Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі өкілдері жылдық қорытынды баспасөз мәслихатын өткізді. Тұрғындардың үлкен сеніміне ие болған аталмыш банк бұл жылды да табысты аяқтады. Оған басты себеп – банктің несие мөлшерлемесінің тиімділігі. Банк клиенттері тұрғын үйдің бастапқы жарнасына қажетті қаражатты жинақтай отырып, болашақ баспаналарын жылдық 2-8,5 пайыз мөлшерлемемен несиеге алуға мүмкіндік бар. Биылдың өзінде осындай мүмкіндікті 48 414 қазақстандық отбасы пайдаланды. Банктің көмегімен күн сайын 160 салымшы қоныстойын тойлады. Өткен жылы несие алғандардың саны 10 мыңға аз болған. Демек, елдің банкке деген сенімі жыл өткен сайын ұлғайып келеді.
«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, 2019 жылдың қорытындысы бойынша банктің несиелік қоржыны 1 триллион теңгені құрайды. Бұл сома алдағы уақытта өсе түсетіні анық, өйткені банк салымшылары депозиттеріне тұрақты түрде қаржы жинақтауға дағдыланған. Еліміздің өзге банктерінде осы күні проблемалық несие мәселесі ушығып тұрса, мемлекеттік банк бұл жағынан мақтана алады. Өйткені NPL, яғни 90 күннен асқан мерзімі өткен займдар бар болғаны 0,18 пайызға тең. 8 пайыздық орташа банктік деңгеймен салыстырғанда бұл өте жақсы көрсеткіш.
– Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі өнімдері қолжетімді болғандықтан, сондай-ақ халықтың банкке деген үлкен сенімділігінің нәтижесінде аталған өнімдерге деген сұраныс өте жоғары. Біз алға қойған мақсаттарымызды толықтай орындап шықтық. Дәлірек айтсақ, биыл аса маңызды мемлекеттік міндеттердің бірі – табысы төмен отбасыларға арналған «Бақытты отбасы» бағдарламасын дайындап, іске қостық. Қазіргі сәтте, 4 053 отбасы қоныстойын атап өтті. Бұдан бөлек тағы 736 отбасы өтінімдері бойынша оң шешім алып, қазір өздеріне лайықты үйлерді іздестіру үстінде. Яғни, енді мыңдаған кішкентай бүлдіршін жалдамалы пәтерде емес, өз үйлерінде тұратын болады, – деді Ләззат Ибрагимова. – Біз 2020 жылға үлкен сеніммен қарап отырмыз. Келер жылы «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша займ көлемі 10 мың отбасыға дейін ұлғайды. Демек, алдағы жылы осы бағдарлама бойынша екі есе көп қоныс тойын тойлайтын боламыз. Осы мақсатта республикалық бюджеттен 100 миллиард теңге бөлінді.
Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету барысында бірқатар істер атқарылып келеді. Соның бірі – «Нұрлы жер» бағдарламасы. Әрбір алтыншы несие осы бағдарлама шеңберінде берілген. Жыл қорытындысы бойынша биыл
8 000 отбасы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жаңа үйге қоныстанған.
Салымшылар биыл банктен 380 мыңнан астам депозит ашқан. Жыл соңына дейін оны 400 мыңға жеткіземіз деген үміт бар. Қазіргі таңда салымшылардың саны 1,5 миллионға жетіп, рекордтық көрсеткішке қол жеткізілді.
Кейінгі уақытта жиі айтылып жүрген мәселенің бірі – әскери қызметкерлерді баспанамен қамтамасыз ету. Банк осы бағытта да өз жұмысын жалғастырып келеді. Биыл «Әскери баспана» тұрғын үй бағдарламасының жаңартылған шарттары бойынша әскери қызметкерлерге арнап 3 811 займ берді. Бұл Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің өз жобасы. Оған бюджеттен қаражат бөлінген жоқ. Банк 100 миллард теңге көлемінде өзінің жеке және нарықтан түскен қаражатын пайдаланды. Осылайша, 2 жылдың ішінде 6 592 әскери қызметкер баспаналы болды.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі тағы бір жаңалық – әйелдерге арналған ипотека жобасын іске асыру. Келер жылдан бастап бұл жоба да жүзеге аса бастайды. Азия даму банкі жобаға 38 миллиард теңге қаржы бөлмек.
