім дағдарысын бастан өткеріп жатқанына екпін түсірді және мұны «тұрақтылық пен ынтымаққа қауіп төндіретін үрдіс» деп атады.
– Азаматтар мен мемлекет институттары арасындағы қарама-қайшылық ушығып тұр. Күллі әлем жұртшылығы тұрмыс сапасын жақсартуды, тең мүмкіндік беруді және мемлекеттің ашықтығын талап етуде. Қазақстан әлемнің бір бөлігі. Ол мәселелердің елімізге де қатысы бар. Осындай жағдайда жалған ұрандарға сенген елдердің береке-бірліктен айырылғанына куә болып отырмыз. Демек, жағымсыз әрекеттерге дер кезінде назар аударып, халықтың мүддесіне сай саясат жүргізу өте маңызды, – деді ел Президенті.
Оның айтуынша, ең алдымен еліміздің тұғыры әрқашан мықты болуы керек. Ал бұл халқымыздың татулығына байланысты. Мемлекетімізді бақуатты елге айналдырып, азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту – ұлттық стратегиямыздың басты мақсаты.
Осыған орай, Қасым-Жомарт Кемелұлы бірқатар нақты міндеттерді шешуді «өзінің негізгі мақсатым деп санайтынын» мәлімдеді.
Экономиканың тұрақты өсіміне басты көңіл бөлінеді. Себебі кез келген елдің тәуелсіздігін сақтауының және гүлденуінің басты ұстыны – берік экономикалық база. Қазақстанның ЖІӨ жыл сайын кем дегенде 4% өсіп отыруы, кейін 5% межесіне шығуы – стратегиялық міндет.
Қ.Тоқаев Үкіметке келесі 2020 жылы «Бақытты отбасы» бағдарламасын кеңейтуді жүктеді. Жыл басынан бері осы бағдарлама арқасында 4 мыңдай аз қамтылған отбасы жаңа баспанаға қол жеткізіп, қоныстойын тойлаған. Сондай-ақ мемлекет халыққа өз бетінше тұрғын үй сатып алуына жағдай жасауда.
– Азаматтар жай тұтынудан жинақтауға көшудің қажетін түсінді. Мысалы, бүгінде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» 1,5 миллиондай салым ашылған. Әкімдіктерде баспана кезегінде тұрған 526 мың адамның 200 мыңы жинақ жинай бастады. Ендеше, олар қолжетімді шарттармен тұрғын үй мәселесін жылдам шешу мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар жауапты ата-аналар да 180 мыңдай балаға депозит ашқан, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысының байламынша, мұның бәрі әзірге жеткіліксіз.
– Қазір барға тоқмейілситін уақыт емес. Баспанасыздыққа қатысты жағдайды түбегейлі өзгерту керек. Бұл мәселе ұдайы басты назарымызда болады. Тұрғын үймен қамту – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басымдығы. Сондықтан жақын арада осы бағытта қосымша шаралар қабылданады. Үкімет «Бақытты отбасы» бағдарламасының игілігін үй кезегінде тұрған барлық азаматтарға тарату мәселесін пысықтауда, – деп хабарлады Қ.Тоқаев.
Ол баспанамен қамтамасыз ету мәселесіне бірінші кезекте мән берілетінін және бұл жұмыстың нәтижелерін ел жақында сезіне бастайтынын нықтады.
– Біз бюджет қызметкерлерінің еңбекақысын біртіндеп арттырып келеміз. Бұл ұстаздар қауымына, дәрігерлерге және мәдениет саласы мамандарына қатысты. Мысалы, келесі жылдан бастап мұғалімдер жалақысы 25 пайызға өседі, ал жалпы 4 жыл ішінде олардың жалақысы 2 есеге ұлғаяды. Көпбалалы отбасылар, зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар әрдайым мемлекеттің қамқорлығында болады. Біз әлеуметтік мемлекет екенімізді ешқашан естен шығармаймыз! Өзгеге қолдау көрсетіп, қол ұшын беру, көмектесу – халқымыздың қанына сіңген қасиет. Бұл – біздің ұлттық кодымызда бар нәрсе, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ол алда тұрған тағы бір маңызды міндет ретінде ұлттық сананы жаңғыртуды атады. Қазақстан Елбасы ұсынған «Рухани жаңғыру» жолымен алға қадам баса береді.
– Еңбекқорлық – әлем елдерін табысқа жетелейтін басты игілік. Біз дүниежүзіне еңбекқор ұлт ретінде танылуымыз керек. Мұқтаж жандарға көрсетілетін көмек пен масылдықтың аражігін ажырата білген жөн. Күнделікті өмірде ысырапшылдық пен өзгеге еліктеушіліктен арылуымыз керек. Ата-бабамыз дәріптеген қанағат пен үнемшілдікті жаңа буынның рухани тірегіне, асыл қасиетіне айналдыру қажет. Білімге деген құштарлық азаматтарымызды ғылым мен технология саласындағы зор жетістіктерге жетелеуі тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Президент «қазақ тілі өркениеттің ой-пікірін қалыптастыратын, өнертапқыштар мен ғалымдар сөйлейтін тілдермен қатар тұруы керегін» мәлім етті: «Сонда ғана ана тіліміз ұлтаралық қатынас тіліне айналады».
Келесі жылы республикамыз әл-Фарабидің 1150 жылдығын, ұлы Абайдың 175 жылдығын атап өтеді. Алтын Орда мемлекетінің 750 жылдығына арналған іс-шаралар ұйымдастырылуда. Мұның бәрі төл тарихымызды дәріптеп, рухани жаңғыруымыз үшін маңызды.
– Ел тарихындағы барлық жетістіктер – әр азаматтың ерен еңбегінің нәтижесі. Бүгінгі марапат иелері – соның жарқын көрінісі. Сіздер өнегелі істеріңізбен өзгелерге үлгі болып, көпшіліктің құрметіне ие болып келесіздер. Өз саласында ерекше табысқа жеткен азаматтардың бәрі ең жоғары наградаларға лайық, – деді қатысушыларға қайырылған Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ақордада «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы халық артисі Роза Рымбаеваға, 25 жыл шахтада жұмыс істеген кенші Тұрсынбек Мақышевке берілді.
«Отан» орденін жазушы Илья Жақанов иеленді.
І дәрежелі «Барыс» орденімен – Социалистік Еңбек Ері Бибігүл Төлегенова, ғалым Әділ Ахметов, жазушы Төлен Әбдік, Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов, ғалым Мекемтас Мырзахметов, ал ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен – академик Ғарифолла Есім марапатталды.
ІІІ дәрежелі «Барыс» ордені профессор Мәмбет Қойгелдиевке, жазушы Қойшығара Салғараұлына ұсынылды.
Димаш Құдайберген және Тамара Асар «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атанды.
«Парасат» орденіне журналист-публицист Жанболат Аупбай лайық деп танылды.
Мемлекет басшысы ІІ дәрежелі «Достық» орденін Президент кеңесшісі Ерлан Қаринге, «Құрмет» орденін – Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлиге табыс етті.