Жаңа агенттік жарылқай ма?
Жаңа агенттік жарылқай ма?
231
оқылды

Бірер күн бұрын өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы айтқан Экономикалық қылмыспен күрес агенттігі құрылды. Бірақ атауы басқа, Қаржы мониторингі агенттігі деп аталады. Басшысы да дайын тұр екен. Жаңа агенттік дегенімізбен, бұл – бұған дейін Қаржы министрлігінің құрамында болған Қаржы мониторингі комитеті. Құзыреті кеңейіп, агенттік атанды, енді министрге емес, Президентке  бағынады.  Міндеті де бәз-баяғыдай,  жалған кәсіпорындар мен  салық төлеуден жалтаратындарға қарсы күресті жалғастырады. Қысқасы, көлеңкелі экономикамен күресте ешкімге жалтақтамай әрекет етуі тиіс. Себебі арқасүйері – Президент

Соңғы кездері жылына бір мемлекеттік орган құрылып жатыр.  Былтыр Бәсекені реттеу және дамыту агенттігі, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі құрылды. Биыл агенттіктер қатары тағы толықты.  Агенттіктің министрліктен айырмасы, Президентке тікелей бағынады. Үкімет жетекшісінде шаруасы жоқ деуге болады. Соның бір мысалы, жаңа агенттіктің ескі де жаңа басшысы Жанат Элиманов Мемлекет басшысының қабылдауында болып,  агенттіктің алдағы жоспары мен едел-жедел таратылған Қаржы мониторингі комитетінің 2020 жылы атқарған жұмысын баяндап үлгерді. Президент  агенттік басшысына көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысты күшейтуді,   бизнесін адал істеп отырған кәсіпкерлер мүддесін қорғауды және олардың жұмысына жөнсіз араласуға жол бермеуді тапсырды. Бір қызығы, бұл агенттік сарап­шылардың болжам жасауына мұрша бермей, жедел құрылғанын айтуымыз керек. Сол сарапшылардың арасында агенттіктің құрылғанын құптайтындар да, құптамайтындар да бар. Экономист Мақсат Халық бірінші топқа жатады. Ол  әу баста жаңадан ашылған құрылымның қанша жұмысшысы болады, оларға жалақы төлеу   бюджетке үлкен шығын ғой деген ойы болғанын жасырмады. «Оның үстіне, соңғы уақытта мем­лекеттік шенділердің санын қысқарту жоспарланды, сондықтан   жаңа бір агенттік құрылса,  басқа агенттіктер күшін жоя ма деп ойлап едім. Сөйтсем, қол­даныста бар құрылымның атауын сәл өзгертіп, сол міндеттерімен тікелей Президентке  бағынатындай етіп жасаған екен. Қ.Тоқаев Президент болғалы бері монополиямен күресетін агенттікті, Статистика комитетін агенттікке айналдырып, өз қарамағына алды. Бұл  бір жағынан  Президенттің Үкіметке  сенімі жоқ па деген ой туғызады. Жалпы, мұндай құрылымдардың тікелей Президентке бағынуы олардың деңгейі мен ықпалын арттырады. Өз мақсатына  сай жұмысын атқарғанда еркіндігі болады. Бұл өзгеріс осындай  бағытта жасалып отырған әрекет деп қабылдадым», – дейді ол. Сарапшылар қазірдің өзінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі  міндетінің аясы қысқаратынын болжады. Өйткені түптеп келгенде екі агенттіктің илейтіні – бір терінің пұшпағы. Көлеңкелі экономика белең алған сала – сауда саласы. «Мемлекеттер арасындағы сауда айналымында көлеңкелі экономиканың үлесі артып тұр.   Екі жыл бұрын Қаржы министрлігі елең еткізген ақпаратты таратты.  Қытайдан біздің елге жіберілген тауар мен сол елден бізге кірген  тауардың арасында 7 млрд доллар айырма шықты. Бұл – үлкен мәселе. Ал айналымдағы көлеңкелі қаржының статистикасы 30-40 пайыз деп айтылады.  Егер жалпы ішкі  өнім 70 трлн болса, 30 пайызыңыз – 21 трлн теңге, осынша ақша көлеңкеде жүр деген сөз. Бұл – ресми есеп. Кей сарап­шылар көлеңкелі экономиканың үлесі 50 пайызға дейін жетеді дейді,  бұл – мемлекет болашағына қауіп төндіретін дерек.  Президент осының бәрін ескере келе Қаржы мониторинг комитетінің құзыретін кеңейтуді қолға алған болар», – дейді Мақсат Халық. Заңгер Абзал Құспан мұндай құ­рылымдар санын шектеуді ұсынады. «Республика үш сатылы құрылымнан тұрады –  аудан, облыс, республика. Соның ішінде ауданда бүкіл мекеме мен адамдар бағынатын төрт бастық болады, олар – аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, аудандық прокурор, аудандық соттың төрағасы, аудан әкімі. Қалғанының бәрі мұндай үлкен құзыретке ие емес. Мысалы, салық бөліміне салық төлейтін кәсіпкерлер ғана бағынады. Ал әлгі  4 бастықтың үшеуінің мамандығы – заңгер.   