Соңғы жылдары елімізде қымыз бен шұбаттан жасалған балмұздақтар да сұранысқа ие болып жатыр. 21 жастағы семейлік Айдын Серікқазин осы істі қолға алып, Qaz Ice деп аталатын өнімін нарыққа шығару үшін еңбектеніп жүр екен. Айдынды сөзге тартқан едік.
– Айдын, сенің қымыздан балмұздақ дайындап, ұлттық өнімді дәріптеп жүргеніңді БАҚ өкілдері жарыса жазуда. Ісің берекелі болсын. Жалпы, бұл идея қалай пайда болды?
– Қымыз – қазақтың ұлттық сусыны. Ал ұлттық сусыннан жасалған балмұздақты нарыққа шығаратын кәсіпкерлер елімізде жоқтың қасы. Бұл жұмыспен айналысып жүргендерді былайғы жұрт та біле бермейді. Сол олқылықтың орнын толтыру мақсатында әрі қазақтың қымызын әлемге танытудың бір жолы ретінде қарастырып, өзіміздің өнімдерімізді дәріптеуді қолға аламын деп шешім қабылдадым. Айтпақшы, балмұздақтың бұл түрі көршілес Қырғыз елінде жоғары танымалдылыққа ие екен. Ал біз әлі қымызды жоғары деңгейде дәріптей алмай отырмыз. Осы жағдай маған қозғау салды. Оның үстіне Абай ауданында жылқы шаруашылығы жақсы жолға қойылған. Көп адам жылқы асырайды. Кейін өзіміздің қымыздан неге балмұздақ әзірлеп, сатпасқа деген ой келді. Аллаға шүкір, ақырындап осы істі қолға ала бастадым.
– «Жас кәсіпкер» бағдарламасының мүмкіндігі қандай? Жобаны қорғау кезінде қобалжу, қорқыныш болды ма?
– ШҚО-да 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында гранттарды ұсыну жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Өскемен, Семей, Курчатов, Риддер қалаларынан және облыстың 15 ауданынан барлығы 342 азамат өтініш жолдаған болатын. Соның 297-сі мақұлданды. Ең көп жобаларды қатонқарағайлықтар ұсыныпты. Менің жобам да көңілден шықты. Өнімге арналған шикізат – ұлттық сусын қымыз болғандықтан, жоба инновациялық деп саналады.
Ешқандай қобалжу да, қорқыныш та болмады. «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасында 15 күн оқыдық. Екі аптада бизнес план, маркетинг барлығын түсіндірді. Бірінші қалалық қорғаудан өттік, одан кейін облыстық қорғауда жобамызды қорғадық. Облыстық қорғаудан соң мемлекеттік грантты жеңіп алдым.
Қаржы экономикалық колледжін бітіре салысымен «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасының «Жас кәсіпкер» бағдарламасына қатысып, 505 мың теңге көлемінде мемлекеттік гранттың иегері атандым. Бұл бағдарламаға қымыздан балмұздақ шығару туралы жобаммен қатыстым. Онда қымыздан және саумалдан жасалатын балмұздақтың екі түрін ұсындым.
– Өнімді рәсімдеу жұмыстары қалай жүріп жатыр?
– Патенттеу жұмыстары ойдағыдай жүргізіліп жатыр. Өтінішті жібердік. 6 айдан кейін дайын болады. Декларациясын алып, құжаттардың бәрін ретке келтірдім. Нақтырақ айтқанда, мемлекеттік стандарт пен СЭС-тің жұмысы бітті. Декларация арқылы балмұздақты шетелге экспорттауға болады. Жұмысымның алға ілгерілеуіне ата-анам қолдау білдіріп, көмек көрсетуде. Ал «Атамекен» Кәсіпкерлік палатасының берген ақшасына құрал-жабдық сатып алдым. Өнімді дайындауға қажетті Goshen аппаратын Алматы қаласынан тапсырыспен алдырдым.
– Бұл балмұздақтың айырмашылығы бар ма?
– Жалпы, қымыздан тек балмұздақ қана емес, торт, шоколад, ірімшік, йогурт та дайындауға болады. Сондай-ақ біз балмұздаққа жеміс-жидектер де қосамыз. Әр балмұздақтың құрамы әртүрлі болады. Менің балмұздағымның құрамы өзге өнімдерден бөлек. Оның құрамын әзірге құпия ұстап отырмын. Жалпы дөңгелек шар түрінде дайындалатын балмұздақтың бағасы қолжетімді, небәрі – 250 теңге.
– Осы жыл қаншалықты жемісті болды? Балмұздақ бизнесін дамыту үшін қандай қадамдарға баруды жоспарлап отырсың?
– 2019 жыл мен үшін табысты жыл болды. Ойға алған мақсат-жоспарымды жүзеге асыруға көп мүмкіндік алдым. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 5 қазандағы Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялады. Жастармен кездесулерінің бірінде Н.Назарбаев: «Әр адамның бойына жұмыс істей білу, оқып-үйрене білу, өмір сүре білу, қазіргі әлемде өмір сүре білу қасиетін сіңіру керек» деген болатын. «Болашақ – жастардың қолында» екенін ескерсек, бүгінде бәсекеге қабілетті жалынды жастар легі өсіп келеді. Сондықтан бізге қатардан қалмай, жетілуге, жетістіктерге жетуге ұмтылған жөн.
Жаңа жылдан бастап жаңа қарқынмен жұмысқа кірісемін. Тауардың өтімділігін арттыру үшін еңбектеніп жатырмын. Жарнама жағы әзірге тек Instagram арқылы жүргізілуде. Ал балмұздақты бір ғана аппаратпен дайындаудамыз. Өнім қазіргі кезде нарыққа шықпады. Тек форум мен жәрмеңкелерге апардым. Қымыздан жасалған балмұздақтың дәмін татып көргендер де, ағайын-туыстар мен достарым да жоғары бағасын берді. Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Әсем Бекқызы да жұмысыма сәттілік тіледі.
Денсаулыққа пайдалы деп мақтасақ та, қышқыл қымызды балаларға күнде іштіре алмаймыз. Ал қымыздан жасалған балмұздақтан бүлдіршіндер де, үлкендер де бас тарта алмайды. Нағыз табиғи өнім. Ең бастысы, уылжып тұрған кәдімгі тәп-тәтті балмұздақ. Әңгіме арасында айта кетейін, отандық өнімді тұтынушылар «Ақшың» дүкенінен осы айдың соңына қарай сатып ала алады. Бұл – Семейдегі ірі сауда орындарының бірі. Келешекте өнімдерімізді өзге де сауда орталықтарына ұсынамыз. Сондай-ақ балмұздақ дайындайтын цех ашу да жоспарда бар.
Сұхбаттасқан
Абылайхан ЖҰМАШ