Сайлау учаскелерінен онлайн видеотрансляция тарату – заңсыз
Сайлау учаскелерінен онлайн видеотрансляция тарату – заңсыз
272
оқылды

Алматыда «Бейтарап және әділ сайлау туралы» Хартияның бастамашысы, қоғам қайраткері Айгүл Соловьева мен «Жастарға жол» Қоғамдық қорының президенті Рафаэль Гасанов жалпықалалық баспасөз орталығында өткен брифингте дауыс берудің барысы туралы айтып берді.

А.Соловьева сайлауды өткізу туралы айта келіп, Хартияның бастамашысы ретінде халықаралық нормалардың сақталуына ерекше назар аударатынын атап өтті. «Біріншіден, үміткерлерді тіркеу инклюзивті болды. Қазір өзімдегі мәліметтерге сәйкес, сайлау учаскелерінің жұмыстары тиімді ұйымдастырылған. Қоғамдық талқылау жүріп жатыр. Біз әлеуметтік желілерге мониторинг жүргіземіз. Кейбір сайлау учаскелерінде тікелей видеотранслциялардың жүріп жатқанын көрдік, ал бұл ОСК-ның қаулысына қайшы. Біз оны белгілеп алдық. Сайлау учаскесінде стрим жасау заңнамаға сәйкес сайлау процесіне қысым жасау болып табылады. Процедуралық бұзушылықтар туралы айтуға әлі ерте. Біз оларды әзірше байқамадық», – деді ол. Рафаэль Гасанов та бақылаушылардың рұқсатынсыз оларды видеоға түсіру әрі оны үшінші бір адамдардың тікелей эфир арқылы таратуы заңсыз деп санайтынын айтты. «Рұқсатсыз тікелей эфирге түсіру – әбестік. Тікелей эфир авторларынан бақылаушылардың рұқсатынсыз тікелей эфирді тоқтатуды сұраймын. Қандай да бір бұзушылықтар болса, оны түсіріңіз. Біздің сенім телефонымыз бар, соған хабарласыңыз, оны тіркеп, есебімізде көрсетеміз», – деді ол. Сонымен қатар, Р. Гасанов «Жастарға жол» Қоғамдық қорының мобильді тобы қаланың барлық сайлау учаскелерінде болғанын айтты. Сайлау учаскелерінен бақылаушылардың әлеуметтік арақашықтықты сақтамайтындығы туралы ақпарат келіп түскен. «Осыған орай үкіметтік емес ұйымдардың бақылаушыларын жауапкершіліктерін күшейтуге және әлеуметтік арақашықтықты сақтауға шақырғым келеді. Карантиндік шараларды сақтауға тиіспіз», – деп атап өтті Р.Гасанов. Жалпы, осы сағатта «Жастарға жол» Қоғамдық қорының сенім телефонына 48 қоңырау түскен.