Борышқа белшеден батқан адам өзге ел азаматтығын иеленіп, тайып тұруға талпынса, мұндай қулықтың құйрығы – бір-ақ тұтам! Енді оларды шекарашылар мен кеденшілер сыртқа аттап бастырмайды. Басқаның азаматтығын алғандар бұдан былай борышын толық өтемей, шетелге кете алмай қалады.
Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында Мәжіліс «Кейбір заңнамалық актілерге көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын 1-оқылымда мақұлдады. Құжатта мысалы, тек оралмандармен жұмыс істейтін Бейімдеу және ықпалдастыру орталықтарының функциясын кеңейту ұсынылады. Жобаға сәйкес, оңтүстік облыстан солтүстік өңірге қоныс аударушыларды орналастыру, жұмыспен қамту, бейімдеу жөніндегі әлеуметтік қызметтер кешенін ұсыну да осыларға берілмек.
Бұған депутаттар таңғалды. Біріншіден, бейімдеу орталықтары Қарағанды, Түркістан облыстарында және Шымкентте ғана орналасқан. Ал жұмыс күші шектен тыс көп өңірлерден қоныс аударушылар Үкімет ұсынысымен мүлдем басқа облыстарға – ШҚО, Қостанай, Павлодар, СҚО жаққа бет алады.
Екіншіден, осы орталықтар қызметін атамекенге қайтқандар қатты сынап жүр: заңгерлік көмек сыртында орысша үйретеді. Содан қандастар арасында: «Отаныма орыстану үшін оралдым ба?» деген наразылық туатын. Әрине, облыс арасында көшетін қазақстандықтарға ондай қызметтің қажеті жоқ: зерттеулер көрсеткендей, халқымыздың 97 пайызы орыс тілін біледі.
Заң жобасын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген. Министр Біржан Нұрымбетов депутаттар сынына көнді.
– Келісемін. Бұл орталыққа ондай қосымша функция беру орынды ма екен. Біз 2017-2021 жылдарға арналған Көші-қон саясаты тұжырымдамасын қабылдағанбыз. Сол құжатта бейімдеу орталығы тек оралмандармен ғана емес, сондай-ақ қайта қоныстанушылар ісімен де айналысатыны жазылған. Тұжырымдаманы орындау үшін осы норманы ұсындық. Қазір орталықтар саны аз. Мысалы, Маңғыстауда жабылды. Қалғандары 431 орынға есептелген. Айналасында 136 мың қандас тұруда, – деді министр.
Н.Нығматулиннің байламынша, бөтен елден келген ағайындарды жаңа ортаға үйреткен, заң және құқық көмектерін берген дұрыс.
– Қазақстанның бір өңірінен екіншісіне барған азаматтарға орталықтың қажеті қанша? Мысалы, астана көшкеніне 22 жыл толды. Қоныс аударғандар депутаттар арасында да отыр. Жергілікті қоғамға кіріккені сонша, ақмолалықтардан айыра алмайсыз. Ешқандай бейімдеуден өтпеді. Айталық, Түркістаннан СҚО-ға бет қойған отбасы бөтен жерге бармайды. Республикамыздың қай түкпірінде тұрса да заң ортақ. Жаңа орнында қай жерде өмір сүріп, нендей жұмыс істейтінін жауапты құрылымнан алдын ала біледі. Бұлар арасына делдал инстанция құру қажет емес. Ол бюджеттен қосымша шығын шығаруға соқтырады. «Тұжырымдамада бар» дейсіз. Мен сізден басқа дәйектеме естімедім! – деп нықтады Нұрлан Зайроллаұлы.
Сондықтан Мәжіліс төрағасы екінші оқылымға дайындау барысында заң жобасын әбден пысықтап, орталық функциясын кеңейту туралы бапты қайта қарауды тапсырды. Ол «қызметі заманауи өмір шындығына жауап беруі үшін бейімдеу орталықтарының жұмысын түбегейлі түрде қайта форматтау» керегін қадап айтты.
Отырыста «азаматтығы жоқтар» жасайтын қылмыс саны артқаны жария етілді. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, азаматтығы жоқ адамдардың (АЖА) ел заңнамасын бұзу көлемі артуда. 2016-2018 жылдар аралығында Қазақстанда осы санаттағылар саны 1,2 есеге көбейген. Ал олар жасаған заңбұзушылық саны 4,5 есеге өсіпті.
ІІМ басшысының бірінші орынбасары Марат Қожаевтың дерегінше, қазіргі кезде мемлекетімізде 7 мыңнан астам АЖА бар. Олар жасайтын қылмыстар негізінен, «ел аумағында еш құжатсыз және тіркеусіз тұруымен» байланысты көрінеді. Біразы АЖА куәлігін жоғалтып алады. Не құзырлы органдар бекіткен жерден өзге өңірге кетіп қалады. Сол себепті құқық қорғау органдары оларға қатысты дүркін-дүркін рейд жүргізіп, әшкерелеп отырады. Әйтпесе, қазақ еліне қарау ниетпен келгені де болуы ғажап емес. Дегенмен М.Қожаев АЖА-лар көші-қон ахуалының нашарлауына салмақты ықпал етпейтініне сендірді.
Айтқандай, І оқылымда құпталған осы заң жобасы арқылы елімізде «оралман» термині «қандас» деп ауыстырылады. Яғни, заң жүзінде бекітілмек. Aiqyn және Egemen Qazaqstan газеттеріне қыркүйектегі сұхбатында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «оралман» сөзіне қарсы екенін жеткізді. Ізінше Президент Twitter парақшасында тарихи Отанына келген қазақтарды «оралман» деп атаудан бас тартып, «қандас» деу жөн болатынын, жеті атасын білетін халыққа «қандас» ұғымы жарасатынын мәлімдеді.