Кедейлік қылмысқа апарды
Кедейлік қылмысқа апарды
376
оқылды

Кедей адам кекшіл болады. Борыш батпағына батқан, барын жоғалтқан, басар тауы қалмаған жан кез келген қылмысқа баруы мүмкін. Түркістан облысында сот қарақшылық жасап, ақша тасушы инкассаторларды қырып салған қаскөйге үкім шығарды. Ол енді ширек ғасырға жуық уақытын қатаң режимдегі түрмеде өткізеді. Көпбалалы әке қарызын жабу үшін қолын қанға малған екен.

Бұл себеп, әрине оны еш ақта­майды. Astana телеарнасының мәліметінше, жұмыс бабында қаза тапқан күзеттегі жігіттің жасы небәрі 28-де болған. Қылшылдаған кезінде өмірдің қызығын көрмей жатып, қыршынынан қиылды. Жендеттің қолынан жантәсілім болған тағы бір азамат 53 жаста болған. Өмір бойғы бейнетінің зейнетін көретін кезеңге жете алмай кетті. Екеуінің де артында аңырап балалары қалған.

Қылмыскердің өзі бес баланың әкесі екен. Соған қарамастан, судья аса қатал жаза кесті.

– Іс материалдарында оның айыбы толығымен дәлелденді. Сот үкімімен ол қарақшылықпен екі адамды өлтiруші ретінде 24 жылға бас бостандығынан айырылды. Екінші сотталған адам 4 жылға бас еркіндігінен айыруға жазаланды. Себебі жасалған қылмыс туралы хабарламаған, – деді Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Дәурен Мадалиев.

Қанды оқиға 2019 жылғы мау­сым айында Арыс ауданында орын алды. Қаскүнем «Қазпоштада» жүргізуші болып жұмыс істеген. Сол кезде ол демалыста жүрген кө­рінеді. Алайда әріптестерінің ақша таситынын естігенде, әдейі олардың алдынан шығып жо­лай апарып тастауды өтінеді. Әріптесінен еш арамдық күтпеген азаматтар артынша қанға бөгіп, өмірмен қош айтысатындарын білмеген.

Ал қылмыскер күнәмен тап­қан қаражатқа екі банктегі креди­тін және өзгелер алдын­дағы қарыз­да­рын жабуды жос­парлапты. Бірақ «шу басылғанға дейін» деп тона­ған ақшасын сыбайласы көрсет­кен жерге ты­ғып тастайды. Салда­рынан қар­жының заңсыз жолмен табыл­ғанын түсіне тұра құзырлы ор­ган­дарға хабарламаған ол адам 4 жылға абақтыға қамалды.

«Кедейшілік бүлік пен қылмыс тудырады» деп байырғы заманда-ақ данагөй Аристотель айтып кетіпті. Finprom сарапшылары елі­міздегі ең ауқатты және ең кедей өңірлердің рейтингін түзді. Олардың айтуынша, халық тығыз шоғырланған Түркістан облысы тұрғындарының 11 пайызға жуы­ғы­ның табысы ең төменгі күнкөріс шегінен де аз болып шықты.

Ресми статистика бойынша 2019 жылдың ІІІ тоқсанында қа­зақстандықтардың ақшалай та­быстары 9,6%-ға өсіп, 175,9 мың теңгеге жетті. Салыстыру үшін айтсақ, өткен жылғы ұқсас ке­зеңде азаматтардың табысы 2017 жыл­ғыдан 9,7%-ға өсіп, 160,4 мың тең­геге тең болған.

Жалпы, халықтың ақшалай табысы 2014 жылы 120,3 мың теңгені (өсім 8,7%), 2015 жылы 125,9 мың теңгені (4,7%), 2016 жылы 136 мың теңгені (8%), ал 2017 жылы 146,2 мың теңгені (7,5%) құрады.

Өңірлер арасындағы ең ауқат­тысы – Алматы қаласы: Ала­тау бөктеріндегі мегаполис тұрғын­дарының орташа ақшалай табысы 238,8 мың теңге және бұл орташа республикалық көрсеткіштен 35,8%-ға жоғары. Оның үстіне со­ма жыл сайын өсуде және был­тыр­дан бері тағы 5,7%-ға артқан.

Екінші орында 230,5 мың теңге орташа табыспен және 5,9% өсіммен елорда Нұр-Сұл­тан орналасқан. «Үштікті» Қара­ғанды облысы тұйықтайды: қара­ған­дылықтардың орташа ақшалай табысы 209,2 мың теңге деп есеп­тейді статистикашылар.

Халқының табыс деңгейі бо­йынша көшбасшылар бестігіне со­нымен қатар Маңғыстау (203,8 мың теңге) және Шығыс Қа­зақстан облысы (199,5 мың теңге) ене алды.

Тұтастай алғанда, елімізде бар­лық 17 өңірдің тек 9-ында ғана тұр­ғындар республика бойынша ор­таша деңгейден асатын көлемде табыс табады.

Ұлттық экономика министр­лігінің Статистика комитетінің де­регіне жүгінсек, жергілікті жұрт­шылығы ең аз табатын өңірлер қа­та­рына Түркістан (105,3 мың теңге), Жамбыл (134,6 мың теңге) және Қызылорда (139,4 мың теңге) облыстары кіріп отыр.

Қалған өңірлердің ахуалы келесідей: Қостанай облысы – 191,8 мың теңге, СҚО – 190,8 мың теңге, Павлодар облысы – 184,9 мың теңге, Ақтөбе облысы – 179,1 мың теңге, БҚО – 170 мың теңге, Ақмола облысы – 168,1 мың теңге, Атырау облысы – 155,9 мың теңге, Алматы облысы – 157 мың теңге, Шымкент қаласы – 144,2 мың теңге.

Жалпы, Қазақстанда қазір та­бысы күнкөріс шегінен аз ха­лықтың үлесі – 4,5%. Бір жыл бұрын ол 4,6% болған. Алайда Түркістан облысында ақшалай табысы күнкөріс шегінен де төмен азаматтардың үлесі 10,8%-ға дейін жетеді. Шығыс Қазақстан облысында кедейшілік үлесі 6,6%, Жамбыл облысында – 5,3%.

«Кедейшілік – адамзат өрке­ниетінің мәңгілік серігі. Ол бар­лық заманда, барлық халықта бол­ған. Алайда кедейшілік жер сілкінісі, қуаңшылық және басқа да табиғи апаттарда, соғыстар мен төңкерістер сияқты әлеу­меттік «зілзалалар» кезінде, сонымен бірге экономикалық, сая­си дағ­дарыстар тұсында өршіп, кең ауқым алады. Ондай жағ­дай­да халық өмір сүруге қажетті қара­пайым шарттардан жаппай айыры­лады, тамақ жетіспей ашығады, ар-ұжданы аяққа тапталып, құ­қығын қорғауға қабілетсіз болып қалады», – дейді Орталық Азия аймағындағы осы проблеманы терең зерттеп жүрген белгілі қыр­­ғыз тарихшысы, профессор Назира Усупова.

Ендеше кедейлікті жеңудің, бақуатты өмір орнатудың бір шар­ты – бейбітшілік. Елде тыныш­тық пен тұрақтылық болса, даму даңғылында күйзелістер мен ке­сірлер кесе-көлденең тұрмаса, елдің ауқаты да арта бермек.