Тапқырлық жас талғамайды
Тапқырлық жас талғамайды
530
оқылды

Атырау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Бибарыс Ғилаж еріктілердің қызметіне арналған жаңа мобильдік қосымшаны жасап шығарды. Қазірдің өзінде жұртшылық жаңа мобильдік қосымшаны пайдалануға қызығушылық танытуда.

Ойы ұшқыр тапқыр оқушы Бибарыс «Шаңырақ» ұялы бағдарламасына қайырымдылық пен әлеуметтік жобаларды жүзеге асыратын еріктілер үшін қажетті деректерді жинаған. Мобильді қосымшаны қолданушылар бір-бірімен тұрақты хабарласуға және деректер алмасуға мүмкіндігі бар. Мұнда кәдімгі әлеуметтік желі сияқты тіркелушілер жеке профильдік-аккаунт ашады және қосымшадағы басқа да қолданушыларды қауымдастықтарға енгізе алады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен келесі жыл елімізде «Еріктілер жылы» деп белгіленді. Менің білуімше, қазіргі ақпараттық кеңістікте барлық қазақстандық еріктілердің басын қосатын және олар туралы ресми мәлімет беретін деректер қоры жоқ. Бұл мобильді қосымша арқылы мен осындай мәселелерді шешудің жолын іздедім. «Шаңырақ» ұялы бағдарламасында жергілікті және басқа да аймақтағы еріктілер туралы ақпараттар, олардың өткізетін шаралары туралы хабарламалар жарияланып тұрады.Жобаның баламасы ретінде танымал әлеуметтік желілерді де айтуға болады. Бірақ оларды пайдаланудағы қауіпсіздік ережелері барлық кезде сақтала бермейді. Ал мен дайындаған мобильді қосымша белгілі қауіптерді алдын-алуға және жасырын деректердің таралмауына септігін тигізбек. Қосымшада тек әрбір адамға қажетті негізгі функциялар қолжетімді болады. Мұнда қажетсіз жарнамалар мен спам ескертулер болмайды», – дейді Бибарыс.

Мобильді Қосымша Android Studio негізінде Java көмегімен жұмыс істейді. Жақын арада ұялы телефондарға арналған көмекші құрал Play-market-те қолжетімді болмақ. Жас өнертапқыштың бұл жұмысын қазылар алқасы мектепшілік және республикалық кезеңдердегі ғылыми-жобалар сайысында жоғары бағалаған. Соның бірі биыл қыркүйекте өткен Қазақстан Жастары Конгрессының инновациялық жобалар байқауы.

«Енді авторлық туындыға пантент алу және оны кең көлемді қолданысқа енгізу қалды. Болашақта бұл мобильді қосымша еріктілердің жұмысын едәуір жеңілдетеді. Олардың нәтижелі жұмысын жан-жақты көрсетуге, белсенділер мен жаңа қолданушыларды анықтауға мүмкіндік бермек», – дейді Б.Ғилаж.

Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Назарбаев Зияткерлік мектебінің болашақ түлегі Бибарыс Ғилаж бағдарламалау курсымен бірнеше жылдан бері айналысады. Ол түрлі облыстық және республикалық IT технологиялар мен робототехника сайыстарының жүлдегері. Биыл АҚШ-ң Стенфорд университетінде бағдарламалау, көшбасшылық және әлеуметтік ғылымдар курсын біліктілікпен аяқтап шыққан.

Бейбарыс2.jpg