Әлем елдерінде шеттегі диаспораларға қатысты көзқарас, оларды қолдау әдістері сан алуан. Біреу өз еліне жастарды алдыртып, оқытуға тырысса, басқалары түбегейлі көшіріп әкелуге ұмтылады. Себебі саны аз ұлттардың басқа мемлекетте ассимиляцияланып, сіңісіп кету қаупі жоғары. Ал біз ше? Қандастарды қолдау саясатын қалай жүргізуіміз керек? Қайсы жол тиімді?
Бүгінде әлем бойынша қазақтың санын дөп басып айту қиын. 17-18 миллионның шамасы деген мәлімет бар. Оның 12,5 миллионы Қазақстанда тұрады. Қалғаны жаһанға тарыдай шашылған. Негізінен 1930 жылдардағы ашаршылық кезеңінде қазақтың бас ауған жаққа аман қалу үшін қоныс аударғанына тарих куә. Қандастардың негізгі бөлігі Қытай, Өзбекстан, Ресей, Моңғолияны мекен етеді. Яғни, зұлмат заманда іргедегі көрші елдерді паналаған. Алайда Тибет айналып, Иран, Түркияға барғаны, одан ары Еуропаға бет алғандары аз емес. Ал тәуелсіздік алған соң жайлы өмір іздеп, Америка асқандары да жетерлік. Бүгінде кейбір штаттарда көшіп келген қазақтардың қауымдастықтары құрылған. Түркияның Анталия аймағында да теңізді аңсап, соңғы жылдары арнайы қоныс ауыстырған 100-ге жуық отбасы тұрады екен.
Қайтқан қандастар. Тәуелсіздік жылдары миллионға жуық қандас елге оралды деп мақтанамыз. Бұл аз ба, көп пе, әркім өзінше бағасын берер. Алайда жылдар бойы мекен етіп, бойың да, етің де үйренген аймақты тастап, туған болса да басқа елге қотара көшу оңай тірлік емес. Бұрын оралман, қазір қандас атанған бауырлар жалпы халықтың шамамен 6 пайызын құрайды. 1991 жыл мен 2019 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша 314 мың отбасы немесе 1 057 343 қандасымыз елге оралды. Олардың негізгі бөлігі Өзбекстаннан (61 пайыз) келген. Одан бөлек, 13 пайыз – Қытайдан, 11 пайыз – Моңғолиядан, 7 пайыз – Түркіменстаннан, 3,7 пайыз – Ресейден және 3,8 пайызы басқа елдерден.
Шалғайдан келген бауырлардың Қазақстанның өңірлерінде жайғасуы жайында сөз көп. Жиі айтылатыны – келгеннің бәрін неге солтүстікке орналастырмасқа? Себебі ондағы жұрт Ресейге ауып, жұмыс күші жетпей жатыр. Қазақтың үлесі де көп емес. Алайда қандастардың басым бөлігі оңтүстік аймаққа қоныстанған екен. Ол түсінікті де. Келгендердің көпшілігі өзбек елінен, сәйкесінше ділі мен салт-санасы ұқсас оңтүстікке орналасуға тырысады. Туыстары да баршылық. Мәселен, Түркістан облысында – 21 пайыз, Алматы облысында – 17,6 пайыз, Маңғыстау облысында – 13 пайыз және Жамбыл облысында 9 пайыз қандас жайғасқан.
Елге оралған қазақтардың әлеуметтік құрамы әр алуан. Жас пен қариясы да, орта және жоғары білімдісі де бар. Дипломы жоқтар да кездеседі. 56 пайызы – еңбекке жарамды, кәмелет жасына толмағандар 38,8 пайызды құрайды, 4,8 пайызы – зейнеткерлер. Ал еңбекке жарамдыларының тек 8,8%-ның жоғары білімі бар болса, 20,6%-ында орта арнаулы білім бар, 60,8% – жалпы орта білімі бар азаматтар, ал 9,8%-нің білімі жоқ.
Министрлік берген мәліметке сүйенсек, биыл қандастарымызды елімізге қайтаруға 2 031 квота бөлінген. Шет мемлекетте 5 миллиондай қазақ жүр десек, бұл теңізге тамған тамшыдай. Биыл елімізге 6 678 отбасы көшіп келіп, оралман мәртебесін алған екен. Санға шақсақ, 11 185 – этникалық қазақ. Олардың 48 пайызы – Өзбекстаннан, 30 пайызы – ҚХР-дан, 8 пайызы – Моңғолиядан.
