Атырау қаласы сайлау учаскелерінде халықтың дауыс беру белсенділігі жоғары.
Қала іргесіндегі ауылдың әлеуметтік мәселелері үнемі жергілікті атқарушы биліктің назарында болғандықтан, Ақжар ауылының сәулеті жыл сайын көркейіп, тұрғылықты халық саны көбейіп келеді. Қазір ауылда 800-ге жуық тұрғын бар. Бүгін Ақжар ауылдық мәдениет үйінде 265 сайлау учаскесі сайлаушылардың санитарлық талаптарды сақтап, дауыс беруіне мүмкіндік жасады.
–Халық жақсы көңіл күймен қатысты. 200-ге жуық сайлаушы дауыс берді. 2 адам үйден дауыс беруге өтініш білдірген. Санитарлық талап сақталған. Халықаралық БАҚ өкілдері келіп, сайлауға халықтың қатысуын бақылап, өздерін қызықтырған сұрақтардың жауабын алды. Барлық партия байқаушылары қатысып отырған сайлау учаскесінде заңбұзушылықтар тіркелген жоқ, – дейді Nur Otan партиясының байқаушысы Роза Игликова.