Ел тарихында тұңғыш рет «Педагог мәртебесі туралы» жеке заң қабылданды. Құжатты осы бейсенбідегі отырысында Сенат құптап, ел Президентінің қол қоюына жолдады. Депутаттар дән риза: олар жаңа заң ұстаз мәртебесін көтереді, оны қағазбастылық пен жүктемеден құтқарады, материалдық тұрғыда ынталандырады деп санайды. Алайда мұғалімдердің көңіл толмайтын тұстар да жетерлік екенін жасырмайды.
Адамзаттың көкірек көзін ашып, тіл ұстартып, сауаттандыратын мұғалімнің мамандығы ХХ ғасырда елімізде әлемдегі барлық кәсіп арасындағы ең құрметтісі, қасиеттісі ретінде дәріптелді. Ұстаз келе жатса, үлкендердің өзі алыстан күтіп алып, сәлем беруге, тілдесіп қалуға тырысатын. Ал көше шаңын көтеріп, шапқылаған кір-қожалақ ойын баласы мұғалімге лайықсыз сипатта көрінуден қаймығып, тым-тырақай қашып, тығылып қалатын.
Бірақ барлық салаға күйзеліс әкелген Кеңес Одағының құлдырауы бұл мамандыққа да нұқсан келтірді. Педагог еңбегі елеусіз қала бастады, яғни бюджет бөлісі кезінде білім беруге өзге «стратегиялық» салалардан артылған қаражат қана жұмсалатын. 90-жылдары ұстаздар өз айлығының коммерциямен айналысатын кейбір шәкірттерінің табысынан әлденеше есе аз екеніне ұялатыны байқалатын.
Табанды, әділ, шыншыл мұғалімдерді сотқар оқушылар мен олардың ұрда-жық әкелерінің ұрып-соғу деректері де жиіледі. Жасыратыны жоқ, педагог беделінің түсуіне кейбір әріптестерінің жемқорлыққа бой алдыруы да ықпал етті. Білім және ғылым министрлігінің өзі барлық мектепті жаппай «феминизация» жайлағанын, салдарынан тарих, денешынықтыру, еңбек сабағы секілді бұрын ер мұғалімдердің кәсібі саналған пәндер бүгінде әйел педагогтер еншісінде қалғанын қынжыла мойындады.
Енді міне, педагог мәртебесін арнайы заңмен бекітуге тура келіп отыр.
Мыңдаған ұсыныстан тек 19 бап
Жаңа заң жобасын әзірлеу үшін БҒМ ғалымдардан, мұғалімдерден, заңгерлерден, депутаттардан және білім беру қызметкерлері кәсіподағының өкілдерінен тұратын арнайы жұмыс тобын құрды. Бір жылдай уақыт бойы осы топ мемлекетіміздің әр атырабында қаптаған кездесулер өткізді, ұстаздар қауымының талап-тілектерін тыңдап, ой-пікірлерін жинады. Нәтижесінде, 8600-ден астам ұсыныс келіп түскен. Содан топқа кірмеген былайғы сарапшылар да алақанын ысқылап, тұтас томға бергісіз аса көлемді заң жобасын талқыға салуға іңкәрленді. Өкінішке қарай, «Педагог мәртебесі туралы» заңның Парламентке енгізілген соңғы жобасы пышақ қырындай жұқа ғана болып шықты. Өйткені Үкіметтің қаржыға жауапты бөлігі шығыны көп ұсыныс-баптардың көпшілігін қабылдамай тастаған көрінеді.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жарты миллионнан астам ұстазға қатысты заң жобасы небәрі 19 баптан тұратынын жария етті. Мыңдаған ұсыныстан не себепті 19 бап қана қалғанына қатысты сұраққа министр А.Аймағамбетов: «Ең басты, ең керек нормалар қабылданды» деп қысқаша жауап берді.
Рас, Мәжіліс пен Сенатта пысықтау барысында жоба шамалы толыққан. Бірақ оларды ауқымды деп айту қиын. Жұмыс тобында болған төменгі палата депутаты Әбдіманап Бектұрғанов Мәжіліс депутаттарынан 100-ге жуық түзету келіп түскенін айтады. Әйтсе де, жұмыс тобында қарау кезінде біразын алып тастау туралы шешім шығарылған. Сөйтіп, Үкімет құптаған 74 ұсыныс (оның ішінде редакциялық түзетулер де бар) қана өтіпті.
Парламент енгізе алған өзгерістер мен толықтырулардың салмақтыларына ғана тоқталсақ. Үкіметтік нұсқада педагогтің әдеп-этикасын бұзған мұғалімге айыппұл салу ұсынылды. Депутаттар оны «әкімшілік құқық бұзушылықтан» «тәртіптік теріс қылыққа» ауыстырды. Яғни, әкімшілік жаза орнына сөгіс, жұмыстан қуу және басқа да тәртіптік жаза қолданылады.
