Спорттық мансабын аяқтаған спортшылар
Спорттық мансабын аяқтаған спортшылар
341
оқылды

Бір кездері ел спортында атағы жер жарған талай мықты спортшымыз үлкен спорттан кетті. Бүгінде олардың қайда, немен айналысып жүргені көпшілігіміз үшін беймәлім. Көп спортшы мемлекеттік қызметке тағайындалып, халықтың алдында жүр. Ал санаулылары ғана спорттан тыс дүние­лермен айналысып, өзге саланың тізгінін ұстаған. Олардың бірқатарымен хабарласып, қазіргі уақытта қайда жүргенін сұрадық.

Допинг дауына ілігіп, спорт­тан шеттетіл­ген Илья Ильин сы­нақ мерзімі біткеннен кейін ал­дағы Олимпиадаға қа­тыс­аты­нын айтқан еді. Алайда төрт құр­­лық­тың басты додасы панде­мияға байланысты бір жылға шегеріл­геннен соң спортшы бұл ойынан айнып қалды. Ол туралы тіл­шілерге берген сұхбатында Илья: «Мен Токиода өтуі тиіс Олим­пиа­даға қатысуға ниеттен­гем, алайда оның кейінге ше­ герілуіне бай­ланысты спорттық мансабымды аяқтауды жөн көр­дім» деген болатын. 2019 жылы қыркүйек айында қазақстан­дық ауыр атлет Илья Ильин Қазақстан Спорт­шылар одағы Қызылорда облыстық фи­лиалының басшысы болып таға­йын­далды. Қызылорда облыстық Денешынықтыру және спорт бас­қар­масына қарасты «Мұзайды­ны» спорт кешенін басқарды. 2020 жылдың желтоқсан айында БҒМ Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығына қыз­метке орналасты. Тағы бір қазақстандық ауыр атлет Майя Манеза да спорттан шеттетілгеннен кейін ұзақ уақыт көрінбей кетті. Ана атанды, көп ұзамай кәсіпкерлікке бет бұрды. Шығыс медициналық орталығын ашып, бүгінде соның жеке жұмыс­тарымен айналысып жатыр. Ал көркем гимнастикадан спорт шебері Әлия Жүсіпова бү­гінде шәкірт тәрбиелеуді қолға ал­ған. Аталған спорт түрінен олим­пиадаға бір емес бірнеше рет қатысып, үздік нәтиже көрсетті. Әлем кубогының, XIV Азия ойын­дарының күміс жүлдегері, Азия ойын­дарының (2006) абсолютты чемпионы. Көр­кем гимнас­тика­дан Қазақстан ұлттық құрама­сының бас бапкері, Халықаралық санаттағы төреші лауазымдарынан бөлек, Әлия Шым­кент­тегі №9 көркем гимнастикадан олим­пиада­лық резервтегі маман­дан­дырыл­ған ба­ла­лар мен жас­өспірім­дер мектебінің дирек­торы қызметіне тағайындалған. Лондон және Рио Олим­пиада­сының кү­міс жүлдегері Әділбек Ниязым­бетовтың да бокс қол­ға­бын шегеге ілгеніне екі-үш жыл­дың жүзі болды. Ол бір сөзінде бокстан не үшін кеткенін айтты. – Менің бокстағы кәсіби жолым аяқталды. Соңымыздан өсіп келе жатқан жастар бар. Мен алмаған асуды солар бағын­дырсын. 15 жыл бойы үнемі оқу-жаттығу жиындары деп үй бетін көрмей, үнемі түзде жүрдім. Спорт­­та жетістікке жетумен бірге ден­­саулық та сыр берді. Үздіксіз жат­тығулар салдарынан белім­де «грыжа» пайда болған. Бұл Рио Олим­пиада­сы кезінде қатты қи­нады. Үйдегілер Лондон Олим­пиадасынан кейін «боксты қойсаң қай­теді» деген. Бірақ мен – жат­тығу­дың адамымын. Бірден тоқ­та­ғым келмеді. Рио Олимпиада­сы­нан кейін 3 турнирге ғана қа­тыс­тым. Қазақ­стан бокс феде­рация­сы тарапынан бөлінген қар­жымен Оңтүстік Кореяға ем-дом алуға бардым. Ол жақтағы ма­ман­дар белімнің қазіргі ахуалы­мен спортта жүре беруге бол­майтынын айтты. Бапкеріммен ақылдаса келе, бокспен қош ай­тысуға тура келді, – дейді боксшы. Қазіргі таңда Әділбек Шоқыр Бөлтеков атындағы Жоғарғы спорт шеберлік мектебінде дирек­тордың орынбасары қызметін ат­қарады. Қазақстандық танымал дзю­до­шы Максим Раков та 2018 жылы үлкен спорттан кетті. Оған себеп: түрлі жарақаттары мен жас шама­сы. Енді ол өзін халықаралық жа­рыстарда төреші ретінде сынап көрмек. Сондай-ақ бірнеше жыл бұрын әкесімен бірге Қараған­дыда мектеп ашты. Кейінгі кезде спортшы шәкірт тәрбиелеуге ден қойған. 