Қандастарды қолдау. Шеттегі қазақтар жайлы сөз қозғалса, алдымен ойға оралатыны оларды атажұртқа қайтару болатын. Себебі Қытайдағы 1,4 млрд ханзу ұлтына, Ресейдегі 120 млн орыс этносына, іргедегі 31 млн өзбекке жұтылу қаупі жоқ емес. Әсіресе, қазіргі жаһандану кезеңінде аз ұлттардың жойылып, тілдері қолданыстан шығу процесі жылдам жүреді. Дегенмен жырақтағы 5 миллион қазақтың барлығы бірдей елге асығып тұрған жоқ. Бірінің бизнесі өрге домалап жатса, басқасының лауазымды қызметі бар, өзгесі жергілікті ортаға сіңісіп кетті. Ал Қытайда зейнетақы жоғары, Ресейде жоғары білім сапалырақ, Еуропада өмір сүру сапасы озықтау. Яғни, әрбірінің өз себептері бар. Сондықтан 5 миллион қазақты елге әкелу деген миссия тұрған жоқ.
Алайда оларды қолдау мәселесі Қазақстан Үкіметінің күнтізбесінде тұруы шарт секілді. Неге? Себебі қазір шалғайдағы қазақтардың үшінші, төртінші ұрпағы ер жетіп, бой жете бастады. Әттеген-айы, жас өрендердің арасында қазақ тілінде сөйлейтіні аз. Бұған Стамбұлда Түркия қазақтарымен болған кездесуде көз жетті. Жастар ататегін білгенімен, өзара түрік тілінде сөйлеседі. Ол үшін ешкімді жазғыруға болмас. 80 миллиондық түрік қоғамында ғұмыр кешкен бірнеше ұрпақтың ассимиляциялана бастауы заңдылық. Осы себепті қазақ тілі тек тұрмыс тіліне айналған.
Аталған жағдай қандастарды жаңа әдістермен қолдаудың қажет екенін көрсетіп отыр. Осы мақсатта 2017 жылы қазан айында Отандастар қоры құрылды. Қордың атқарып жатқан жұмыстарын бағамдау үшін сайтына көз жүгіртсек, көңіл тола қоймады. Көпшілік айдарлары бос, мәлімет жоқ. Негізгі шаралар – шетел қазақтарының балаларын Қазақстанда жазғы лагерьде демалту және бизнес-форумдар ұйымдастыру. Бәлкім, пайдасы мол шара шығар? Алайда алыста қалған қазаққа бірреттік балалар лагері ем бе? Оларға бизнес-форумдардың қажеті қаншалық? Иә, баласы атажұртын көріп, көзайым болар, кәсіпкерлер кездесіп, ортақ жобаларды талқылар. Бірақ олар бірсәттік дүниелер емес пе? Ал алыстағы қандасты қолдаудың тиімді әрі ұзақмерзімді жолдары қажет екені даусыз. Мәселен, Түркиядағы Қазақстан елшісі Абзал Сапарбекұлы түрік елінде жергілікті қазақтар құрған би тобына, жастардың қорына қазақтың ұлттық киімдері, ұлттық аспаптары жетіспейтінін айтады. Жаңасын сұрамаймыз, Мәдениет және спорт министрлігі өзіне қарасты мекемелердегі қолдану мерзімі аяқталған оюлы киімдерді, аспаптарды беріп жіберсе, салтын ұмытқысы келмейтін шеттегі қазақтарға үлкен демеу болар еді дейді. Келісуге тұрарлық сөз.
Бұдан бөлек, жоғарыда айтқанымыздай, тілді ұмыта бастау – бүгінгі қандастардың бас қайғысы. Сондықтан ана тілін үйретудің онлайн сабақтарын іске қосса, шапағатын көпшілік көруші еді. Оның ішінде қытай-қазақ, өзбек-қазақ, орыс-қазақ, түрік-қазақ, моңғол-қазақ, парсы-қазақ тілдерінде арнайы тіл бағдарламасын дайындаса, құба-құп. Иә, шығыны бар. Дегенмен бұл бір күнде өте шығатын бизнес-форумдардан анағұрлым тиімді. Себебі сайтқа жүктелген онлайн сабақты жырақтағы әрбір қазақ баласы кез келген уақытта ашып, үйрене алады.