Халықаралық олимпиада, конкурс, спорттық жарыста озған жеңімпаз, жүлдегер оқушыны дайындаған педагогке 3 лауазымдық айлықақы (оклад) мөлшерінде біржолғы сыйақы төлеу туралы норма қосылды. Бір кілтипаны сол, оған қажетті қаржыны әр мектеп «өз қызметі бойынша үнемделген қаржы» есебінен табуы тиіс.
БҒМ заң жобасында педагогтерге ғана берілетін жеке мемлекеттік награданы тағайындауды белгіледі. Бұған дейін мұғалімдердің төл төс белгісі болмайтын. Алайда мұны азырқанған депутаттар «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағымен марапатталған педагогке 1 000 айлық есептік көрсеткіш (2020 жылы – 2 млн 651 мың теңге) біржолғы төлем төленуіне қол жеткізді.
Мектепте ғана емес, сондай-ақ мәдениет және спорт саласындағы мемлекеттік білім беру ұйымдарының және әскери оқу орындарының мұғалімдеріне де магистр дәрежесі үшін 10 АЕК (26 мың 510 теңге) қосымша ақы берілетін болды.
Ауылдағы педагогтерге жеке тұрғын үй салуы үшін жер учаскесін бірінші кезекте беру кепілдігі көзделіп отыр.
Заң жобасының Үкімет әкелген нұсқасында мұғалімді кәсіптік міндетімен байланыспайтын жұмысқа тартуға тыйым салынды. Оны бұзған шенеуніктер айыппұлмен жазаланады. Сонымен бірге ұстаздарды «қоғамның әлеуметтік, мәдени және экономикалық дамуына жәрдемдесуге міндеттейтін» норма да қоса берілді. Бұған Мәжіліс төрағасы Н.Нығматулин бастаған депутаттық корпус қарсылық білдіріп, «бірін-бірі жоққа шығаратын ережелер» деп таныды және өткізбеді. Әйтпесе, осы талапты басшылыққа алған жергілікті әкім-қаралар ары қарай да мұғалімдерді жиналыс-кездесу кезінде залды толтыруға, үйлерді аралап, сауалнама жүргізуге, өрт не су тасқынымен күреске, ақысы төленбейтін басқа да қара жұмыстарға тарта беруі мүмкін еді.
Әскерге барғысы келмейтін бозбалалар тиісті оқуын бітіріп, мектеп не колледжге мұғалім болса, армияға шақырылудан босатылады. Бұл міндеттен ЖОО оқытушылары ғана құтылмайды. Бұрын әскери борышты өтеуді кейінге қалдыру ауылда жұмыс істейтін мұғалімдер үшін ғана көзделген еді. Енді қалалық педагогтерге де қатысты болады.
Зорлықпен сүйкімді болмайсың. Соған қарамастан, бұдан былай оқушыларға, ата-аналарға, қоғам белсенділеріне, тілшілер мен блогерлерге, жалпы қазақстандықтарға педагогке қарсы былапыт сөйлеуге, оны мазақ қылуға тыйым салынады. Ақпарат құралдарын, WhatsApp мессенджерін, әлеуметтік желілерді пайдаланып, дәл осылай мұғалімнің ар-намысына тиетін әрекеттер жасауға да жол берілмейді. Бұл талапты бұзғандар әкімшілік жазаға ілігіп, айыппұл арқалайды.
Үкімет ұсынған игіліктер
Заңға сәйкес, бұдан былай БҒМ-ге және өңірлердегі білім басқармаларына педагогтен білім беру саласындағы заңнамада көзделмеген есеп түрлерін тапсыруды не өзге ақпаратты жинауды талап етуге рұқсат етілмейді. Мектепте заңда көзделмеген тексерулерді жүргізуге тосқауыл қойылады. Білім ордасының басшысы педагогке қандай да бір тауарлар мен қызметтерді сатып алу жөнінде тапсырма бере алмайды.
Мұғалімдер ұзақтығы 56 күнге дейін созылатын, ақысы төленетін жыл сайынғы еңбек демалысына шығатын болды. Бұған дейін олар 42 күн демалатын. Бұлайша бірде-бір кәсіп иесі тынықпайтыны мәлім.
Педагог балаларына тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік тегін балабақшада бірінші кезекте орын беріледі. Ұстаздарға жыл сайын емделіп, сауығуға 1 айлықақы мөлшерінде жәрдемақы ұсынылады.
