77 заң жобасы қаралған
77 заң жобасы қаралған
307
оқылды

Мәжілістің биылғы соңғы отырысы өтті. Палата төра­ғасы Нұрлан Нығматулин жылжабар жиында қалау­лы­лар қызметінің қорытын­дысын шығарды. Келесі жы­лы депутаттарды ауқым­ды жұмыс күтіп тұрғанын ес­кертті. Жыл басында олар ауыл-аймаққа аттан­бақ. Ал халық алдын ала құ­лағдар болуы үшін пар­ла­мент­ші­лердің кездесулері қашан және қайда өтетіні әлеу­мет­тік желілерден күні бұрын хабарланатын болады.

Н.Нығматулиннің айтуын­ша, Мәжіліс депутаттары заң шы­ғарушылық жұмыста Елба­сы Н.Назарбаевтың стратегия­лық бағдарының басымдықтарын және Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2 қыркүйекте, осы 5-сессияның ашылуында қойған бірінші кезекті міндеттерін басшылыққа алыпты.

– Сессия басталғалы Мәжіліс 77 жаңа заң жобасын жұмысқа қабылдап алды. Оның 36-сы қа­ралды және мақұлданды. Бұл рет­те депутаттар ең алдымен, бар­ша қазақстандықтардың тұрмыс сапасын жақсартуға және халық­тың әл-ауқатын арттыруға бағыт­талған заң жобаларына барынша мән берді. Ерекше атап өтер жайт, біз ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын жүзеге асыруға арналған барлық заң жобасын дер кезінде мақұлдадық. Осының арқасында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауына заңнамалық қолдауды толығымен қамтамасыз еттік, – деді Нұрлан Зайроллаұлы.

Ол құпталған құжаттардың маңызына жеке тоқтала кетті. Атап айтқанда, бағыныштылары жемқорлық қылмыстарға қолын былғағаны үшін бірінші басшы­ның да дербес жауапкершілік арқалап, жаза тартуы алғаш заң жүзінде бекітіліп отыр.

Шағын және орта бизнестің корпоративтік табыс салығынан түсетін түсімді жергілікті бюд­жетке тапсыруды қарастыратын заң жобасы ауыл-аймақты кәсіп­керлікті дамытуға ынталандыр­мақ. Сонымен қатар микро және шағын бизнес өкілдері 3 жыл мерзімге табыс салығын төлеуден босатылады.

– Президент тапсырмасына сәйкес, жыныстық зорлық, педо­филия, есірткі тарату, адам сауда­сы, әйелдерге тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау және адамға қарсы басқа да ауыр қылмыстар, сондай-ақ браконьерлік пен мал ұрлығы үшін жаза қатайтылды. Жалпы алғанда, Мәжілістегі депу­таттық корпустың жұмысы осы сессияның алғашқы күнінен бас­тап аса қарқынды жүрді, қауырт әрі қанық болды. Бізді алда Ел­ба­сы мен Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалуын заңнамалық қамтамасыз етуге бағытталған бұдан да ауқымды жұмыс күтіп тұр! – деді Мәжіліс төрағасы.    

Ол ұлттық заңнаманы жетіл­діру және оның сапасын жақсарту бойынша депутаттар мен Үкімет­тің бірлескен жұмысы ары қарай да толық ақпараттық жариялылық ауанында өтетініне сендірді. Әді­лін айта кету керек, Мәжілісте тір­келген журналистерге тегіс «аккредиттеу карточкасы» беріл­ген. БАҚ өкілдері кіреберісте сол құжатты көрсетсе болды, жұмыс уақытының кез келген бөлігінде – таң азаннан кешке дейінгі ара­лық­та палата ғимаратына және де­путаттар кабинеттеріне еркін кіре алады. Мұндай қозғалыс ер­кін­дігі тіпті дамыған елдер пар­ла­мент­терінде де кездеспейтіні мәлім.   

Бесінші сессия басталғалы, яғни қыркүйек айынан бері пала­та Министрлер кабинетінің биік лауазымды мүшелерін шақыра отырып, әртүрлі маңызды тақы­рыпта 7 «Үкімет сағатын» өткізіп үлгеріпті. Оның қорытындысында меморгандар қызметін жақсарту жөнінде ұсыныстар берілді, ұсы­ным-рекомендациялар түзілді. Мәжіліс депутаттары Үкіметке 100-ден аса депутаттық сауал жол­даған. Палата комитеттері 5 көш­пелі отырыс және көптеген ха­лықа­­ралық конференция ұйым­дастырды. Ең ірісі әрі өкілеттісі 2019 жылғы қыркүйекте елордада өткен Еуразия елдері парламент­тері спикерлерінің 4-кеңесі болды.