Түркістан облысында сайлаушылар белсенді түрде дауыс беріп жатыр
Түркістан облысында сайлаушылар белсенді түрде дауыс беріп жатыр
345
оқылды
Бүгін елімізде өтіп жатқан Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттар сайлауы Түркістан облысында да  таңертеңгі сағат 7.00-де басталып, сайлаушылар 911 учаскеде дауыс беріп жатыр. Шетелдік және отандық байқаушылар да қадағалап отыр. Жалпы, облыс бойынша сайлауға қатысып, дауыс беруге құқылы 1 160 138 сайлаушы бар. Өңірде ертемен дауыс беруге келіп жатқан сайлаушылардың белсенділігі жоғары. Солардың бірі облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Мәдениет сарайында орналасқан  №133 сайлау учаскесінде дауыс берді.  width=БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында облыс әкімі Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауы еліміздің жаңа тарихындағы маңызды кезең екенін атап өтті.
«Бүгінгі күн еліміз үшін өте маңызды. Еліміздің болашағын қалыптастыратын үлкен саяси іс-шара өтуде. Бұл сайлау өте ерекше сайлау.  Өйткені партиялық  тізіммен сайлау өтіп жатыр,  өте ашық, бәсекелестік бар.  Сондықтан Түркістан облысының тұрғындарын өздерінің Конституциялық құқықтарын пайдаланып,  белсенді түрде дауыс беруге шақырамын. Бұл сайлау еліміздің келешек жылдардағы болашағын айқындайтын үлкен іс-шара.  Сондықтан белсенді қатысу әр азаматтың міндеті деп ойлаймын», – деді облыс әкімі.
Мәселен, №133 сайлау учаскесінде 2008 дауыс беруші теркелген. Сайлау учаскесінде Өзбекстан Республикасынан арнайы келген бір топ халықаралық байқаушы қатысты. Сайлау барысына 7 байқаушы қатысуда. Учаскеде барлық санитарлық талап сақталған және кіреберісте дене қызуы өлшеніп, тегін бетперде мен қолғаптар таратылады.  width=Конституциялық мерзімге сай өтіп жатқан Мәжіліс сайлауына елімізде тіркелген 5 саяси партия, атап айтқанда, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «Nur Otan» партиясы, ADAL саяси партиясы, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы, «Қазақстанның Халық партиясы» депутаттық мандаттан үмітті. Бұл партиялар барлық деңгейдегі жергілікті мәслихаттарға да өз кандидаттарын ұсынған. Еске сала кетсек, Түркістан облысында сайлаушыларға барлық жағдай жасалған 911 учаске жұмыс істеп тұр. Таңнан бері тұрғындар белсенді дауыс беруде, облыста барлығы 1 160 138 сайлаушы бар. Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, облыста 17 аумақтық сайлау комиссиясының 119 комиссия мүшесі және 911 учаскелік сайлау комиссияларының 6 193 комиссия мүшесі бар. Комиссия мүшелерінің барлығы каскадтық әдіспен толық оқытылып, тестілеуден өткізілді. Саяси партиялардан тіркелген адамдарының саны 4 259 болды. Дауыс беру құқығын беретін 11 600 есептен шығару куәлігі 911 сайлау учаскелеріне берілген. Түркістан облысына 320 депутаттық мандат берілген. Оның ішінде облыстық мәслихатқа – 45, қалалық мәслихатқа – 47, Түркістан – 16, Арыс – 13, Кентау – 18 және аудандық мәслихатқа – 228. Аудандарда да сайлауға дауыс беру белсенді түрде жүріп жатыр. Осы тұрғыда, бақылаушылардың да пікірін білген едік. Солардың бірі Шардара ауданындағы сайлау учаскелерінің біріндегі бақылаушы Салтанат Құдайбергенова.
«Мен Салтанат Омарханқызы Құдайбергенова №907 сайлау учаскесінің Түркістан облысы білім жане қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының бақылаушысымын. Шардара ауданы №907 сайлау учаскесі таңғы сағат 7:00-ден сайлаушыларды қабылдауда. Сайлау барысында төтенше жағдай шараларының ережесіне сәйкес азаматтар бетперде тағып, антисептиктерді пайдалануы қадағаланып жатыр. Сонымен қатар кұқық бұзушылықтар мен артық үгіт- насихат жұмыстары жүргізіліп жатқан жағдай жоқ. Сайлаудың әділ өтуі басты назарға алынған» , – деді.  width=Ал кеншілер қаласы  – Кентаудағы Ғалымжан Тәжібаев есімді бақылаушы халықтың белсенді қатысып жатқанын айтады. 
«Сайлауда Кентау қаласындағы №35 сайлау учаскесіне бақылаушы болып тіркелдім. Сайлау учаскесі ашылып, жұмысын бастаған сәттен жергілікті тұрғындар келіп, белсенді түрде өз таңдауын жасауда. Науқан барысында ешқандай заңбұзушылықтар мен келеңсіз оқиғалар болған жоқ. Елдің ертеңі үшін маңызды саналатын саяси дода әділ әрі таза түрде өтіп жатыр», – дейді Ғ.Тәжібаев.
Облысы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірдегі сайлау учаскелерінде барлық тиісті жағдай жасалған. Айталық, дауыс беру құқығы бар азаматтар өзінің сайлау учаскесін қарапайым жолмен таба алады.
Сайлаушылардың тізімін әзірлеуге жауапты жергілікті әкімдіктер ресми сайтқа арнайы баннер орналастырып, Call-орталықтар, Telegram-боттар орнатып қойған. Сол ресурстарға кіру арқылы кез келген азамат өзінің тұрғылықты жері бойынша сайлау учаскесін анықтай алады. Тарқатып айтқанда, 6 қарашадан бастап Түркістан облысының әкімдігі жанынан азаматтарға, оларды сайлаушылар тізіміне енгізу туралы ақпарат беру жөніндегі 109 нөмірлі «Сall-орталық» іске қосылды.  width=Операторлар жұмыс күндері сайлауға қатысты барлық сұраққа жауап береді. Сонымен қатар сайлау бойынша сауалдарды sailau2021@iturkistan.kz электронды поштасына жолдауға болады. Сондай-ақ сайлаушылар үшін https://tur.saylaw.kz/ сайты және Telegram-бот @tur_saylaw_bot мобильді қосымшасы жұмыс істеп тұр.