Банк салымшысы – бір жарым миллион
Банк салымшысы – бір жарым миллион
239
оқылды

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі өкілдері жылдық қо­ры­тынды баспасөз мәс­лихатын өткізді. Тұрғындардың үлкен сеніміне ие болған аталмыш банк бұл жылды да табысты аяқ­тады. Оған басты себеп – банктің несие мөлшерле­ме­сінің тиімділігі. Банк клиент­те­рі тұрғын үйдің бастапқы жарнасына қажетті қаражатты жи­нақтай отырып, болашақ бас­паналарын жылдық 2-8,5 пайыз мөлшерлемемен не­сие­ге алуға мүмкіндік бар. Биыл­дың өзінде осындай мүм­кіндікті 48 414 қазақ­стан­дық отбасы пайдаланды. Банк­тің көмегімен күн сайын 160 салымшы қоныстойын той­лады. Өткен жылы несие ал­ғандардың саны 10 мыңға аз болған. Демек, елдің банкке деген сенімі жыл өткен сайын ұл­ғайып келеді.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ бан­кі» АҚ басқарма төрайымы Ләз­зат Ибрагимованың айтуынша, 2019 жылдың қорытындысы бойын­ша банктің несиелік қоржы­ны 1 триллион теңгені құрайды. Бұл сома алдағы уақытта өсе түсе­ті­ні анық, өйткені банк салым­шы­лары депозиттеріне тұрақты түрде қаржы жинақтауға дағдыланған. Еліміздің өзге банктерінде осы кү­ні проблемалық несие мәселесі ушы­ғып тұрса, мемлекеттік банк бұл жағынан мақтана алады. Өйт­кені NPL, яғни 90 күннен асқан мерзімі өткен займдар бар болғаны 0,18 пайызға тең. 8 пайыздық орта­ша банктік деңгеймен салыстыр­ған­да бұл өте жақсы көрсеткіш.

– Тұрғын үй құрылыс жинақ бан­кі өнімдері қолжетімді бол­ған­дық­тан, сондай-ақ халықтың банкке деген үлкен сенімділігінің нәт­и­жесінде аталған өнімдерге деген сұраныс өте жоғары. Біз алға қой­ған мақсаттарымызды то­лықтай орындап шықтық. Дәлірек айтсақ, биыл аса маңыз­ды мемлекеттік міндеттердің бірі – табысы төмен отбасыларға ар­налған «Бақытты отбасы» бағ­дар­­ламасын дайын­дап, іске қос­тық. Қазіргі сәтте, 4 053 отбасы қо­ныстойын атап өтті. Бұдан бө­лек тағы 736 отбасы өтінімдері бойын­ша оң шешім алып, қазір өз­деріне лайықты үйлерді іздестіру үстінде. Яғни, енді мыңдаған кіш­кентай бүл­діршін жалдамалы пә­тер­де емес, өз үйлерінде тұратын бо­ла­ды, – деді Ләззат Ибрагимова. – Біз 2020 жылға үлкен сеніммен қа­рап отырмыз. Келер жылы «Ба­қытты отбасы» бағдарламасы бойын­ша займ көлемі 10 мың отба­сыға дейін ұлғайды. Демек, алдағы жылы осы бағдарлама бойынша екі есе көп қоныс тойын тойлайтын боламыз. Осы мақсатта республи­ка­­лық бюджеттен 100 миллиард тең­ге бөлінді.

Тұрғындарды баспанамен қам­та­ма­сыз ету барысында бірқатар істер атқарылып келеді. Соның бірі – «Нұрлы жер» бағдарламасы. Әрбір алтыншы несие осы бағ­дар­лама шеңберінде берілген. Жыл қорытындысы бойынша биыл
8 000 отбасы «Нұрлы жер» бағдар­ламасы бойынша жаңа үйге қоныстанған.

Салымшылар биыл банктен 380 мыңнан астам депозит ашқан. Жыл соңына дейін оны 400 мыңға жет­кіземіз деген үміт бар. Қазіргі таң­да салымшылардың саны 1,5 миллионға жетіп, рекорд­тық көр­сеткішке қол жеткізілді.

Кейінгі уақытта жиі айтылып жүр­ген мәселенің бірі – әскери қыз­меткерлерді баспанамен қам­та­масыз ету. Банк осы бағытта да өз жұмысын жалғастырып келеді. Биыл «Әскери баспана» тұрғын үй бағдарламасының жаңартылған шарттары бойынша әскери қыз­мет­керлерге арнап 3 811 займ берді. Бұл Тұрғын үй құрылыс жинақ бан­кінің өз жобасы. Оған бюджет­тен қаражат бөлінген жоқ. Банк 100 миллард теңге көлемінде өзінің жеке және нарықтан түскен қара­жатын пайдаланды. Осы­лай­ша, 2 жылдың ішінде 6 592 әс­ке­ри қыз­мет­кер баспаналы болды.


