Дариға Назарбаеваның төрағалығымен өткен жалпы отырыста Сенат оңалту және банкроттық рәсімдерін жетілдіретін жаңа заң жобасын кемеліне келтіріп, түзету енгізіп, Мәжіліске кері қайтарды. Құжат кәсіпкерге бұрынғыдай сергелдеңге түспей, сәтсіз бизнесін тез жабуға мүмкіндік беруге тиіс.
«Кейбір заңнамалық актілерге оңалту және банкроттық рәсімдерін, бюджет, салық заңнамасын және теміржол көлігі туралы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деген ұзын сонар атауы бар заң жобасы екінші оқылымда қаралды. Жоғарғы палата түзетулеріне Мәжіліс келіссе, онда құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жолданбақ.
Сенатор Нұрлан Қылышбаев талқылау барысында жобаны пысықтай түсу қажет болғанын атап өтті. Мысалы, қолданыстағы Бюджет кодексі «Бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлағаны және тиімсіз пайдаланғаны үшін жауаптылық» деген жаңа 104-1-баппен толықтырылды. «Қаржылық орнықтылық сыныптарын айқындау» деген жаңа 49-1-бап пайда болды. Дәрменсіз жағдайға жеткен кәсіпорынды уақытша басқарушыға төленетін негізгі сыйақы мөлшері белгіленбек.
Бұдан бұрын заң жобасының мән-маңызын депутаттарға Үкімет басшысының бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов түсіндірген болатын.
Ұқсас жағдай оңалту саласында да қалыптасқан. Судьялар «борышкер төлем қабілеттілігін және ресурстарының барлығын дәлелдей алмады» деген себеппен көбіне оңалту рәсімін қолданудан да бас тартады. Салдарынан, кәсіпкер ескі бизнесін жоя алмайды, жаңасын ашайын десе, бұрынғысының проблемалары адымын аштырмайды.
Осыған байланысты жаңа заң жобасы оңалту және банкроттық рәсімдерін қолдану үшін шарттарды жеңілдетуге, сондай-ақ рәсімдерді жүргізу мерзімдерін қысқартуға және әрекетсіз борышкерді жабуды жеңілдетуге бағытталған.
Мәселен, оған сәйкес борышкер 4 айдан астам міндеттемесін орындай алмаса, оңалту рәсімін қолдануға құқығы бар. Банкроттықтың жаңа тетігі де оңайлау: егер борышкер қарыздары активінен, дүние-мүлкінен аса берсе, бизнесін жабу туралы өтінішпен сотқа жүгінуге құқылы.
Бұған қоса, банкроттық рәсімін өткізу мерзімі қысқартылады. Ұзақ уақыт бойы жұмыс істемейтін борышкер атаулының бәрін банкроттық рәсімін қозғамай-ақ, жеңілдетілген түрде таратуға жол ашылады. Бұл ретте әкімшіні тарту да қажет болмай қалады.
Құжат кәсіпкерлерге тағы бір сыйлық жасайды: Президенттің тапсырмасы бойынша патент секілді арнайы салық режимдерін қолданатын микро және шағын кәсіпкердің барлығы 2020 жылдан бастап корпоративтік табыс салығын, әлеуметтік салықты және бірыңғай жер салығын төлеуден босатылады.
Қаржы министрлігінің дерегінше, осы бастамалар қабылданғасын, бизнестің оңалту және банкроттық рәсімдерін қолдануы қазіргіден 32%-ға артпақ. Сондай-ақ олардың мерзімдерін 20% қысқарту және шығындарын 40%-ке дейін кеміту нәтижесінде Қазақстанның Doing Business рейтингіндегі орны жақсаруға тиіс.