Алимент төлеуден жалтарушы көп
Алимент төлеуден жалтарушы көп
350
оқылды

Nur Otan партиясы Орталық аппаратының республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде Әділет министрі Марат Бекетаев тұрғындарды қабылдады. Аталған шараға Nur Otan партиясы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Сақтаған Сәдуақасов және әділет құрылымдарының басшылары, заңгерлер палатасының мамандары мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Азаматтарды қабылдау барысында заң үстемдігі мәселелері бойынша туын­даған мәселелерді және адвокаттық қыз­мет саласындағы іс-шараларды жүзеге асырудың тәртібі мен алғышарттары түсіндірілді. Тұрғындар сот шешімдерінің орындалмауы, сот-медициналық сарап­тама объективтігінің дәрежесін анықтау, сот органдарының, жеке сот орындау­шы­ларының және т.б. әрекеттері бо­йын­ша өтініштерін білдіріп, өзекті мәселелер төңірегінде мамандарға сауалдарын жол­дады. Орталыққа алимент бойынша берешекті өтеу туралы өтінішпен келген­дердің қатары көп болды. Олардың ба­сым бөлігі жеке сот орындаушыларының жұмысына шағымын жеткізді, ал кейбірі өздерінің жағдайларын, балаларының сырқат екенін, бұрынғы күйеулерінің алимент төлеудегі немқұрайдылығын, нақты кірістерді жасыру үшін жасаған алаяқтығы туралы әңгімеледі.

Шымкент қаласының тұрғыны Фе­руза Хамракулова бұрынғы күйеуінің алиментке қарызы 1 миллион 800 мың­ теңгеден асқанын айтты. Ол сондай-ақ күйе­уінің айына тиісті қаражаттың тек 30-40 пайызын ғана беретінін сөз етті. Әңгіме арасында науқас баланы қарап отырған ана жеке сот орын­дау­шысына да шағымданды. Бірақ министр өз кезе­гінде «сот орындаушысы жұмысы жоқ адамға еш амал қолдана алмай­тынын» ескертті.

– Қалай ештеңе істей алмайсыздар? Жауапкершілікке тартыңыздар. Бір балам ауруға шалдықты, өзім де бұл мәселемен күресемін деп шаршадым. Маған ай сайын 42 500 төңгесін төлесін, мен ешкімді мазаламаймын, – деді Феруза Сайдуллақызы.

Мәселенің мән-жайымен танысқан Марат Бекетаев елорда әкіміне жеке қоңырау шалатынын, шағымданушыға әкімдікке баратын арнайы автокөлік бөлетінін айтты. Ол жерден Ферузаға халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдауға арналған бағдарламалар туралы біле алатынын түсіндірді.

– Ешқандай жұмыс істемейтін, жұ­мысқа орналасудан бас тартқан адамдар қылмыстық жауапкершілікке тарты­латынын жақсы білесіз. Бірақ бұрынғы күйеуіңіз алатын айлығына сәйкес али­ментті аз төлесе де, оны қылмыстық іс бойынша жазалау мүмкін емес. Сізге бі­рінші кезекте еңбек министрлігіне кө­мекке жүгініп, жағдайыңызды түсіндіру керек. Бұл бойынша бірнеше төлемдер қарастырылған, – деді министр.

Ақмола облысынан келген Ғалима Төрегелдинаның да жағдайы осыған ұқсас. Бұрынғы күйеуі 9 жыл бойы бала күтіміне ақы төлемеген, шамамен 3 мил­лион теңге қарыз. Орталыққа келген шағымданушыға жауап берген Әділет министрлігінің өкілі маусым айында Ғ.Төрегелдинаның бұрынғы күйеуі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жақында ғана фирмалардың біріне күзетші болып жұмысқа орналасқанын айтты. Ол айына 40 000 теңге алса, оның 9 мыңға жуығы алимент түрінде тө­ленетінін жеткізді.

– Бұрынғы күйеуім нақты кірістерін жасырады, оның қосымша айналысатын жұмыстары да бар. Осыған байланысты қатаң шара қолдануларыңызды сұрай­мын, – деді Ғ.Төрегелдина.

Шағымданушыға жауап берген ми­нистр Марат Бекетаев заң бойынша егер соманың кем дегенде бір бөлігі төленсе, онда алимент төлеушіні жауапқа тарту мүмкін емес екенін түсіндірді. Бұл мәсе­ле бойынша Ғ.Төрегелдинаға Ақмола облысы Әділет департаментінің басшысы Ернар Сейдімбек те жауап беріп, жағ­дай­ды жеке бақылауға алуға уәде берді.

Тағы бір министрдің қабылдауы­на жазылған тұрғын Айнұр Төлеубаева 2011 жылы күйеуімен ажырасқан. Арыз­дану­шы бұрынғы күйеуінен бүгінге дейін ешқандай алимент алмапты. Ал али­мент­тің мөлшері 2 миллион теңгеден астам со­маға жеткен. Мән-жайды толық баян­да­ған Айнұр бұрынғы күйеуіне қатаң ша­ра қолдануды талап етіп отыр. Жа­қын­да осы мәселе бойынша қылмыстық іс көтерілетіні белгілі болды. Иә, бұл жаза баланың әкесіне де, балаға да ешқандай абырой әкелмейтіні анық. Қайта балаға келешекте көп кедергісін келтірері сөзсіз.

Қоғамдық қабылдауда тұрғын­дардың көтерген мәселелері мен арыз­дары то­лық­тай қаралып, мүмкіндігінше ше­ші­летіні айтылды. Тексеруді талап ететін жекелеген мәселелер бойынша салалық департаменттердің бас­шы­ларына тап­сырмалар берілді. Олардың орындалуы тиісті деңгейде бақылауға алынады.