Бұл сайлау бұрынғыдан өзгерек
Бұл сайлау бұрынғыдан өзгерек
166
оқылды
Мәжіліс және мәслихат депутаттары сайлауы аяқталып келеді. Енді дауыс беру жабық деп жарияланып, бюллетеньдер түгенделеді, дауыс саналады. Болжам бойынша, Нұр-Сұлтан қаласындағы №111 сайлау учаскесінде тізімдегі 3 690 адамның жартысына жуығы дауыс берген. Бұлай деп байқаушылар пулы топшылап отыр. Ұлттық кітапхана ғимаратына келіп дауыс берген сайлаушылардың ішінде Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев, Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин, ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов және Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева болды. Еліміздегі тарихи маңызды оқиғаның байқаушылары дауыс берушілердің тең жартысы жастар болғанын ерекше атап өтіп отыр. Олардың ішінде өмірінде ең алғаш рет дауыс беру құқығына ие болып отырғандар да бар. Оларға сайлау комиссиясы алдын ала сыйлық дайындаған екен. Осылайша, азаматтық борышына жауапкершілікпен қарап, бірінші рет дауыс бергендерге «Абайдың қара сөздері» кітабы тарту етілді.
«Бұл жақсы нышан. Былтыр ұлы Абайдың 175 жылдығына орай мерекелі жыл болды. Ендеше, сайлауда кітаптардың тарту етілуі еліміздегі тарихи оқиғалардың ғана емес, рухани сабақтастықтың да символикалық үлгісі. Таяуда Мемлекет басшысы өз мақаласында «Мемлекеттік тіл – тек парыз ғана емес, міндет те болуы керек» деп атап өтті. Ендеше, қазақ тілінің қайнар бұлағы – Абай. Одан сусындаған ұрпақ біздің тәуелсіз Қазақстанымыздың жарқын болашағы. Біз сол жарқын болашақтың кірпішін бүгін қалап жатырмыз», – дейді Ұлттық кітапхана директоры Үмітхан Мұңалбаева.
Одан бөлек, осы күні сайлау барысын тексеріп келген халықаралық байқаушылар тобы да учаскеге жоғары баға беріп кетті. Олар дауыс берушілердің көптігін ерекше атап өтті. Әсіресе, түскі уақытқа дейін келушілер қарасының нөпірі толастаған жоқ. Оны осы төрт-бес сағаттың ішінде сайлау жәшігі бюллетеньдерге толып кеткенінен де аңғаруға болатын еді. Байқаушылар бұл сайлау бұрынғы сайлаулардан өзгерек болғанын айтады.
«Азаматтардың белсенділігі, жастардың көптігі, халықаралық байқаушылардың алуандығы жағынан биылғы сайлау ерекше болды. Жергілікті байқаушылардың да әр саладан, түрлі мүддемен келіп отырғанына қарамастан ауызбіршілігі басым болды. Мәселен, біздің учаскеге Түркия, ТМД және ОБСЕ байқаушылары келді, азды-кем әңгіме-дүкен құруға мүмкіндік туды. Олардың қай-қайсысы да: «Қандай наразылықтарың бар?» деп сұрады. Сол кезде 11 байқаушы бірауыздан «Бізде бәрі дұрыс!» деп шу ете түскенде өзім іштей әрі таңырқап, әрі риза болып қалдым. Әйтпесе, талай сайлауда түрлі жағдайлар болып жататынына сырттай қанықпын», – дейді тәуелсіз байқаушы Кәрімбек Құрманалиев.
Елордада бүгін 283 сайлау учаскесі жұмыс істеген болатын. Солардың ішінде 50 учаске биыл жаңадан ашылды. Бұл елордамыздағы электораттың көбейе түскенін аңғартады. Ал бүгінгі азаматтық белсенділігі олардың тек санының емес, саяси сауаты мен қоғамдық жауапкершілігінің де артып келе жатқанын білдіреді.                                                                                                                                   Нұрлан ҚОСАЙ