Сайлау қарсаңындағы "тыныштық күні" Алматыда үгіт жүргізген адамға айыппұл салынды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Бас прокурордың аға көмекшісі Азамат Сарғазин хабарлады.
«ҚР Сайлау туралы конституциялық заңына сәкес сайлау болатын күні және оның қарсаңындағы күні кез келген үгітке тыйым салынған. Алайда кеше тыныштық күні Алматы қаласында Б. деген азамат. «Ақ жол» партиясын қолдау үшін анонимдік үгіттеу материалдарын таратумен үгіт жүргізген. Аталған факті бойынша Алматы қаласы прокуратурасы оны қысқартылған өндіріс тәртібінде, яғни кінәсін мойындауына байланысты материалдарды сотқа жолдамай, Әкімшіліқ құқық бұзушылық туралы кодекстің 102 және 113-баптарына сәйкес жалпы 20 АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартты», – деді ол.
Оның айтуынша, кешегі күнге Прокуратура органдарына екі өтініш келіп түсті. Біреуі Бас Прокуратураға жолданған. Онда Алматы тұрғыны дауыс беру кабиналарында перделердің болмауына байланысты дауыс беру құпиясын бұзудың алғышарттары туралы өтінішпен жүгінген. Аталған өтініш құзыреті бойынша Алматы қаласы аумақтық сайлау комиссиясына жолданыпты.
«Ал екінші шағым елорданың Есіл аудандық прокуратурасына Қазақстан халық партиясының мүшесінен өтініш келіп түсті. Онда ол өзінің партиялық тізімге енгізілмегенімен келіспейтінін білдірді. Прокуратура оған партияның осы шешіміне қатысты сотқа шағымдану құқын түсіндірді. Өйткені бұл партияның ішкі актілерімен реттеледі», – деді Бас прокурордың аға көмекшісі.
Тұмар МЫРЗА