Елдің тұғырлы тірегі, берік қалқаны
Елдің тұғырлы тірегі, берік қалқаны
324
оқылды

Желтоқсанның 10 күні ел астанасы – Нұр-Сұлтан қа­ла­сында Мемлекет бас­шы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың қатысуымен Жастар жы­­лының жабылу және Во­лонт­ер жылының ашылу сал­танаты өтті. Қазақ­стан­ның барлық аймағынан 500-ге жуық жас келіп қа­тыс­қан салтанатты шарада Қазақстан Президенті ар­на­йы сөз сөйледі.

«Сіздермен Тәуелсіздік күні қарсаңында жүздесіп отырмыз. Біз үшін бұдан асқан қастерлі әрі ма­ңызды мереке жоқ.Тәуелсіз­ді­гімізді нығайтып, елімізді одан ары өркендету – қазіргі ұрпақтың қа­сиетті борышы. Сондықтан біз сіз­дерге зор үміт артамыз. Мем­ле­ке­тіміздің келешегі – өздеріңіз!» – деп сөз бастаған Қасым-Жомарт Кемелұлы өтіп бара жатқан жыл­дың мән-маңызы ерекше бол­ғанын айтты. «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен барша ел болып Жастар жылын өткіздік. Бәріміз білімді әрі бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу ісіне айрықша мән беріп отыр­мыз», – деді ел Президенті.

Мемлекет басшысы еліміздегі бастамалардың барлығы жас буынның жарқын болашағы үшін қолға алынып отырғанын, бұл тұрғыда жастардың жан-жақты дамуына жағдай жасау Президент ретіндегі басты міндетінің бірі екенін атап өтті.

«Биыл біз «Президенттік кадр резервін» жасақтаймыз. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан, бірнеше сынақтан өткен таңдаулы жас осы тізімге енеді. Бұған тек бо­лашақта жоғары лауазымға ұсы­нылар үміткерлер тобы деп қарауға болмайды. Аталған жоба, ең алды­мен жігерлі жастарды елге шын ниетімен адал қызмет етуге ынта­ландыруы тиіс. Өз ісін жетік біле­тін кәсіби мамандардың жаңа буы­нын қалыптастыру – басты мін­дет», – деп атап өтті Қ.Тоқаев жас­тардың алдында сөйлеген сөзінде.

Мемлекет басшысының ай­туынша, биылғы Жастар жылында университет спартакиадаларының қозғалысы қайта жаңғыртылып, ұлттық спорт түрлерін қолдауға баса мән берілді. Сондай-ақ атап өтерлік жайт – осы жылы жас жа­зушылардың Әдебиет акаде­миясын ашу үшін нақты жұмыстар атқарылып жатыр. «Әрине, ойға алған нәрсенің бәрін бірдей жүзеге асырдық деп айтуға болмас. Бірақ бұл жұмыстарды алдағы уақытта міндетті түрде жалғастырамыз. Мен Қазақстан жастары мемлекет дамуының негізгі мәселелері бо­йынша айқын азаматтық ұста­нымға ие екеніне қуаныштымын және оны ашық білдіремін. Мем­лекеттік және қоғамдық өмірдің кейбір өзекті мәселелері бойынша жастардың ұстанымын білдіруге ешқашан кедергі келтіруге бол­майды», – деді Президент.

Осы орайда, Қ.Тоқаев алдағы кезеңде мемлекеттік органдар жастарға қолдау көрсету үшін бірқатар міндеттерге баса назар аударуы қажет екенін мәлімдеді. Мемлекет басшысы ең алдымен Қазақстанға «Жастар саясаты туралы жаңа кешенді бағдарлама керек деп санайтынын айтты. Ол бағдарламада қазіргі жаһандық үрдістер мен жастардың сұраныс­тары жан-жақты ескерілуі тиіс. «Жастар саясаты жөніндегі жалпы тұжырымдама 20 жыл бұрын әзір­ленген. Қазіргі уақытта осы салада түрлі бағыттағы бағдарламалар өте көп. Сондықтан жастар саясатына кешенді көзқарас керек. Жаңа бағдарлама арқылы жастарға сапа­лы білім беру, жұмысқа тұру, қол­жетімді баспанамен қамтамасыз ету тетіктерін ұсыну керек. Құ­жатта жас буынға арналған тиімді әрі ашық әлеуметтік мүмкіндіктер көрсетулі қажет. Үкімет келесі жы­лы осы бағдарламаны дайындап, оның негізінде 2021 жылы заң жо­басын әзірлеуі тиіс», – деп тап­сырды Қ.Тоқаев.