Облыстық деңгейге келсек, осы төрт бастықтың позициясы сақталады. Облыс әкімі, облыстық прокурор, облыстық соттың төрағасы, облыстық Полиция департаменті, енді оған екі бастық қосылады: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстағы департаменті, сосын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстағы департаменті. Алты  бастық болды ма? Міне, осы алты бастықтың бесеуі – заңгер. Заңгер болғанда адамдарды ұстап, қамайтын, соттайтын өкілетке ие заңгерлер. Республикалық құрылымдар да солай кете береді. Енді біз осындай күштік құрылым санын тағы бір құрылымға көбейтпекшіміз», – дейді. Оның айтуынша, АҚШ-тың кез келген штатының округін алып қарасаңыз, екі-ақ басшы болады, шериф және мэр. Шериф мэрге бағынады. Ал ФБР, ЦРУ дегендер федералды қызметке жатады.  Жалпы, құқық қорғау, қадағалау органдары қай саланың да дамуын тежейді. Ондайда алға  жылжу болмайды, яғни бизнес дамымайды. Атқарушы орган да алаңсыз жұмыс істей алмай қалады. «Бізде полицияның түрі көп және олар шексіз-шетсіз құзыретке ие. Керісінше, атқарушы органдарға құзырет беріп, бизнестің дамуына  кедергі келтіретін құрылымдарды азайтуымыз керек, сонда ғана мемлекет ретінде дамимыз. Өз басым агенттікті ашқаннан экономика гүлденіп кетеді деп айта алмаймын. Себебі ол ертең бизнесті тергейді, ол жерден міндетті түрде қылмыс табады. Біздің құқық қорғау органдары көрсеткіш деген бір ғана жүйеге байланып қалған.  Мысалы, облыстық департаменттің жаңадан тағайындалған басшысы өзіне дейінгі басшыдан асырып жұмыс істегісі келеді. Сөйтіп, өзіне дейінгі басшы 1 000 қылмыс ашқан болса, бұл  міндетті түрде 1 100 қылмыс ашуды мақсат етеді.  Арандату, жала жабу деген осындай көрсеткіш қуудан шығады. Көрсеткіш қуу – мемлекеттің аяғына тұсау салатын кедергі», – дейді заңгер. Ол жергілікті жерде  ішкі істер орган­дары мен әкімдерді, ал республикалық деңгейде экономикалық қылмыспен, сыбайлас жемқорлықпен  күресетін құрылымды ғана қалдыруды ұсынады. Ауданда полициядан басқа құрылымның қажеті жоқ деп санайды. Жалпы, экономикалық қылмыспен күресетін агенттік құрылады дегенде-ақ мұндай функцияны атқаратын құрылымдар бізде баршылық екенін айтқандар болды. Ал «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев Премьер-Министрдің атына  депутаттық сауал жолдап,  жаңадан құрылатын агенттіктің функцияларын қайталайтын құрылымдарды жоюды талап етті. «...Елімізде осыған ұқсас мәселелермен айналысатын кемінде екі мемлекеттік орган бар, бұл – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және Қаржы министрлігінің Экономикалық тергеу қызметі. Олардың қызметі қандай да бір түрде бизнесті басумен байланысты. Былтыр «Ақ жол» фракциясының сұрауы бойынша Бас прокуратура 16 заңсыз қылмыстық істі тоқтатты және кәсіп­керлердің заңды құқығын бұзғаны үшін Эко­номикалық тергеу қызметінің 150 қызметкерін жауапқа тартты.  Осыған байланысты бизнеске екі есе емес, үш есе қысым жасауды болдырмау үшін «Ақ жол» фракциясы аталған мемлекеттік орган­дардың салалары мен өкілеттіктерінің ара­жігін нақты ажыратуды, сондай-ақ жаңадан құрылатын агенттіктің функция­ларын қайталайтындарды жоюды талап етеді», – деді депутаттық сауалда. Оның сөзіне қарағанда, бұл шешім ауадай қажет, өйткені кәсіпкерлердің айтуынша, қомақты сомаларды заңсыз қолма-қол ақшаға айналдыру және салықтан жалтару, бопсалау және пара алу схемалары көбінесе жемқор шенеуніктердің ісі болғанымен, жауапкершілік бизнеске жүктеледі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі таратылмайтыны айдан анық. Кеше ғана агенттік 2020 жылдың қорытындысын шығарып, қаншама жемқорлық дерегін анықтағанын жария етті. Ал біздің тарапымыздан жаңа агенттікке қатысты бір ғана сұрақ бар:  Азат Перуашев экономикалық тергеу қыз­меті­нің 150 қызметкері жауапқа тартылғанын айтты. Бұл қызметкерлер жаңа агенттіктің негізін құраған Қаржы мониторингі комитетінің қызметкерлері. Бұл қыз­мет­керлер жаңа агенттікте жұмыс істей бере ме, әлде жұмыстан шеттетіле ме?

халимаХалима БҰҚАРҚЫЗЫ