Латифундистерге қашанғы жем боламыз?
Латифундистерге қашанғы жем боламыз?
257
оқылды

Ресми мәліметке сенсек, Қа­зақ­станда барлық жердің 62%-ы немесе 38 миллион гектары ұтым­­ды пайдаланылмайды. Мұның сыртында тағы 2,2 мил­лион гек­тар жер мүлдем пайда­ланусыз жа­тыр. Оның үлкен бөлігі кредит алу үшін банктер мен қаржылық институттарға ке­пілге қойылған, тиісінше, қарыз қайтарылмағанда мем­лекеттің жері жеке қаржы құ­рылым­дары­ның қолына көшеді. Мұның стра­тегия­лық қаупі бар. Оның үстіне ауылдықтарға мал өсі­рейін десе, жер жетпеуде.

Жылда Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін Үкіметтің кеңейтіл­ген отырысында үнемі көтерілетін парадоксты бір мәселе бар: ұлан-байтақ территорияға ие Қазақстанда егін не мал шаруашылығын жүргізуге жер тапшы. Ақылға сыймайтын осы түйткілді шешу үшін қаншама шешім қабылданды. Әкімдерге, прокурор­ларға және басқасына ұтымды немесе мүлдем қажетке жаратылмайтын жер­лерді тартып алу тапсырылды, заң қай­та жазылып, тиісті құзырлар берілді.

Ақыры не болды?

Инвесторлардан, кәсіпкерлерден және ауылдықтардан ауыл шаруа­шылығы өнімдерін өндіруге, кәсіп жүргізуге, табыс табуға жер сұраған өтініштер толастар емес. Әкімдердің де жауабы дайын: бос жатқан жер жоқ. Халық пен бизнес болса, бос жатқан жердің барын өз көзімен көріп отыр. Неге бермейді? Себебі іс жүзінде бос жатқан жердің құжат жүзінде «иесі бар». Содан мұндай әділетсіздікке шы­да­маған жұрт ел басшылығының құлағын шулатады. Осы аптада, 26 қаңтарда өт­кен Үкіметтің кеңейтілген отырысын­да ел Президенті Қ.Тоқаев бұл мәселені тағы да тілге тиек етті. Ол жайылымдар ауыл тұрғындарына қолжетімді болмай тұрғанына назар аудартты. Өйткені «жергілікті әкім­діктер жұмысты дұрыс ұйымдастырмай отыр». Соның сал­дары­нан, ауыл тұр­ғындары мал жаятын жайылым таппай қиналуда. «Әсіресе, Алматы, Түркістан об­лыстарынан арыз-шағымдар көп түсу­де. Жайылымдардың 99%-ы шаруа қо­жалықтарының иелігінде. Алайда оның 36 пайызында ғана мал жайыла­ды. Қалған 46 миллион гектар жайылым­дық жер бос жатыр. Үкіметке Бас прокура­турамен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін ол жайылым­дарды қайтарып алуды тапсырамын! Оны ауыл тұрғын­дарына берген жөн», – деді Қ.Тоқаев. Айта кету керек, Мемлекет бас­шысы Қ.Тоқаевтың өткен жылдардағы «ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер­дің ұтымды пайдаланылуын бақылау және цифрлық мониторингін енгізу туралы» тапсырмасына сәйкес, Supervision Technology «Жерлердің цифрлық мониторингі» (lands.qoldau.kz) сервисін әзірлеп шықты. Рас, бұл сервис жер қа­тынастары, жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармалары­ның және бөлімдерінің қызметкерлеріне ғана қызмет көрсетеді. Бұл үшін олар электронды бланк толтырып, өтініш жіберуі керек. «Жер тағдыры – ел тағ­дыры» болғандықтан, оны халыққа да ашық, қолжетімді етсе, жөн болар еді. Аталған порталдың дерегіне жүгін­сек, қазіргі кезде Қазақстанда қол­данылатын 61 миллион 417 мың 586 гек­тар жайылымдық жердің 38 миллион 154,2 мың гектары немесе 62,12%-ы ұтым­ды пайдаланылмайды. Оңтайлы қолданылмайтын жайылым­ның үлкен үлесі Қызылорда об­лысын­да – жалпы ауқымы 1 млн 447,4 мың гектардың 1,2 мил­лионы немесе 87,55%-ы, Алматы облысында – 5 млн 795,8 мың гектардың 4,9 миллионы немесе 84,78%, Маң­ғыстау облысында – 3 млн 418,1 мың гек­тардың 2,6 мил­лионы немесе 77,49% және Солтүстік Қазақстан облысында – 894 мың 504,35 гектардың 664,8 мыңы немесе 74,32%. Өзге өңірлердің де оңып тұр­ғаны шамалы. Мысалы, аз деген Павлодар об­лысы­ның өзінде 3 миллион 394,8 мың гектар жайылымның жартысына жуығы – 1,5 миллионы немесе 45,18%, Қарағанды облысында 11 миллион 826,2 мың гектардың 6,1 миллионы немесе 51,59%-ы, Қостанай облысында 3 миллион 671,7 мың гектардың 2,06 миллионы немесе 56,29%-ы ел игілігіне пайдаланылмай жатыр.