Қасым-Жомарт Кемелұлы жас­тар саясаты туралы айтқанда, отбасы институтын ұмытпау қажет екеніне тоқталды. Ол дәстүрімізді, ұлттық құндылығымызды және ұрпақ сабақтастығын сақтау үшін өте маңызды. Өкінішке қарай, қазіргі таңда ажырасу фактілері осы саладағы түйткілді мәселеге айналып отыр. «Халқымызда «Отан – отбасынан басталады» деген қанатты сөз бар. Әрбір отба­сын сақтау – Отанымыздың берік болуының кепілі. Жас шаңырақ бақыт бесігіне айналуы тиіс. Олардың әрқайсысына тұтастық пен татулықтың дәстүрін орнық­тыруымыз керек. Мұның мемлекет үшін маңызы өте зор», – деді Қазақстан Президенті.

Бұл тұрғыда жастарды тәр­биелеу ісінде ата-аналарға да зор жауапкершілік жүктелмек. Өйт­кені елімізде 14 жасқа дейінгі ба­лалардың саны соңғы 5 жыл ішінде шамамен 1 миллионға көбейеді. Қазір олардың саны 5 милионнан асады. Демек жасөспірімдерге білім мен тәрбие беріп, азамат етіп қалыптастыру мемлекет пен қоғамның негізгі парызы.

Ел жастарымен жүздескен салтанатты басқосуда Мемлекет басшысы 2020 жыл Қазақстанда «Еріктілер жылы» деп жария­ла­нуы­ның маңызына айрықша тоқ­тал­ды. «Ерікті болу, волонтер ата­ну – бұл Батыста пайда болған қозғалыс. Ерікті болып қызмет етудің мәні – жақсы ниет пен бір нәрсе жасау. Бұл біздің ұлттық дәстүрлеріміз бен құндылық­та­ры­мызға сәйкес келетіндігі бәрімізге белгілі. Ерікті болу азаматтардың жауапкершілігі мен әлемді жақсы жағына өзгертуге дайын екен­дігінің көрсеткіші», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Президент келесі жылдан бастап корпоративті волонтерлікті дамыту қажет екенін баса айтты. Мемлекет басшысы жұмыс аптасы аясында бірнеше сағат бойы ірі компаниялардың қызметкерлері қоғамға тегін көмек бере алатынын мысалға келтірді. Бұл тұрғыда мемлекеттік аппарат пен ұлттық компаниялар корпоративті ерікті­лерді енгізуден бастау алады.

«Волонтер жылы баршамызға, әсіресе жастарға үлкен жауап­кер­шілік жүктейді.Сондықтан сіздерді осы игі бастамаға белсенді атса­лысуға шақырамын. Жастарымыз мұқтаж жандарға көмек қолын созуға әрдайым дайын болуы ке­рек. Дана халқымыз «Жұмыла кө­терген жүк жеңіл» деген. Қайы­рымдылық пен мейірімділік – қанымызға сіңген қасиет. Қазақта асар жасап, бір-біріне көмектесіп, қолдау көрсету дәстүрі бар. Оның волонтерлікпен үндесетіні сөзсіз. Сондықтан алдағы жылы сол дәс­түрді заманға сай қайта жаңғыр­туымыз қажет», – деді Президент жастарға қарата айтқан сөзінде.

Бұл істе белсенді жастарға зор сенім артылып отырғанын жеткіз­ген Мемлекет басшысы елге қыз­мет ету тек білімді ғана емес, на­мысты да талап ететінін салтанатты басқосуға жиналған жастардың есіне салды.

«Жас ұрпақтың ар-намысы жоғары болса, мемлекетіміздің мәртебесі биік болады. Қазіргі жастар Бауыржан Момышұлының «Отан үшін отқа түс – күймейсің» деген сөзін берік ұстануы керек. Өйткені Тәуелсіз Қазақстанның тұғырлы тірегі, үкілі үміті, берік қалқаны – өздеріңіз.

Қайратты жастарымыз көп бол­са, мемлекетіміздің болашағы баян­ды болады деп сенемін», – деп аяқ­тады сөзін Қасым-Жомарт Тоқаев.