Тұрғын үй құрылыс жинақ бан­кіндегі тағы бір жаңалық – әйел­дер­­ге арналған ипотека жоба­сын іске асыру. Келер жылдан бастап бұл жоба да жүзеге аса бастайды. Азия даму банкі жобаға 38 мил­лиард теңге қаржы бөлмек.

– Қазір Қазақстанда 9,1 мил­лион әйел тұрады. Оның 4,4 мил­лионы жұмыс істейді. Олардың жар­тысы өз отбасын дербес қам­тамасыз етеді. Бұл ретте әйел­дер ер адамдарға қарағанда үштен бір бөлікке аз жалақы алады. Табыс деңгейінің төмендігі олардың үй сатып алу үшін қолжетімді несие алуы ер адамдарға қарағанда қиын екенін көрсетеді. Сол себепті біз осы жобаны іске асыруды шештік, – деді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрағасының орын­басары Әлия Айдарбекова.

Осы ретте «Халқының 44 па­йы­­­зы ауылды жерлерде тұратын елі­міздің ерекшелігі банк тарапы­нан қаншалықты ескеріліп келе­ді?» деген сұрағымызға Ләззат Ибрагимова «Салымшылардың 28 пайызы ауылда тұратын отбасылар. Олар біздің банктен шот ашып, өз қаражаттарын жинап жатыр. Не­сие алғандардың 20 пайызы ауыл тұрғындары. «Нұрлы жер» бағдар­ламасы бойынша ауылда салынып жатқан үйлер бар. Бірінші Қоста­най облысының Заречный ауылы­нан бастағанбыз. Сол ауданда кезекте тұрған адамдар баспаналы болды. Қазір «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша аудандарда кезекте тұрған отбасыларға да үй беріп жатырмыз. Біздің салым­шы­ларымыздың ауылдан, ауданнан немесе қаладан үй алуға мүмкіндігі бар. Негізі сұраныс болып жатса ауыл­дық жерлерден де үй алуға не­сие береміз» деді.

Тұрғын үй құрылыс жинақ бан­кі салымшыларына 20 пайыз кө­лемінде мемлекет сыйлықа­қы­сын береді. Ол 200 айлық есептік көр­сеткіштен (505000 теңге) аспайтын сомаға төленеді. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша ең жоғары мемлекеттік сыйлықақы 101 000 теңгені құрады.

Банк халыққа қызмет көрсету са­па­сын жылдан жылға жақсартып, оңтайландырып келеді. 2023 жылға қарай қызмет көрсетудің 70 пайы­зын онлайн-режимде ұсынуды жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде оң қадамдар байқалады. Оған дә­лел – биыл енгізілген жаңа жоба­ның бірі алдын ала банктік білік­тілікті іске қосу және банк кеңес­шілері арқылы қашықтан несиелік өтінімдерді қа­былдау. Енді банк клиенттеріне не­сие бойынша өз мүмкіндіктерін ал­дын ала бағалау үшін банк бө­лім­шесіне барудың қажеті жоқ. Олар өздеріне ыңғайлы уақытта кез кел­ген жерге банк кеңес­шісін ша­қыр­тып, қызықтыр­ған мәселелер бо­йын­ша сұрақта­ры­на жауап алуына болады. Банк қыз­меткер­ле­рі қа­шық­тан депозит ашып, салым­шының төлем қабі­ле­тін шамалап есептеп, алдын ала мақұлданған не­сие сомасы көрсе­тілген арнайы сер­тификат береді. «Тұрғын үй құ­ры­лыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрағасы орынбасары Әділет Қо­жанбаевтың айтуына қарағанда, бұл сертификат 3 айға жарамды. Осы уақыт ішінде са­лым­шы өз мүм­­кін­діктерін біле оты­рып, өзіне лайықты баспана іздеп, займ алу үшін банкке хабар­ласа алады. Атал­мыш жоба клиент­тердің уақы­тын үнемдеп, олардың банкке баруын екі есе қысқартуға мүмкіндік бермек.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жылды табысты қортынды­лады деуге толық негіз бар. Оған са­­лым­шы­лардың көбеюі мен несие қор­жы­нының арта түсуі дәлел. Келер жылда да қыруар шаруа кү­тіп тұр.


Алматы