– Қазір Қазақстанда 9,1 миллион әйел тұрады. Оның 4,4 миллионы жұмыс істейді. Олардың жартысы өз отбасын дербес қамтамасыз етеді. Бұл ретте әйелдер ер адамдарға қарағанда үштен бір бөлікке аз жалақы алады. Табыс деңгейінің төмендігі олардың үй сатып алу үшін қолжетімді несие алуы ер адамдарға қарағанда қиын екенін көрсетеді. Сол себепті біз осы жобаны іске асыруды шештік, – деді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әлия Айдарбекова.
Осы ретте «Халқының 44 пайызы ауылды жерлерде тұратын еліміздің ерекшелігі банк тарапынан қаншалықты ескеріліп келеді?» деген сұрағымызға Ләззат Ибрагимова «Салымшылардың 28 пайызы ауылда тұратын отбасылар. Олар біздің банктен шот ашып, өз қаражаттарын жинап жатыр. Несие алғандардың 20 пайызы ауыл тұрғындары. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша ауылда салынып жатқан үйлер бар. Бірінші Қостанай облысының Заречный ауылынан бастағанбыз. Сол ауданда кезекте тұрған адамдар баспаналы болды. Қазір «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша аудандарда кезекте тұрған отбасыларға да үй беріп жатырмыз. Біздің салымшыларымыздың ауылдан, ауданнан немесе қаладан үй алуға мүмкіндігі бар. Негізі сұраныс болып жатса ауылдық жерлерден де үй алуға несие береміз» деді.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларына 20 пайыз көлемінде мемлекет сыйлықақысын береді. Ол 200 айлық есептік көрсеткіштен (505000 теңге) аспайтын сомаға төленеді. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша ең жоғары мемлекеттік сыйлықақы 101 000 теңгені құрады.
Банк халыққа қызмет көрсету сапасын жылдан жылға жақсартып, оңтайландырып келеді. 2023 жылға қарай қызмет көрсетудің 70 пайызын онлайн-режимде ұсынуды жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде оң қадамдар байқалады. Оған дәлел – биыл енгізілген жаңа жобаның бірі алдын ала банктік біліктілікті іске қосу және банк кеңесшілері арқылы қашықтан несиелік өтінімдерді қабылдау. Енді банк клиенттеріне несие бойынша өз мүмкіндіктерін алдын ала бағалау үшін банк бөлімшесіне барудың қажеті жоқ. Олар өздеріне ыңғайлы уақытта кез келген жерге банк кеңесшісін шақыртып, қызықтырған мәселелер бойынша сұрақтарына жауап алуына болады. Банк қызметкерлері қашықтан депозит ашып, салымшының төлем қабілетін шамалап есептеп, алдын ала мақұлданған несие сомасы көрсетілген арнайы сертификат береді. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрағасы орынбасары Әділет Қожанбаевтың айтуына қарағанда, бұл сертификат 3 айға жарамды. Осы уақыт ішінде салымшы өз мүмкіндіктерін біле отырып, өзіне лайықты баспана іздеп, займ алу үшін банкке хабарласа алады. Аталмыш жоба клиенттердің уақытын үнемдеп, олардың банкке баруын екі есе қысқартуға мүмкіндік бермек.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жылды табысты қортындылады деуге толық негіз бар. Оған салымшылардың көбеюі мен несие қоржынының арта түсуі дәлел. Келер жылда да қыруар шаруа күтіп тұр.
Алматы