Тұтастай алғанда, Білім және ғылым министрінің мәліметінше, заңда көзделген шараларды жүзеге асыру үшін 2024 жылға дейін 5,3 триллион теңге шығындалады. Бюджет қаржысы ұстаздың жалақысын екі есе арттыруға, оларға қосымша ақылар, үстемеақылар мен сыйақылар төлеуге, әлеуметтік кепілдемелерді қаржыландыруға бағытталады.
Әйткенмен, шағын ғана заңдағы нормалар мұғалімнің ондаған жылдар бойы тапталған бедел-ажарын жақын арада асқақтата қоярына депутаттар да сенбейді.
«Ұстаздар және педагог мамандығының артықшылығы туралы шынайы, қызықты мақалалар мен фильмдер жетіспейді. Педагог мамандығын насихаттау бойынша жүйелі жұмыс жүргізу қажет. Мұғалімдерге арналған, кезінде жабылып қалған ақпарат құралдарын, газет-журналдарды қайта ашу керек. Ол үшін бүгіннен бастап қандай жұмыстар, соның ішінде қандай заңнамалық тетіктер қажет екенін ойластыру керек», – дейді сенатор Бақытжан Жұмағұлов.
Ұстаздар неге қапалы?
Педагогтердің осы заңға қатысты басты бір үміті – бейнеттің ерте зейнетін көру мүмкіндігімен байланысты болатын. Қоғамдық талқылауға салынған алғашқы нұсқада 30 жыл жұмыс өтілі бар мұғалімдерге зейнеткерлікке ерте шығуға құқық беретін бап болды. Кейін ол жойылды. Кездесулер мен кеңестерде «педагогтер қауымы 100 пайыз қолдаған» (БҒМ дерегі) бұл жаңашылдықты Үкіметтің қаржыгерлері құптамай қойыпты.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ержан Жылқыбаев жұмыс тобы қараған бұл ұсынысқа Үкіметтің теріс қорытынды бергенін жеткізді. Мұғалімдер үшін БЖЗҚ-ға жарна аударып тұратындай, мемлекетте көп қаражат жоқ.
– Демек, қазір мұғалімдерге ерте зейнеткерлікке шығуға құқық берсек, олар зейнетақымен қамтамасыз етуге жетерлік жинақ жинап үлгермеуі ықтимал. Ал кепілдендірілген базалық зейнетақы көлемі өте төмен. Сонымен қатар ауыр жұмыс істейтін шахтерлер мен өзгелер де осындай құқық беру мәселесін көтереді. Сол себепті әзірге бұл мәселе қаралмайды, – дейді Ержан Жылқыбаев.
Бүгінде Білім және ғылым министрлігі «Педагогикалық әдеп қағидаларын» бекітуде. Оның ережелері мұғалімнің кәсіби қызметі мен еңбек тәртібі сапасын бағалаудағы критерийлердің біріне айналады. Ондағы жаңалықтарға сәйкес, «педагог сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша шаралар қабылдайды, өзінің шыншыл, адал және әділ мінез-құлқымен үлгі болады». Ұстаздар коррупцияға тосқауыл қою ісінің не себепті өздеріне жүктелгелі жатқанын түсінбейді.
Әдеп кодексі бойынша педагогке өзге әріптесінің «кәсіби біліктілігіне көпшілік алдында күмән келтіруіне» тыйым салынады. Бұл – шенеуніктерге арналған кодекстен көшірілген норма. Салдарынан мұғалімдер, мәселен оқулықтардағы қателерге қатысты пікір айта алмай қалады.
Қазақстанның Еңбек Ері, Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі Айгүл Миразова заңда жас педагогтерді қолдауға және олардың құқықтарына мән берілмегеніне назар аудартады.
«Жас мұғалім көп қиындыққа кезігеді. Жаңа ғана университет бітіріп келгендіктен, санаты да жоқ, жетістік-көрсеткіштері де жоқ, демек жалақысы төмен болады. Оларға қол жеткізуі үшін 5-10 жыл кетеді. Арман-мақсаты биік бүгінгі жастардың көбі бұған шыдамауы мүмкін. Егер әскерилер секілді педагогтерге де зейнеткерлікке ерте шығу мүмкіндігі берілгенде, бұл жастарды қызықтырудың қуатты құралы болар еді. Ұстаз еңбегі аса құнды», – дейді А.Миразова.
Білімді ұрпақ бақуатты болашақты түзеді. Мемлекеттің дамыған, бай, алдыңғы қатарлы болуы да соған байланысты. Ендеше келешектің іргетасын қалайтын мұғалімнің беделін арттыру, саланы ең білікті кадрлармен толықтыру – мемлекеттік маңызды іс.