Енді қыста жолдағы қауіпті елемей, тыйым салынған уақытта жолға шыққандар жауапқа тартылады. Ережеге сай, жол жабылғаны туралы хабарламаға құлақ аспаған жүргізушілер 118 мың теңге айыппұл төлеуге міндеттеледі, – деп хабарлайды Aikyn.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
Бұл айыппұл алғаш рет ереже бұзғандарға қолданылады. Ал заң бұзу қайталанса, 15-тен 20 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы қарастырылған.
Дегенмен кейбір жүргізуші жабық жолға шығарда байланыс аумағынан тыс жерде болғанын немесе телефон қуаты таусылып, шектеу туралы хабарламаны көрмегенін алға тартады. Мұндай жағдайда уәкілетті органдар жол ережесін бұзған уақытты нақты тексеріп барып шешім қабылдайды.
– Құқық бұзу қайталанса, әкімшілік қамауға алу шарасы қолданылуы мүмкін. Бұл әрекет Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 667-бабына сәйкес қарастырылады. Негізінен мұндай істерді полиция органдары жүргізеді. Қазір нақты мәлімет толық емес, бірақ бұған қатысты әкімшілік жауапкершілік бар екенін атап өтеміз, – деді Төтенше жағдайларды жою департаментінің бас маманы Магомед Ахриев.