АҚШ конгресінің Өкілдер палатасы Америка президенті Дональд Трампқа «билікті теріс пайдалану» және «сот төрелігіне кедергі жасау» баптары бойынша импичмент жасауға дауыс берді.
Конгресте тағылған екі айыптың әрқайсысы бойынша екі дауыс беру өтті. Билікті теріс пайдалану бабы импичмент үшін конгресмендердің 230 даусын жинап, 197 конгресмен қарсы дауыс берді. Конгресс жұмысына кедергі келтіру туралы бап импичмент үшін 229 дауыс жинаса, 198 дауыс оған қарсы болды. Ал импичмент жариялауға айып тағылған екі баптың кез келгені бойынша 216 дауыс жинау жеткілікті болатын. Нәтижелер партиялық негізде бөлінді, демократтар ұсынған парламенттік көпшілік импичмент үшін дауыс берді, республикашылар қарсы болды.
Өткен аптада демократтар конгресте 658-беттік баяндама жариялап, президентті парақорлық және Украина президентін АҚШ-тың бұрынғы вице-президенті Джо Байденге қарсы тергеу бастауға мәжбүрледі деп айыптаған болатын... Трамп болса Украина билігінен сыбайлас жемқорлықпен күресуді талап еткенін айтады.
Дональд Трамп АҚШ тарихында конгрестің Өкілдер платасы импичмент жариялаған үшінші президент атанды. Енді Трамптың өз міндеттерін жалғастыруы жөніндегі мәселені 2020 жылғы қаңтарда Сенат шешуі тиіс. Бұл турасында Би-Би-Си хабарлады.
Дегенмен бұл дауыс беру Құрама Штаттар президенті өзінің постынан кету керек дегенді білдірмейді, сонымен қатар ресми жарияланған импичмент оның келесі мерзімге президент болып сайлануына кедергі келтіре алмайды.