Жерді беруден кері алу қиын

Әдебиетте «шөп қорыған ит» деген фразеологизм бар, яғни маяға жатып алған ит шөпті өзі жемейді, жейтінге бермейді. Яғни, ешкімді ресурсқа жолатпайды, сол тірлігін бедел санайды. Сол сияқты жүздеген мың гектарды иеленген, бірақ оның бәрін игеруге әлеуеті жетпейтін жеке тұлғалар мен компаниялар бар. Құжат­тары толық, тірегі мықты олардың қол­данбайтын жерлерін әкімдер тартып ала алмайды. Оның үстіне, олар­ды кәсіпкерлікті қолдауға арнал­ған ұлттық заңнама қорғайды. Биыл Жер кодексіне қатысты кезінде жарияланған мораторийдің мер­зімі аяқталатыны мәлім. Осыған байланысты Президент Жер жөніндегі комиссияның жұмысын қайта жандан­дыратынын жариялады. Демек, ел Үкі­меті сол комиссиямен бірлесіп, жерді не өзі игермейтін, не өзгеге бермейтін латифундистерден арылу­дың заңды жолдарын тапса, абзал. Ауылдың жағдайын жергілікті әкім­нен артық кім біледі? Нақты бір ауылда кімнің жерді еміп, егін егіп, дала төсін төрт түлікке толтырып отырғанын, ал кім­нің ауыл бизнесіне қыры жоғын байқатып, алған жерін арамшөпке жайлатқанын сол біледі, оны астанадағы министрлік қайдан білсін? Осы бай­лам­ды негізге алған ел Парламенті жерге қатысты ауыл-аудан әкімдерінің құзы­рын күшейткен болатын. Өмір көрсеткендей, ауыл-аймақ әкім­дері бұл түйткілдің түйінін тарқа­туда әбжілдік пен іскерлік, пәрменділік пен тегеурін танытпады. Сондықтан енді барлық құзыр қайтадан орталыққа алынып, Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігіне жүктелуде. Өз кезегінде АШМ-нің байламынша, пайдаланыл­майтын немесе жер заңнамасын бұза отырып пайдаланылатын ауыл шаруа­шылығы мақсатындағы жерді мәжбүр­леп алып қоюдың қолданыстағы тетігі тым оралым­сыз, ұзаққа созылады. «Ауыл шаруашылығы жерлерін пай­даланбау және ұтымсыз пайдалану фак­тісін дәлелдеу үшін бірнеше рет тексеру жүргізу қажет. Содан кейін, яғни екі жыл өтіп, үшінші жылы ғана сотқа жерді алып қою туралы талап арыз бере аламыз. 2015 жылғы 29 қазан­дағы Кәсіпкерлік кодексінің талап­тарына сәйкес, инспектор заң бұзу­шыға «жер заңнамасын бұзу­шылық­тарды жою туралы нұсқаманы» тапсыруы шарт. Ол үшін инспектор оған тек­серудің және профилактикалық бақы­лаудың тағайындалғаны туралы актіні көрсетуі керек. Ондай актіге қол жеткізу де оңай емес. Көптеген меншік иелері мен жер пайдаланушылар тексеруге қатысудан бас тартып, бұл процедурадан басын ала қашады. Соның кесірінен әлгі тексеруді өткізу­дің өзі белгісіз уақытқа созылып кетеді», – деп түсін­дірді Ауыл шаруа­шылығы министрлігі.

Деректегі алшақтықтың астары неде?