2018 жылы үлкен футболмен қос бірдей танымал футболшы қош айтысты. Олар – Самат Смақов пен Нұрбол Жұмасқалиев. Екеуі де қазақ футболының та­рихында атын алтын әріппен жаз­ған үздік футболшылар. Қош­тасу матчын Ақтөбедегі Қобы­ланды ба­тыр атындағы Орталық стадионында өткізген Смақов мансабын ерекше аяқтау үшін екі бірдей командада өнер көрсетті. Алаңда «Сма­қовтың достары» және «Ақтөбе арда­герлері» атты екі команда кездесті. Айтпақшы, «Ақтөбе» командасындағы 8 нөмір Саматқа ғана тиесілі болып қалды. Самат ойыншы ретіндегі ман­сабын аяқтағанымен футбол­дан алыстамады. Футболдан кеткен соң «Ақтөбе» клубының басшылығында да қызмет етті. «Тобыл» сапында ұзақ жыл тер төгіп, бір­неше рекордты жаңартқан Нұрбол Жұмас­қалиев – Қазақстан Премьер лигасы тари­хында ең көп гол соққан (167 гол) және ең көп ойын өткізген (523 ойын) футболшы. Ол да Самат секілді футболдан алыстап кетпеді. Бап­керлік қызметте жүр. Алғашында бап­кердің көмекшісі қызметін атқарды, кейін уа­қытша «Тобылдың» жаттықтырушысы бол­ды. 21 жасында чемпион атанып, 25 жасында мансабын аяқтаған олимпиада чемпионы Бахтияр Артаев – спорттан ерте кеткен санау­лы боксшылардың бірі. Споршы қазір мем­лекеттік қыз­метте жүр. Ауыл әкімі де болды, саясатқа да араласты. Соңғы рет праймеризге қатысып, өзін де­путаттыққа ұсынды. Спортта карьерасын аяқтаған соң, 2009 жылы ол Жамбыл об­лысы Жамбыл ауданы Айшабибі ауылдық округінің әкімі, қараша айында Жамбыл облысы Туризм, дене шы­нық­тыру және спорт басқармасының бас­шысы қыз­метіне тағайындалды. 2011 жылы Жамбыл облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, 2012 жылы 24 желтоқсанда «Астана» президенттік кәсіби спорт клубы­ның президенті болды. 2014-2016 жылдары Лондонда білім алды. 2016 жылы «Тарлан ба­тырлары» компаниясының директоры қыз­метін атқарды. Компания Қазақ­станда спорттық кешен салумен айналасады. 2018 жыл­дың ақ­паны­нан Astana Arlans кәсіпқой бокс клубының директоры болды. Жаңа қыз­метін сұрағанда «Тарлан батырлары» меке­месінің дирек­торы қызметіне қайта та­ғайын­далғанын айтты. Бокстан Лондон Олим­пиада­сының чем­пионы, Вэл Баркер кубогының иегері, екі дүр­кін әлем чемпионы Серік Сәпиев 2012 жылы спорттағы жолын аяқтады. Қазақ­стан­дық танымал боксшы «Бо­ла­шақ» бағдар­ламасы бойын­ша Ұлыбританиядағы Брунель университетінде білімін шың­дады. 2014-2017 жылдары Astana Arlans кәсіби бокс клубының бас директоры қызметін атқарды. 2017 жыл­дың 28 ақпанынан 2019 жылдың 30 қаңтарына дейін Мәжіліс депутаты болды. Қазіргі таңда Серік Сәпиев Мәдениет және спорт ми­нистрлігі спорт және дене шынықтыру істері комитетін басқарады. 2012 жылғы Лондон Олим­пиадасында жарақатына қарамас­тан қола жүлде еншілеген Ақжүрек Таңатаровтың карьерасын аяқ­тағанына да біраз болды. Грек-рим күресінен әлем чемпионатының қола жүлдегері (2017 жыл), Азия чемпионы (2017) ендігі кезекте шәкірт тәрбиелеуді қолға алған. Спорттан кеткеннен соң көп ұзамай ол Тараздағы спорт мек­теп­терінің біріне басшылық қыз­метке тағайындалды. Бұл – спорттық мансабын аяқтаған спорт­шылардың бір бөлігі ғана. Бай­қағанымыздай, олар­дың басым бөлігі спорт мек­тептерінде басшы, директор қыз­метін атқаруда. Жеке кәсіппен айналысып жүргендері бірен-саран. Бапкерлікті қолға алған­дары да жоқ емес. Біз өз кезегімізде толағай жетістіктерге жеткен ардагер спортшыларымызға жаңа қызметтерінде де толайым табыс тілейміз.

АбылайханАбылайхан ЖҰМАШ