25 желтоқсан күні Парламент Мәжілісінде «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексті әзірлеу жөнінде жұмыс тобы жаңа темекі өнімдерін (электронды темекі, вейп және қыздырылатын темекі – IQOS, GLO) қарапайым темекі өнімдеріне теңестіретін түзетулерді бірауыздан қабылдады.
Осылайша, қоғамдық орындарда электронды темекіні, IQOS, GLO-ны шегуге тыйым салынады. Оларға темекіге қарсы барлық заң нормалары қолданылады. Мысалы, жоғарыдағы темекі өнімдерін кәмелетке толмағандарға сатуға тыйым салу, өндірушілерге құрамын ашық жариялау міндеттеледі. Сондай-ақ олар жыл сайын есеп береді.
Темекі өнімдерін тұтынуға тыйым салу – жастар арасында IQOS, GLO және электронды темекінің таралуына тосқауыл қояды. 2018 жылы Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы еліміздегі 6 546 оқушының арасында зерттеу жүргізді. Қорытынды бойынша ер балалардың арасында электронды темекі тұтынатындар саны 2014 жылға қарағанда үш есе өскен. Яғни, 2014 жылы 2 пайызды көрсетсе, 2018 жылы көрсеткіш 6 пайызды нұсқады. Ал қыздар арасында электронды темекі шегу екі есе (1,1%-дан 2%-ға дейін) артқан. ⠀
Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, елімізде жасөспірімдер 11 жастан бастап темекіге әуестеніп, жаңа түрін байқап көреді. 11 жастағы ұлдардың 6 пайызы, 11-15 жастағы қыздардың 3,7 пайызы өмірінде 1 рет болсын темекі өнімін шегеді.⠀Демек, темекі өнімдерінің жаңа түрі жасөспірімдер мен жастар арасында таралуы – жаңа бір індеттің басталуына жол ашады. Сондықтан қарқынды түрде күрес жүргізуді қолға алу керек. Осы орайда, «Қазақстанды темекі түтінінен азат ету» ұлттық коалициясы, «Салауат Астана» қоғамдық бірлестігі жұмыс тобымен бірге жақсы нәтиже көрсетті.
Коалиция бірнеше жылдан бері темекі жарнамасымен қарқынды түрде күреседі. Қоғамдық бірлестік төрайымы Жәмилә Сыздықова дүкенде, сауда орынында темекі жарнамасына жол жоқ екенін жиі айтады. Адамның, оның ішінде жасөспірімдердің визуалды қабылдауы миға сигнал беруге қабілетті екенін алға тартады. Сондықтан дүкен сөрелерінде темекі өнімдері бөлек тұруын немесе арнайы пердесі бар сөреде сатылуын талап етеді. Осыған байланысты коалиция 2018 жылы Қазақстанның бес қаласында тәуелсіз зерттеу жүргізген. Қорытындыда көрсетілгендей, темекі өнімдерін сататын 325 сауда нүктесі аталған өнімді пердесі бар сөреге орналастырған.
Пердесі бар сөреде сату неліктен пайдалы? Өйткені темекі өнімдерін ашық көрсету сатып алуды ынталандырады және сату көлемін 28 пайызға арттырады. 30 елдің тәжірибесі ішінара тыйым салу темекі өнімдерін тұтынуды 13,6 пайызға, ал толық тыйым салуды 23,5 пайызға төмендеткенін көрсетеді.
«Қазақстанды темекі түтінінен азат ету» ұлттық коалициясы, «Салауат Астана» қоғамдық бірлестігі құзырлы мекемелермен бірігіп біраз істің басын қайырып жүр. Бірлестік осы қарқынынан таймаса, еліміздегі темекі өнімдерімен күрес жандана түседі.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