Сайлауға қатысты қауесеттердің мән-жайы анықталды
Сайлауға қатысты қауесеттердің мән-жайы анықталды
369
оқылды

Дауыс беру күні сайлауға қатысты бірқатар жалған және жаңсақ ақпараттар әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді кезіп кетті. Бір жақсысы, оларға дер кезінде жауап беріліп, шынында не болғаны халыққа түсіндіріп отырылды.

Мысалы, «Ел дауысы» қоғамдық қоры Алматыдағы №539 сайлау учаскесінің уақытынан бұрын ашылғаны туралы хабарлады. Сөйтсе, байқаушылар учаскенің жұмыс тәртібін дұрыс түсінбеген екен. Орталық сайлау комиссиясы біраздан бері «2021 жылғы 10 қаңтарда барлық сайлау учаскелерінің таңғы 6:00-де жұмысқа кірісіп, 7:00-де дауыс берушілерді қабылдай бастайтынын» айтып келеді. Өйткені бір сағаттық үзіліс сайлау комиссиялары дауыс беру процесіне дайындықты тағы бір пысықтап, іске қызу кірісулері үшін қажет. «Nur Otan» атынан байқаушы Римма Суатбаева №539 учаскенің күнібұрын ашылмағанын растады. «539-шы учаске мерзімінен ерте ресми түрде ашылған жоқ. Учаскелік сайлау комиссиясы дайындық жұмыстарын жүргізді. Есік тек қызметкерлер үшін ғана ашық болды. Учаске №174 мектеп-гимназияда орналасқан. Учаске өз уақытында ашылды. Барлық санитарлық нормалар сақталды. Дәрігер ретінде бұл мен үшін маңызды. Суық ауа райына және демалыс күніне қарамастан, сайлаушылар таңғы 7-ден бастап, белсенді келе бастады», – деп жазды бүгінгі таңғы 7:45-те Р.Суатбаева өзінің Фейсбук-парақшасында. Бұдан бөлек, «Ел дауысы» Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласында №617 сайлау учаскеде бақылаушылардың «орындықтан шектелгенін» мәлімдеді: 4 бақылаушы келген екен, алайда оларға тек 2 орындық қана беріліпті. Әрине, қарапайым орындық табу еш қиындық саналмайды. «Nur Otan» атынан байқаушы Эдгар Бэрроуз таңғы онда аталған учаскеде ешқандай бұзушылықтың байқалмағанын жеткізді. «10 қаңтар – Қазақстан үшін маңызды күн. Бүгін Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауы өтуде. Мен байқаушы ретінде №617 сайлау учаскесінде отырмын. Бұзушылықтар тіркелмеді. Сайлау ашық әрі адал өтуде», – деді Э.Бэрроуз. Сонымен қатар «Ел дауысы» ұйымының Telegram-чатында таңғы 6 жарымға қарай Шымкент қаласында №130 сайлау учаскесінде сайлау комиссиясының мүшелері тәуелсіз байқаушылардан соттан әлдебір құжаттар әкелуді сұрап жатқаны туралы ақпарат жарияланды. «Nur Otan» атынан байқаушы Гүлнәз Әбдірова жедел түрде үн қатты. «Мен Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлау науқанында №130 сайлау учаскесінде байқаушымын. Қазіргі кезде сайлау процесі таза және әділ өтіп жатыр», – деп хабарлады Г.Әбдірова. Мұның сыртында Нұр-Сұлтанда №88 сайлау учаскесінің мекен-жайы өзгеріп кеткені белгілі болды: «Таңертең №88 учаскесінде сайлау үдерісін қадағалау үшін үш байқаушы және екі сайлаушы Сембинов көшесіне барды. Күзетшілер учаскенің мекенжайы ауысып кеткенін айтты. Қайда ауысқанын ешкім білмейді. Байқаушының бірі көшеде босқа жаурамау үшін жоспарланбаған басқа учаскеге кетті», – деп жазды Ильяс Мыңжасаров. «Nur Otan» атынан байқаушы Балауса Қайырғалиева таңертең аталған учаскеде біраз байқаушылар барын хабарлады. «№88 сайлау учаскесі «Жұбанов көшесі, 7» мекенжайында орналасқан. Азаматтардың белсенділігі таңнан бері артуда. Байқаушылар қатаң бақылауда. Үлкен ата-апаларымыз бен балаларды көбірек байқаудамыз. Жағдай бірқалыпты», – деді Б.Қайырғалиева. Айтқандай, әлеуметтік желілерде партиялар атынан сайлаушыларға сыйлық берілетіні туралы да фейк-жаңалық болған. Шынында, ондай сыйлықтардың бірде бір партияға қатысы жоқ. Оны мысалы, таңғы 7-де дауыс беруге бірінші болып келген сайлаушыларға сайлау комиссиялары ұсынды. Бұл бұрыннан келе жатқан дәстүр. Осы арқылы сайлаукомдар азаматтардың дауыс беруге белсенді келіп, өз таңдауын жасауына ынталандырады. Ал сыйлық алған азамат ары қарай қандай партияға дауыс беремін десе де өз еркі. Заңда тек партиялардың ғана сыйлық беруіне тыйым салынған. Балауса Қайырғалиева да №88 сайлау учаскесінде сайлаукомдар туған күн иелері мен алғаш рет дауыс беріп отырған азаматтарға ұлы Абайдың кітаптарын естелікке тапсырғанын айтты.