Расында, қолданыстағы тетік пай­даланылмайтын жерді тез алып қоюға еш мүмкіндік бермейді. Кәсіпкерлерді рейдерлік шабуылдан қорғау үшін жерді мәжбүрлеп алып қою механизмі мен нормалары күрделендірілді. Мәселен, жергілікті әкім жайылымның не егіс­тік­тің ұзақ уақыт пайдаланылмай босқа жатқанын аңғарса, алдымен ол субъек­­тіге тексеріс рәсімін ұйым­дастыруы керек. Тексеріс тәмамдалған соң жер ие­сіне бұзушылықты жою жөнінде 1 жыл мерзімге нұсқама беріледі. 1 жылда ештеңе өзгермесе, қайтадан «бақылау тексерісі» жүргізілуі керек. Ол тексеріс қорытындысында жердің пайда­ланыл­май­тыны рас­талса... тағы 1 жылға нұс­қа­ма беріледі. Яғни, тек 3-ші жылда ғана жер учас­кесін алып қою туралы сот­қа шағым бере алады. Сөйтіп, алып қоятын болар? Жоқ. Жерді алып қою тәжірибесін тал­дау көрсеткендей, ешкім де өз еркі­мен жермен қоштасқысы келмейді: кө­бі­несе жер пайдаланушылар мемле­кет­тің талап-арыздарына қарсы апел­ляцияға шағымданады, дауласады. Ары қарай істі сот созбалаңға салады, үкімін жиі кешіктіреді. «Сондықтан қаптаған жосықсыз жер пайдаланушылардан жерін мәжбүр­леп алып қою фактілері өте сирек. Осы­ған байланысты жер учас­келері ондаған жылдар бойы пай­даланылмайды және айналымнан шы­ғарылады, егістік жер­лер­дің құ­нарлы қабаты жойылып, тоза­ды. Арам­шөп басады. Оларды кейін да­қылдар егу үшін қалпына келтіру қиын­ға соғады. Мұның сыртында бұлар көрші жер телімдеріне де орны толмайтын зиян келтіреді. Өйткені олар өсімдік аурулары мен зиянкес­тердің даму ошағына айналады. Нә­тижесінде бүгінде өз бизнесін ашқысы немесе қолда бар бизнесін кеңейткісі келетін адал фермерлер үшін елімізде қолайлы жер жоқ!» – деді АШМ ма­мандары. Осылайша, мәселе одан ары қорда­лануда. Оны шешу үшін АШМ жаңа заң жобасын әзірлеп шықты, онда жерді алып қою кезеңдерін қысқартуды ұсы­на­ды. Бұл заң қабылданса, инспектор бос жатқан жерге бармай-ақ, отандық «Жерді қашықтықтан зондтау спутнигі» арқылы алынған деректер негізінде тексеріс жүргізеді, пай­даланылмай жатқан жерлерді анық­тайды. Жер пай­да­ланушыға анық­талған бұзушылықты жою жөнін­де хабарлама бағыттайды. 1 жыл өт­кесін, ЖҚЗ жерсерігі түсірген тү­сірілім арқылы қайталама мониторинг жүр­гіз­еді. Ары қарай сотқа беріп, сот ар­қылы тартып алады. Әкімдіктердің Үкіметте жолдаған мәліметтеріне жүгінсек, 2013 жылмен салыстырғанда алдыңғы жылы жергі­лік­ті атқарушы органдардың жерді пай­далану мен қорғау саласында жүр­гіз­ген тексерулерінің саны 2,6 есеге азай­ған. БАҚ не блогер арқылы «биз­неске қысым жасап жатыр» деп дау-жанжал тудыруы мүмкін деп қор­қып, әкімдер қаражаты да, мүмкіндігі де мол ірі жер иеленушілермен бай­ланысқысы келмейді. «Бұл ретте анықталған бұзушылық­тарды жою 4,5 есеге кеміп кетті. Бұдан бөлек, субъектілерді іріктеп-тек­серулер саны қысқарды. Ал жер мә­селелері бойынша шағым артуда: Ауыл шаруашылығы министрлігіне 2018 жылы – 1 613, ал 2019 жылы 3 614 өтініш түсті», – дейді ведомство өкілдері. Осы орайда елімізде нақты қанша жердің пайдаланылмай жатқанына қатысты деректер де әртүрлі. Мысалы, Бас прокуратура Премьер-Министр кеңсесіне жолдаған заң бұзушылықты жою туралы ұсыныс хатында «про­кура­тура органдарының ауыл шаруа­шылы­ғы мақсатындағы пайдаланыл­май­тын жерлердің 9,6 миллион гек­тарын анықтағанын» мәлім етті. Ал облыстар мен қалалардың жерге жауап­ты ат­қарушы органдарының деректері бойынша республикада бар­лығы 2,2 миллион гектар жер ғана пай­даланылмай жатыр. Мұндай ала-құла ақпараттың ар жағында жүздеген мың гектар ұлан-ғайыр жерді астына басып, елге зиян келтіріп отырған қаншама латифун­дистің мүддесі жасырулы жатуы әбден мүмкін. Ендеше қазақ жеріне жалпыұлттық ревизия жасап, түгендеу қажеттей.