Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстанның мемлекеттік наградаларын, сондай-ақ әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы 2019 жылғы мемлекеттік сыйлық лауреаттарына дипломдар мен төсбелгілерді салтанатты түрде тапсырды.
Бұл құрмет-қошеметке белгілі мәдениет, ғылым, білім, денсаулық сақтау салаларының қайраткерлері, өндірістік сала өкілдері ие болды.
Жыл сайын Тәуелсіздік күні қарсаңында Мемлекет басшысы Қазақстанның дамуы мен өркендеуіне ерекше үлес қосқан азаматтарды мемлекеттік наградалармен және сыйлықтармен марапаттайды. Бұл игі дәстүрге айналған.
– Мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар – сіздердің елімізді әлемдегі дәулетті, парасатты әрі бәсекеге қабілетті мемлекетке айналдырудағы жасампаз еңбектеріңізге, білімдеріңізге, қажыр-қайраттарыңызға және сіңірген еңбектеріңізге берілген жоғары баға, – деді Қырымбек Көшербаев.
Мемлекеттік хатшы марапат иелеріне жаңа табыс мен жетістік тіледі.