Ақмолада сотталушы бес жылдан бері хабарсыз кеткен ата-анасымен бейнебайланысқа шықты.
Ақмола облысының қылмыстық атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жазасын өтеп жатқан Константин ата-анасын табу үшін колония қызметкерлеріне өтініш білдіріпті.
Жедел іздестіру нәтижесінде, тәртіп сақшылары сотталушының әке-шешесі де ауыр қылмыс жасағаны үшін түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқанын анықтаған.
«Алдын ала келісіммен заң талабын бұзғаны үшін жазасын өтеп жатқан ата-ана мен баласы бейнебайланыс арқылы жүздесті. Онлайн кездесу арқылы бала ата-анасымен «қауышты». Баласына ата-анасы өз тағдырын қайталамауын өтінді», – дейді Облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің баспасөз хатшысы Ирина Горнова.
Константиннің жазасын өтеп, бостандыққа шығуына аз уақыт қалды. Кішкентай қарындасының күтіп жатқанын айтқан ата-ана барлық режимді сақтап үйге тезірек оралуын өтінді. Кездесу соңында отбасы мүшелерінің үшеуі де ҚАЖ қызметкерлеріне кездесуге мүмкіндік бергеніне алғысын білдірді.