Алматылықтардың сайлауға қатысу белсенділігі орташа болды – Бигелді Ғабдуллин
Алматылықтардың сайлауға қатысу белсенділігі орташа болды – Бигелді Ғабдуллин
304
оқылды
Алматыда «TAZA SAILAU» тәуелсіз байқаушылары брифинг өткізіп, бүгінгі сайлау барысы туралы өз ойларын ортаға салды. Азаматтық қозғалыс байқаушылары еліміздің 25 қаласында белсенді жұмыс істеп, БАҚ пен әлеуметтік желілерде сайлау барысы туралы үздіксіз материалдар жариялап отырды. Қоғам қайраткері Бигелді Ғабдуллин жалпы сайлау барысының тұрақты, қалыпты болғанын тілге тиек етіп, алматылықтардың сайлауға қатысу белсенділігі орташа болғанын айтты. Ал онлайн форматта брифингке қатысқан журналист Махат Садық Нұр-Сұлтан қаласы бойынша сайлау учаскелерінде болып, сайлау комиссиясы өкілдерімен әңгімелескенін баяндады. Ол астана орталығында тұратын сайлаушылардың белсенді болғанын, ал қаланың шеткі аудандарында белсенділік шамамен 3 есе аз болғанына тоқталды. Қатысушылар әлеуметтік желілерде нақты емес ақпараттардың көптеп тарап жатқанын айтқан. Тележүргізуші Ерқанат Көпжасар Алматы қаласы учаскелерінде болып, жағдайды бақылаған. Мониторинг барысында ол «Азаттық» журналисі мен №173 сайлау учаскесі комиссиясы төрағасы арасында болған түсініспеушілікке куә болған. Ол БАҚ өкілдеріне қандай да бір кедергі болмауы керектігін түсіндірген. «TAZA SAILAU» тәуелсіз байқаушылары жалпы сайлау барысы тұрақты және сайлаушылардың көңіл-күйлері көтеріңкі болғанын тілге тиек етті. Қозғалыс байқаушылары сағат 16.00-ге дейін Facebook-те 1,2 мыңнан астам, ал Instagram-да  #tazasailau хэштегімен 1,5 мыңнан астам пост жариялаған.