Тәуелсіздік мерекесіне орай Түркістан қаласында еліміздің ең маңызды мерекесі кең көлемде атап өтілді.
Шара аясында еңбегі еленген бірқатар азаматтарға мемлекеттік марапаттар мен Мемекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табысталды. Сонымен қатар өңірдегі бірқатар басылым басшыларына қызметтік жаңа пәтердің кілті берілді.
Салтанатты шарада алдымен сарбаздардың сап түзеуімен Мемлекеттік Ту орнатылып, Әнұран орындалды.
Сөз алған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев баршаны еліміздегі ең маңыды мерекесі - Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
«Кешегі ата-бабаларымыздың теккен тері мен қан майдандардағы аққан қанының өтелуі – бүгінгі Тәуелсіздік. Қаншама қилы кезеңдерді басынан кешіп, болашақ ұрпағына бейбіт күнді сый еткен бабаларымыздың аманатына адалдық таныту біздің ең үлкен міндетіміз. Биыл біз ел Тәуелсіздігінің 28 жылдығын толағай жетістіктермен қарсы алып отырмыз. Осы жылдар ішінде еліміз қарқынды даму жолына түсіп, бәсекеге қабілетті мемлекетке айналды. Экономикалық, әлеуметтік салаларда табысқа жетіп, дамыған еңселі елдер қатарындағы өз орнымызды айшықтап алдық. Біз осы жетістіктердің барлығына бірлік пен бейбіт өмірдің арқасында қол жеткіздік. Сондықтан ел егемендігін алған күн баршамыз үшін және әлемнің әр қиырындағы қандастарымыз үшінде ұлы мереке. Осы асыл қазынамызды көзіміздің қарашығындай сақтап, бірлікті ту етіп, елімізді дамыған мемлекетке айналдыру жолында аянбай еңбек етуіміз қажет. Ынтымағымыздың іргесі сөгілмей, мәңгілік ел болайық – деген Өмірзақ Естайұлы қасиетті қаланың тек бір ғана мемлекеттің емес, бүкіл түркі жұртының мәртебелі мақтанышы екендігін атап өтті.
«Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Түркістан облысы құрылып, рухани шаһарға облыс орталығы мәртебесінің берілуде Тәуелсіздіктің бір жемісі. Жарлықтың жарияланғанына бір жылдан аса уақыт өтсе де Түркістан қаласы ажарланып келеді. Қала келбетіне көрік қосатын ғимараттардың алғашқылары пайдалануға беріліп өз жұмысын бастады. Бұл Елбасының Түркістан облысына, оның орталығы Түркістанға деген ықыласының ерекше екендігін көрсетеді. Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев тарапынан да қалаға маңызды қолдау көрсетіліп жатыр. Түрлі тарих толқындарынан аман өткен Түркістан қаласы еліміздің тәуелсіздігімен бірге жасап, жыл сайын көркейіп келеді. Енді біздің алдымызда Түркістанның туристік рухани және мәдени әлеуетін арттыру міндеті тұр – деді Өмірзақ Естайұлы.
Мерекелік шарада мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік – экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін біршама облыс тұрғындары мемлекеттік наградаларға ие болды. Атап айтар болсақ, «Парасат», ІІ дәрежелі «Достық», «Құрмет», ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені мен «Ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медалі және ҚР Құрмет грамотасы, ҚР Президентінің Алғыс хаты, «Nur Otan» партиясының белсенді қызметі үшін төсбелгісі табысталды. Сондай-ақ, жиында облыстық «Оңтүстік Қазақстан», «Южный Казахстан», «Жанубий қозоғистон» газеттерінің бас редакторлары мен бірінші орынбасарларына пәтер кілттері берілді.
Салтанатты табыстаудың соңы концерттік бағдарламаға ұласты.