Өзгелер қалай қолдайды? Түрлі тарихи себептермен әлемнің біраз елінің азаматы шет жаққа бас сауғалап, сонда мекен тепкен. Мәселен, Дублинде 900 мыңдай ирландық тұрса, Нью-Йорктегі ирландық саны 450 мыңдай. Ал 934 мың халық тұратын Оттаваның 8 пайызы шетте туған қытайлықтар. Лондон тұрғындарының 12 пайызы ислам дінін ұстанады. Яғни, тарихи миграция халықтарды сан тарапқа шашыратып жіберген. Бүгін көптеген ел үкіметтері өз ұлтының өкілдерін түрлі әдістермен қолдауға тырысады. Мәселен, Румыния шеттегі румындарды еліне көшіруге асықпайды. Оның орнына сол жақта өз бизнесін ашуға көмектесіп, арнайы грант бөледі. Бұл елде шетелдегі румындар ісі бойынша арнайы министрлік те бар. Ал Түркия бұл салада кешенді саясат жүргізеді. Шеттегі түріктерді қолдау арқылы өзінің «жұмсақ күш» саясатын жүргізетіні көрініп тұр. Мәселен, осы бағытта Түркияда «Диянет», Түрік ынтымақтастығы және үйлестіру агенттігінің (ТIКА) Шетелдегі отандастар және туыс қауымдастықтар ісі жөніндегі басқарма (YTB) секілді ұйымдарды құрған. Олар алыс-жақын елдердегі түрік және түркітілдес ұлттардың жастарына білім гранттарын үлестіреді, ара-тұра Түркияда басын қосады, тұрып жатқан елдерінде мешіт, мектептер салып береді.
Ал Армениядағы жағдай өзгеше. 1988 жылы АҚШ-та құрылған Армян көмек қоры, керісінше Ереванға көмектеседі. Қордың штаб-пәтері Нью-Йоркте, 180 қызметкері бар. Армениядағы түрлі гуманитарлық бағдарламаларға қаржылай қолдау көрсетеді. Мәселен, 2016 жылы осы елдегі Тавуш облысының даму бағдарламасына 5 млн доллар бөлді. Мұндай оң құбылыс Қытайда байқалған. Мәселен, 1985-2000 жылдары осы елге келген шетелдік инвестицияның 70 пайызын эмигрант қытайлар құйған. Үндістанның тәжірибесі де назар аударуға тұрарлық. Мәселен, инновациялық трансұлттық компаниялардың желісі кең жұмыс істеуіне орай талай үнді жастары АҚШ-тың ірі IT компанияларында қызмет етуге мүмкіндік алды. Бүгінде сол компаниялардың басшылығына келуде. Бұдан бөлек, АҚШ-тағы медициналық факультетті тамамдаған студенттердің арасында үнді жастары аз емес екен. Үндістан үкіметі оларды еліне шақырып, отандық медициналық туризмді дамытуға жақсы мүмкіндік алды.
Сөз соңында. Қандастарды көшіріп әкелуге бөлінетін квота саны 2 мыңға дейін азайғанын ескерсек, шеттегі қазаққа қатысты Үкіметтің саясаты өзгергенін байқау қиын емес. 1990 және 2000 жылдағыдай жаппай көшіру ұстанымы жоқ. Егер өз күшімен атажұртқа оралып жатса, ешкім көкірегінен теппейді. Жалпы, 28 жылда елге қайта қоймағандардың енді қотара қоныс аударуы да қиын шығар. Сондықтан алыстағы қазақты қолдаудың саясаты да өзгеруі керек сыңайлы. Бір жағы – ұлттық-мәдени тұрғыда болса, екінші жағы – саяси қолдау. Яғни, жырақтағы қандас және оның ұрпағы тілін, салтын ұмытпас үшін оларға білім грантын бөлу, ұлттық киім, аспап жеткізу, онлайн тіл оқыту сабақтарын іске қосу жұмысын кешенді түрде жүргізу. Келесі бағыты – елшіліктер арқылы шетелдегі қазақтардың бизнес және саяси элитаға қосылуына қолдау көрсету. Күрделі іс. Оған қоса, бұл өзге елдің ішкі ісіне араласу емес, бұл қазақ диаспорасын демеу ғана. Егер өзге елдегі қазақ өкілі аталған жоғары топқа кіріп жатса, бұдан Қазақстан еш ұтылмайды.
Бүгінде әлемнің ірі IT компанияларына үнді азаматтары басшылық етеді. Айталық, Google-де Сундар Пичай, Microsoft-та Сатья Наделла, Adobe Inc-та Шантану Нарайен, Nokia-да Раджив Сури және басқалары. Бұлардың жетістігі Үндістан үшін мақтаныш. Кемі талай үнді жастары үшін үлгі тұтып, алға ұмтылуға септігін тигізетін тұлғалар. Өз еліне түрлі жолдармен қол ұшын да беріп тұратын болар. Егер Еуропа, Түркия, Қытай, Ресейде тұрып жатқан қазақ жастары ертең бизнес, саясатта ірі жетістікке қол жеткізіп жатса, бұған қазақ елі қуанбаса, қаймықпайтыны анық. Олардың атажұртына шарапаты тимесе де, сырттай біз үшін көзқуаныш болар. Сондықтан қандастарды тек елге көшіріп қана қоймай, жанама қолдауға да көшетін кез келген сияқты.